Қазақстанда маусымдық жұқпалы аурулар ауыр өтіп жатқанына шағынғандар көп. Вирус жұқтырғандар қызу оңайшылықпен түспейтінін, құрғақ жөтел қысып жатқанын айтады. Денсаулық сақтау министрлігі вирустық инфекция жұқтырудың тіркелуі былтырғыдан төмен екенін мәлімдеді, бірақ дәрі-дәрмекке сұраныс артқанын растады, деп хабарлайды Азаттық.
Астана емханаларында адам әдеттегіден көп. Кезекте тұрған ата-аналар бірнеше күннен бері баласының қызуын түсіре алмай әлек болғанын айтады.
– Ұлым ауырды. Мектептен басы ауырып келді. Өне бойы ауыра бастады. Оған дейін құлап еді. Содан ауырсынып, басы шайқалды ма деп ойладық. Жәдел жәрдеммен емхана барғанда вирус екенін айтты. Қызу басталды. Бес күн бойы түспеді. Сосын екінші баламыз ауырды. Сосын үшіншісі. Бес күн бойы қызуы түспейді. Отбасымызбен бірге ауырып жатқалы үш апта болды. Антибиотек берді. Өте ауыр өтіп жатыр, – дейді науқастың анасы Дидар.
Эпидемиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 адамға жедел респираторлық вирустық инфекция жұққан. Бұл былтырға қарағанда 6 пайызға жоғары. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 074 жағдай анықталған. Тарап жатқан маусымдық вирустар ішінде Гонгконг тұмауы Н3N2 де бар.
– Лабораториялық бақылау барысында ЖРВИ мен тұмау белгілері бар науқастардан алынған 285 тест зерттелді. Оның 116-сы оң нәтиже көрсетті. Бұл – А H3N2 тұмау вирусы. Сондай-ақ алты Covid-19 жағдайы анықталды, – дейді Астананың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева
Гонконг вирусы Алматыда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында да анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі күз бен көктемдегі өтпелі кезеңде тұмау мен вирусқа шалдығатындар саны артатынын қалыпты жағдай деп отыр. Ресми дерек бойынша қазір елде милионнан аса адам жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан, 600-ден аса адам тұмаумен ауырып жатыр. Вирус балаларға ауыр тиіп жатыр.
– Биыл да балалар арасында респираторлық вирусты жұқпамен ауырған науқас балалардың қаралып жатқаны артып отыр. Ол рас. Бірақ қазан айында былтырмен салыстарғанда қатты өршу болған жоқ. Осы қараша айының басынан бастап қана науқас балалардың саны көбейіп, аурухананың қабылдау бөліміне келіп қаралып жатқандар көп. Дегенмен, өткен демалыста 550-ден астам бала келіп қаралды. Жұмыс күндері 300-350-ден асады. Дегенмен олардың барлығы ауруханаға жатқызылмайды. Ауруханаға олардың 20-25 пайызы жатады. Қалғандары қаралып, дәрігердің кеңесін алып, үй жағдайына емделуге кетеді, – деді №3 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Роза Өтегенова.
ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ
Вирус көбейген тұста дәрі-дәрмек іздегендер де көбейген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті вирусқа қарсы препараттардың түрі де, көлемі де жеткілікті екенін хабарлаған. Дегенмен жергілікті дәріханалар вирусқа қарсы дәрілер тапшылығы байқалып жатыр дейді. Фармацевтер фактіні растағанымен, камераға сөйлегісі келмеді. Азаттық микрофон ұсынған дәріхана қызметкерінің бірі жағдайды былай деп сипаттап отыр.
– Қараша айының бастапқы кезеңінен бастап вирустық препараттар өте көп сұрап жатыр. Кішкентай балалар, үлкен кісілер ауырып жатыр. Біздің дәріханамыз 24 сағат жұмыс жасайды, барынша көмектесіп жатырмыз. Міне вирусқа қарсы препараттардың көбі қоймаларда жоқ. Қоймада жоғын [баламаға] ауыстырып беріп жатырмыз, – дейді фармацевт Гүлмира Қиялбекова.
19 қараша күні үкімет отырысында эпидахуал жөнінде баяндама жасағанын айтқан денсаулық сақтау министрлігі Ақмарал Әлназарова вирусты инфекция жұқтырудың тіркелуі былтырғы маусымға қарағанда 20 пайызға төмен деді.
» басталғалы тұмаудың зертханалық расталған 590 жағдайы, оның ішінде А (H3N2) типінің 587 жағдайы (Қазақстанда 2001 жылдан бері тіркеліп келе жатқан Гонконг тұмауы деп аталады), А (H1N1) типінің 3 жағдайы тіркеліп отыр. Қазақстан аумағында бұрын айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ» деді министр Instagram желісіндегі парақшасында.
Министрдің сөзінше, «қауіп-қатер тобына жататын 2,1 млн адамға бюджет есебінен тұмауға қарсы екпе» салынған. Ол бұл екпе А тұмауының (H3N2) штаммдарынан қорғайтынын айтады.
ГОНКОНГ ТҰМАУЫ ҚАНДАЙ ВИРУС?
Тұмаудың негізгі төрт типі бар: А, В, С, D. Оның ішінде ең көп тарайтыны – A және В вирусы. Гонконг тұмауы – А вирусының бір штамы. Нақтырақ айтқанда – H3N2 вирусы.
Негізгі симптомдары – дене қызуының 39°C-тан жоғары болады, құрғақ жөтел, бас ауырады, мұрын бітеледі.
Вирус алғаш рет 1968 жылы Гонгконгте тіркелген. 2-3 апта ішінде Гонгконгте 500 мың адам вирус жұқтырып, көрші Сингапур, Малайзия, Тайвань, Филиппин аралдарына тараған. Инфекция басқа құрлықтарға да жетіп, 1969 жылы жағдай пандемияға ұласқан. Вирусты 65 жастан асқан қарт адамдарға ауыр өткерген. Ахуалды нақты көрсететін статистика жоқ. Екі жылда Гонгконг тұмауынан 1 миллионнан 4 миллионға дейін адам қайтыс болғаны туралы дерек бар.
Ғалымдар H3N2 вирусына қарсы вакцинаны 4 ай ішінде жасап шыққан. Қазір тарап жатқан Гонгконг вирусы 1968 жылы тараған инфекциямен бірдей емес. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде вирус бірнеше рет өзгеріп, мутацияға ұшыраған. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын H3N2 вирусының таралып жатқан штаммына қарай вакцина әзірлейді. Тұмаудың қай типі болса да өзгеріске ұшырайтындықтан, әр жылы вакцина да соған қарай бейімделіп жасалады.
ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ ТАРАУЫ
Қарашаның алғашқы аптасында Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы университет, мектеп, балабақшаларда қызылша жұқтырған 93 жағдай тіркелгенін хабарлаған.
Дәрігерлер қызылша инфекциясы өте жұқпалы екенін ескертеді. Оның тарауына ұжымдық иммунитеттің жоқтығы себеп. Қазақстанда 2025 жылы 20 мың адам екпеден ресми түрде бас тартқан. Мемлекеттік бас санитар дәрігер бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,8 есе көп дейді. 8 жыл бұрын екпеден өз еркімен бас тартқандар саны 5300 болған.
Medsupport ұйымының заңгері Ақмарал Тұрсынова 1 жасқа дейін қызылшамен ауырған 400 адамның бірі кейін панэнцефалит ауруына шалдығады. Мұндай ауруға шалдыққан адамның миі біртіндеп өле бастайды. Ол бұл ауруды тек ұжымдық иммунитет арқылы ғана жеңуге болатынын айтады.
– Біз бір жасқа толмаған балаларды қорғай алмай отырмыз. Қызылша – өте қатты тарайтын ауру. Мысалы бір дәлізде немесе бөлмеде қызылшамен ауырған адам немесе бала бір минут болса, сол жерде қызылша инвекциясы екі сағатқа дейін сақталады. Сондай-ақ қызылша желдеткіш жүйесі арқылы да тарайды. Демек, бір бала ауырса, қызылшаны бір кіреберістегі (подъезд) балалардың бәрі жұқтырады, – дейді ол.
