Aqtobe Day Isker Tilshi

Ақтөбелік өнім экспортқа жол тартты: Керамика зауытының қуаты қандай?

Ақтөбедегі индустриалды аймақта орналасқан ірі кәсіпорын құрылыс материалдары нарығына тың серпіліс әкелді. Жалпы аумағы 15 гектарды алып жатқан зауыт жылына 5 миллион шаршы метр керамогранит пен қыш плиталарын өндіруге қауқарлы, деп хабарлайды Isker Tilshi.

Бұл жоба тек аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі маңызға ие болып отыр. Зауыт директорының орынбасары Ағаділ Жұмаділдің айтуынша, кәсіпорынның өндірістік қуаты Батыс Қазақстан өңірінің құрылыс материалдарына деген сұранысын толық қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, отандық өнімнің экспорттық географиясы да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда ақтөбелік керамика Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан нарықтарына жөнелтіліп жатыр.

Өндіріс ошағының басты ерекшелігі – озық технологиясында. Процесс толығымен автоматтандырылған және италиялық әлемге әйгілі SACMI компаниясының жоғары технологиялық жабдықтарымен жарақталған. Бұл өнімнің сапасы халықаралық стандарттарға сай болуына және өндірістік тиімділікті еселеуге мүмкіндік береді.

Ауқымды жобаны жүзеге асыруға жалпы 9,2 млрд теңге инвестиция құйылған. Зауыт мемлекеттік қолдау шараларынан да тыс қалмады. Атап айтқанда, өндірістік желіге қажетті қымбат жабдықтарды сатып алу үшін «Өндірісті дамыту қоры» АҚ арқылы 7,5 млн еуро көлемінде жеңілдетілген несие берілген.

Бұл жоба – импортты алмастыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  «Желіде танысқан қыз жалдамалы пәтерге шақырған»: Ақтөбеде бопсалаушылар ұсталды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *