Медиа

«Orda» басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды

Фото: YouTube.com/@ORDA News

Алматы полициясы «Orda» басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты бір мезетте бірнеше қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары аясында тінту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды KazTAG агенттігі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттіктің ресми сауалына берген жауабында бұл ақпаратты растады.

«Келіп түскен арыздар бойынша Алматы қалалық ПД «О» ресурсының бас редакторы, азаматша Б-ға қатысты көринеу жалған ақпаратты бірнеше рет және қасақана тарату дерегі бойынша қылмыстық істер қозғады», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері дүйсенбі күні.

Полицияның хабарлауынша, қазіргі таңда арызданушылардың келтірген уәждеріне мұқият тексеру жүргізіліп жатыр.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы жарияланған мақалалардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алу үстінде ұсталғаны туралы жалған ақпарат таратылған.

«Алайда бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны нақты анықталды. Осылайша, азаматша Б-ның іс-әрекеті қоғамда аталған қызметкердің кәсіби қызметі туралы теріс пікір қалыптастырып, оның іскерлік беделіне нұқсан келтірген. Ал екінші бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты шығын көлемі мен себептері туралы бұрмаланған әрі шындыққа сәйкес келмейтін деректер келтірілген. Бұл қоғамды шатастырып, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян тигізді», — деп түсіндірді тәртіп сақшылары.

Сонымен қатар, полиция жауабында өткен жылдардағы жарияланымдарға қатысты басқа да жәбірленушілердің арыздары бойынша тергеу жүріп жатқаны айтылған. Ол материалдарда да жалған әрі қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкін екендігі хабарланды.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері белсенді фазада.

«Азаматша Б-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу амалдары жүргізілуде. Жарияланған көрінеу жалған ақпараттың дайындалу және орналастырылу мән-жайын анықтау, сондай-ақ олардың дереккөзін тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде. Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жай заң шеңберінде анықталатын болады», — деп қорытындылады полиция өкілдері.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады: онлайн платформалар туралы заңның алғашқы нәтижелеріне шолу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *