Украина Сыртқы істер министрлігі Киевтің әскери қимылдары Қазақстанға немесе басқа да үшінші тарапқа қауіп төндіруді көздемейтінін мәлімдеді. Бұл жауап Қазақстан тарапының Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жақын маңда болған шабуылға қатысты білдірген алаңдаушылығынан кейін жарияланды, деп хабарлайды Азаттық.
Ведомствоның 30 қарашада таратқан ресми хабарламасында Украинаның өз қорғаныс шараларына қатысты ұстанымы нақтыланған.
«Украинаның бірде-бір іс-әрекеті Қазақстанға немесе өзге үшінші елге қарсы бағытталмағанын қадап айтамыз. Біздің барлық күш-жігеріміз БҰҰ Жарғысының 51-бабында көрсетілген өзін-өзі қорғау құқығы аясында Ресейдің кең ауқымды басқыншылығына тойтарыс беруге арналған», – делінген мәлімдемеде.
Украина тарапы өз Қарулы күштерінің тек агрессордың әскери-өнеркәсіптік әлеуетін жүйелі түрде әлсіретуді мақсат ететінін алға тартты. Бұл қадамдар қарсыластың аумақтарды басып алу және бейбіт халықты қырып-жою әрекеттеріне тосқауыл қою үшін жасалуда.
Сонымен қатар, ресми Киев «Қара теңіз бен одан тыс аумақты тұрақсыздандырып отырған жалғыз фактор – Ресей агрессиясы» екенін баса айтты.
Мәлімдемеде Украина дипломаттары Қазақстанның назарын тағы бір маңызды жайтқа аударды: ресми Астана Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға, тұрғын үйлер мен энергетикалық жүйеге, соның ішінде АЭС қосалқы станцияларына жасаған соққыларын әлі күнге дейін ашық айыптаған жоқ.
«Күні кеше ғана Ресей 9 сағат бойы зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасап, салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапты және жараланды. Киев қаласы мен облыс тұрғындарының 600 мыңнан астамы жарықсыз қалды», – деп жазылған құжатта.
Украина СІМ барлық тарапты басқыншыны соғысты тезірек тоқтатуға мәжбүрлеу үшін күш біріктіруге шақырды.
Еске сала кетейік, 30 қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңындағы шабуылға байланысты Украинаға наразылық нотасын жолдаған болатын.
Анықтама: Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – Қазақстан, Ресей және әлемдік жетекші мұнай компаниялары қатысатын ірі халықаралық жоба. Ұзындығы 1,5 мың шақырымға созылатын құбыр арқылы негізінен Батыс Қазақстан мен Ресей мұнайы әлемдік нарыққа тасымалданады.
