Aqtobe Day Әлеумет

Жоғалған оқушы мен 27 жастағы жігіттің денесі өзеннен табылды

Фото. spb.bonodono.ru

Ақтөбеде 30 қараша күні жоғалып кеткен 10-сынып оқушысы мен 1998 жылы туған ер адам өлі күйінде табылды. Марқұмдардың денесін сүңгуірлер мен құтқарушылар өзеннен алып шықты, деп хабарлайды «Тілші».

Оқиғаның мән-жайына сүйенсек, жасөспірім 30 қараша күні сағат 12:30 шамасында моншада жұмыс істейтін досына қолғабыс ету үшін үйінен шығып кеткен. Алайда, кешкісін оралмаған соң, туыстары дабыл қағып, іздеу жұмыстарына еріктілер де қосылған еді.

Кейін полиция 112 қызметіне 16 жастағы оқушы мен 27 жастағы екі азаматтың жоғалғанын хабарлап, іздестіруге көмек сұраған.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің  мәліметінше, іздестіру-құтқару шараларына құтқарушылар, полиция, әскери қызметшілер, кинологиялық қызмет және арнайы техника жұмылдырылған.

«Кеше іздестіру барысында ТЖД сүңгуірлері жоғалған жасөспірімнің денесін тауып, судан алып шықты. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға тапсырылды», — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Ал бүгін құтқарушылар дронның көмегімен екінші азаматтың – 1998 жылы туған жігіттің денесін тапты. Ол өзен жағасынан 30 метр қашықтықта жатқан.

Облыстық Полиция департаменті оқиға орнынан табылған заттай дәлелдемелерге қатысты пікір білдірді.

«Өзен жағасынан жоғалғандардың ұялы телефондары табылды. Екі азаматтың денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда», — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Асылхан Әбдіжалелов, сату бөлімінің басшысы: “Мен ешкімге сатпаймын, халыққа қызмет көрсетемін”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *