Алматыда өткен «Байтақ» жасылдар партиясының V конференциясында ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну туралы шешім қабылданды. Бұл маңызды бастаманы партия төрағасы Азаматхан Әміртаев жариялады, деп хабарлайды «Тілші».
Партия өкілдері бұл қадамды Қазақстанның халықаралық беделін нығайту және еліміздің бітімгершілік саясатын жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі деп бағалайды.
Неліктен Олжас Сүлейменов?
Партияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада қоғам қайраткерінің әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлесі нақты дәлелдермен келтірілген.
«Бұл бастама – бүкіл ғұмырын тек Қазақстан үшін емес, күллі әлемдегі бейбітшілік жолындағы күреске арнаған тұлғаның еңбегін жоғары деңгейде мойындау. Олжас Сүлейменовтің тарихи рөлі, әсіресе әйгілі «Невада — Семей» қозғалысы Семей ядролық полигонының жабылуына шешуші ықпал етті», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Азаматхан Әміртаев ақынның бастамасы мен Қазақстанның халықаралық белсенділігі арқасында әлемнің түкпір-түкпіріндегі тағы төрт ірі полигонның, соның ішінде АҚШ-тағы Невада полигонының жабылғанын еске салды. Бұл – жаһандық қауіпсіздікке қосылған теңдессіз үлес.
«Бейбітшілік үнін әлемге жеткізген тұлға»
Жиын барысында партия төрағасы Олжас Сүлейменовтің тұлғалық қасиеттеріне ерекше тоқталды.
«Олжас Сүлейменов — қазақ халқының рухани тірегі ғана емес, бейбітшілік үнін әлемге жеткізген бірегей тұлға. Сондықтан оны Нобель сыйлығына ұсыну – тарихи әділдіктің көрінісі», — деп атап өтті А. Әміртаев.
Партия мүшелері бұл ұсыныс халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау табады деп сенеді.
«Невада-Семей» қозғалысы туралы анықтама
- Құрылған уақыты: 1989 жыл, 28 ақпан.
- Басшысы: Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.
- Ұраны: «Полигон жойылсын!», «Әлемде тыныштық болсын!».
Құрылу тарихы: 1989 жылы ақпанда Шаған өзені маңындағы жерасты жарылысынан соң радиациялық газдар сыртқа таралды. Осы оқиғадан кейін Олжас Сүлейменов теледидар арқылы халықты митингіге шақырды. 28 ақпанда Жазушылар одағының ғимаратында мыңдаған адам жиналып, қозғалыстың құрылғанын жариялады.
Неге «Невада-Семей»? Қозғалыс атауы екі ірі ядролық полигонды біріктірді: КСРО-дағы Семей және АҚШ-тағы Невада. Қазақстандықтар америкалық бейбітшілік жақтаушыларымен бірігіп, әлемдік деңгейде ядролық қаруға қарсы күрес жүргізді.
Қозғалыстың басты талаптары:
- Семей ядролық полигонын жабу.
- Семей өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету.
- Қазақстандағы басқа да құпия полигондардың жұмысын тоқтату.
Нақты нәтижелері:
- Сынақтар азайды: Қозғалыстың қысымымен 1989 жылы жоспарланған 18 жарылыстың 11-і тоқтатылды.
- Соңғы жарылыс: 1989 жылы 19 қазанда соңғы сынақ жасалды.
- Жеңіс күні: 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Семей полигоны ресми түрде жабылды.
- Әлемдік үлгі: Бұл – ядролық сынақты тоқтатуға қол жеткізген әлемдегі алғашқы халықтық қозғалыс.
