Aqtobe Day Әлеумет

Асхат Шахаров вокзалдарды жөндеу жұмысын қатаң сынға алды

Фото: баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарына көңілі толмады. Аппарат жиынында аймақ басшысы жауаптыларды сынға алып, құрылысты жеделдетуді талап етті, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Өңір басшысы вокзалдардың аймақ айнасы екенін еске салды. Инвесторлар мен шетелдік қонақтардың облыс туралы алғашқы әсері дәл осы нысандардан қалыптасады. Сол себепті жұмыстың мерзімі ғана емес, сапасы да сын көтеруі тиіс.

6,7 млрд теңге және 7 вокзал

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Вокзал шаруашылығын модернизациялау дирекциясының Батыс өңірлік филиалының басшысы Дәурен Нұрмағанбетовтың айтуынша, қазіргі таңда 7 теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұл жобаға 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген.

Алайда, жұмыс барысы көңіл көншітпейді. Филиал басшысы егер қарқынды арттырмаса, кейбір нысандарды белгіленген мерзімде тапсырмай қалу қаупі бар екенін жасырмады. Ол құжаттарды рәсімдеуді жылдамдату және қаржыландыруды тұрақты ету қажет екенін алға тартты.

«Премьер-Министрдің тапсырмасы орындалуы керек»

Облыс әкімі мердігерлер мен жауапты тұлғалардың сылбыр қимылын сынға алды.

«Премьер-Министр бұл жобаларды жыл соңына дейін толық аяқтауды нақты тапсырды. Соған қарамастан, жұмыс қарқыны бәсең, көрсеткіштерге сай емес. Бірқатар нысанда жоспарлау мен ұйымдастыру жағы ақсап тұр», – деді Асхат Шахаров.

Дәурен Нұрмағанбетовтің айтуынша, жұмыстарды уақытылы орындау үшін құжаттарды келісуді жеделдету, тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету, нысандардағы күнделікті бақылауды күшейту және мердігерлердің кестені сақтау жауапкершілігін арттыру қажет. Жұмыстар жалғасып жатыр және осы мәселелер дер кезінде шешілсе, жеті вокзалдың бәрінде жоспарланған мерзімде аяқтау мүмкін.

Баяндаманы тыңдаған Асхат Шахаров «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан жұмысты күшейтіп, бақылауды қатаңдатуды және мердігерлерге қойылатын талаптарды жоғарылатуды тапсырды.

«Жұмыстар кестеге сәйкес, қатаң, сапасы төмендетілмей атқарылуы тиіс. Әрбір нысанға күнделікті бақылау болуы керек, ал мердігерлер мерзіммен сапаны сақтау үшін толық жауапты. Мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын жолға қойып, жобалардың орындалуына жүйелі талқылау қажет. Барлық жауапты органдарға жұмысты қайта бөліп, бақылау мен тәртіпті күшейтуді, сондай-ақ Үкімет тапсырмаларының сөзсіз және уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Депутаттық бақылауға да ерекше назар аудару қажет», – деді өңір басшысы.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде мектеп оқушысының өліміне қатысты 3 іс қозғалып, 2 күдікті қамауға алынды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *