Ақтөбе облысының сүт өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Мәртөк ауданындағы «Айс» компаниясы Даниядан арнайы әуе рейсімен 495 бас голштин-фриз тұқымды сиыр алдырды, деп хабарлайды Isker Tilshi.
Қазіргі таңда шетелден келген ірі қара карантиндік бақылаудан өтіп жатыр. Бұл қадам – Мемлекет басшысының агроөнеркәсіпті дамыту тапсырмасы аясында жүзеге асқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл мал басы жаңадан салынған 800 орындық заманауи сүт-тауарлы ферманы толықтырады. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі шамамен 5,6 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру көздері:
- 3,25 млрд теңге — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бөлді;
- 2,33 млрд теңге — екінші деңгейлі банктер және компанияның өз қаражаты.
Бұл қаражат ферманы кеңейтудің бірінші кезеңіне жұмсалды.
Жаңа кешенге соңғы үлгідегі сауу қондырғылары орнатылды. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, шаруашылық 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орнын ашты.
«Айс» ЖШС – өңірдегі тәжірибелі кәсіпорындардың бірі. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ферманың көрсеткіштері мынадай:
- Жалпы мал басы — 3450 бас;
- Сауын сиырлар — 1000-нан астам;
- Тәуліктік сүт өндірісі — 37,8 тонна;
- Бір сиырдың орташа өнімділігі — 36,6 литр.
Мал азығын дайындау мәселесін де компания өз мойнына алған. Биыл диқандар 2690 гектар алқапқа жүгері, арпа, қара бидай және басқа да мал азықтық дақылдарды екті.
Кәсіпорын басшылығы асылтұқымды малдың келуі облыстағы сүт өндірісін еселеп, халықты сапалы әрі табиғи өніммен қамтуға мүмкіндік береді деп сендірді.
