Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовпен бір күн
Ақтөбеден шамамен 100 шақырым қашықтықта жатқан Хромтау ауданында жасандылық пен пафос байқалмайды. Аудан бірқалыпты дамып келеді. Ақтөбе мен Хромтау арасында салынып жатқан жолдың бір бөлігі қолданысқа берілген күні біз ауданға ат басын бұрдық. Аудан орталығының жолдарын көрдік, саябақтар мен аллеяларды жүріп өттік. Мәдениет және спорт орталығының жұмысын көрдік. Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовпен бір күн бірге жүріп, негізгі нысандарды араладық және қаланың қалай үнсіз, бірақ жүйелі түрде өзгеріп жатқанына куә болдық.

Жел — энергия мен өсудің символы
Қаладан тысқары шыққанда жаңа жел электр станциясына апаратын тегіс жолмен жүрдік. Дала төсінде қатар түзеп тұрған турбиналар баяу айналып тұр.
«Бұл — 150 МВт қуат, инвестиция көлемі 75 миллиард теңге. Биыл станция толық іске қосылды», — дейді әкім.

Бұл жоба тек энергетикалық нысан ғана емес. Ол Хромтаудың ірі инвестициялық жобаларды қабылдауға дайын екенін көрсетеді. Ұзындығы 14 шақырым болатын станцияға апаратын жол инвесторлардың өз қаражатына салынған. Бұл бюджеттің қаржысы емес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі.
«Мұнда жұмыс істейтін бизнес қаланың дамуына үлес қосуы тиіс. Бұл — қазіргі Хромтау үшін қалыпты тәжірибе», — деп түсіндіреді Нұрхан Тілеумұратов.
Қызылсу: шағын ауыл, үлкен өзгерістер
Келесі аялдама — Қызылсу ауылы. Халқы небәрі 350 адам шамасында. Бірақ соңғы өзгерістер айтарлықтай. Соңғы екі жарым жылда ауылға шамамен 2,5 миллиард теңге инвестиция салынған: мектеп пен Мәдениет үйі қалпына келтірілді, ішкі жолдар мен жарықтандыру жүйесі жасалды, кіреберіс жол мен көпір салынды. Балалар және ойын алаңдары, медициналық пункт пайда болды, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.

«2023 жылы ауданға басшы болып келгенімде сұрақ көп еді. Қазір облыс әкімі келгенде де сұрақ туындамайды. Бұл — ең жақсы көрсеткіш», — дейді әкім.
Қызылсу — даму тек аудан орталығымен шектелмейтінінің айқын мысалы.
«Әр ауыл маңызды. Әр нүкте билік жұмысының нәтижесін сезінуі керек», — дейді Нұрхан Тілеумұратов.
Аллеялар мен саябақтар – урбанистикаға қадам
Қалаға оралған соң жаңартылған аллеялар мен саябақтарға тоқтадық. Кешкі уақытта мұнда өмір қыза түседі: отбасылар серуендейді, жастар мен ересектер жүгіреді, балалар самокат пен велосипед тебеді.

«Саябақтар мен аллеялар — жай ғана абаттандыру емес, бұл адамдар бос уақытын өткізетін орын», — дейді әкім.
Саябақтарды абаттандыруға кәсіпкерлер де қатысып жатыр. Жарықтандыру жұмыстарына араласты, көгалдандыруға атсалысты, шағын сәулет нысандарын тұрғызды.
«Бұл — пиар емес, серіктестік. Қалада жұмыс істейтін бизнес оның дамуына үлес қосуы тиіс», — деп атап өтті Тілеумұратов.
Марафон және жүгіру қауымдастықтары
Хромтауда жүгіру инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде. Қалада жүгіру маршруттары қалыптасып, марафондар ұйымдастырыла бастады.

«Адамдар таңертең және кешке жүгіруге шығады, жүгіру қауымдастықтары құрылып жатыр. Марафондар Хромтаудан бөлек, көрші елді мекендерден де қатысушыларды тартады», — дейді әкім.
Аудан басшысы жүгіру тек спорт емес, өмір салты екенін де атап өтті.
«Егер адам диванның орнына кешкі жүгіруді таңдаса, бұл қалада салауатты өмір салтын ұстанатын ортаның дамығанының белгісі», — дейді Нұрхан Тілеумұратов.
Мәдениет үйі — шығармашылық өмірдің жүрегі
Жаңартылған Мәдениет үйі бірден көзге түседі. Жарық фойе, заманауи дизайн, кең сахна, жаңа репетициялық бөлмелер. Мұнда күн сайын қайнаған жұмыс сезіледі. Дайындық, репетиция, іс-шараларды талқылау секілді көзге көрінбейтін жұмыстар жүріп жатыр.

«Ең бастысы — ғимараттың мақсатты жұмыс істеуі. Қазір Мәдениет үйінде күнделікті шаралар ұйымдастырылып келеді», — дейді әкім.
Ауданның мәдениет саласында шамамен 75 маман еңбек етеді. Вокалдық және би ұжымдары, жастар ансамбльдері бар. Тіпті танымал әртістер қатысатын концерттерде де сахнаны алдымен жергілікті өнерпаздар ашады.
«Өз өнерпаздарымызды көріп, бағалау маңызды», — деп түсіндіреді Тілеумұратов.
Спорт — қаланың кешкі ырғағы
Спорт кешенінде қозғалыс пен қарбалас. Волейбол, футзал, жекпе-жек, үлкен экранда ойындарды талдау. Командалар жаттығып, жарыстарға дайындалуда.

«Моносалалы қала үшін спорт — тек дене дайындығы емес, бұл қаланың өмір ырғағы. Жастар үшін көшеге балама», — дейді әкім.
Бүгінгі Хромтауда өзгерістер барлық салада сезіледі. Аллеяларда, жүгіру жолдарында, спорт залдарында, Мәдениет үйінің сахнасында, ауылдарда өзгерістер бар. Ең бастысы, бұл өзгерістер қағаз жүзінде емес, іс жүзінде, халықтың көз алдында болып жатыр.
«Тілші»

