Aqtobe Day Әлеумет

Жемқорлардан қайтқан қаржының игілігі: Мұғалжарда су жаңа емхана ашылды

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында қуанышты жағдай. Жарық ауылының тұрғындары енді заманауи медициналық пунктте ем қабылдайды. Бұл – заңсыз активтерді мемлекетке қайтару есебінен бой көтерген өңірдегі тоғызыншы нысан, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Бұл әлеуметтік нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Құрылысқа және ғимаратты соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге арнайы қордан 137 миллион теңге бөлінді. Жаңа нысан Жарық ауылындағы 556 тұрғынға сапалы қызмет көрсетеді.

Бұған дейін ауыл халқы тозығы жеткен, ескі ғимаратта емделіп келген еді. Тұрғындар қарапайым екпе алу немесе дәрігерге қаралу үшін көрші Ақкемер ауылына немесе аудан орталығы Қандыағаш қаласына сабылатын.

«Енді ауылдың өзінде ем алуға мүмкіндік туды. Ғимарат жылы, жарық, барлық қажетті аппаратурамен жабдықталған», – деп қуанышымен бөлісті ауыл тұрғыны Бақтыбай Қарабалин.

Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың айтуынша, бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Жоспар бойынша, 2023–2026 жылдар аралығында өңірде барлығы 29 медициналық нысан бой көтеруі тиіс. Биылдың өзінде 11 нысанды тапсыру міндеттелсе, бүгінде соның тоғызы халық игілігіне берілді. Қалған екеуі жыл соңына дейін жұмысын бастайды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде абысындар арасында төбелес шығып, екеуі де сот алдында жауап берді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *