Экономика

Смайылов Даму банкінің жұмысын қатты сынға алды

Фото: kursiv.media

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс мінберінен ащы шындықты айтты. Оның пікірінше, Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) әлі күнге дейін қарапайым кәсіпкерлерге емес, тек «таңдаулыларға» қызмет көрсетеді, деп хабарлайды «Тілші» Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Бүгін палата басшысы депутаттарға бизнесті қолдау шараларының тиімділігі туралы есеп берді. Смайыловтың сөзінше, мемлекеттік қолдау жүйесі бытыраңқы, ал операторлар өз ережелерін орнатып алған.

«Тамыр-таныстық» және теңсіздік

Бас аудитор қаржы институттарының ашықтықты жоғалтқанын жасырмады. Операторлар кәсіпкерлерге тең мүмкіндік бермейді. Смайыловтың дерегінше, кейбір «пысық» кәсіпкерлер өтінім қабылдау туралы алдын ала біліп отырған. Ал қаржыландырылатын жобалар қызметкерлердің жеке байланыстары, яғни «тамыр-таныстық» арқылы таңдалған. Нәтижесінде біреулерге толық қолдау көрсетіліп, көрмелер мен бизнес-жоспарларға дейін дайындап берсе, қарапайым кәсіпкерлер тек құрғақ кеңес алумен шектелген. Тіпті несие рейтингі төмен компаниялардың өзі «арнайы» қолдауға ие болған жағдайлар кездеседі.

Мемлекеттен ақша алып, қалтасын толтырғандар

Жиында тағы бір сорақылықтың беті ашылды. Мемлекеттен көмек алған кейбір компаниялар тапқан табысын дамуға емес, құрылтайшыларына дивиденд төлеуге жұмсаған. Тіпті дивиденд көлемі мемлекеттік қолдау сомасынан асып түскен жағдайлар бар екені белгілі болды. Бұдан бөлек, қаржыны игерудегі шабандық та сынға алынды. Үкіметтің шұғыл жағдайларға арналған резервтік қаржысының өзі діттеген жеріне бес айға дейін кешігіп жеткен.

Президент тапсырмасы орындалмады ма?

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚДБ-ны «белгілі бір адамдар тобының жеке банкіне айналды» деп қатаң сынаған еді. Президент ірі қаржы-өнеркәсіптік топтардың үлкен кабинеттерге кіріп, артықшылықтарға ие болатынын, ал мемлекет ресурстары шағын және орта бизнеске жетпей жатқанын ашық айтқан болатын. Алайда Смайыловтың бүгінгі есебі сол ескі жүйенің әлі де жұмыс істеп тұрғанын, банктің «таңдаулыларға» қызмет етуді тоқтатпағанын көрсетті.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Бизнес Актобе обеспокоен необоснованными выставлениями уведомлений о присвоении высокой степени риска

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *