Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбеде «Qymyz shop» есірткі желісі жойылды: Олар 50 миллион теңге пайда тапқан

Фото: DKNews.kz

Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары мен полиция қызметкерлері бүкіл елді улаған ірі қылмыстық топтың жолын кесті. «Qymyz shop» деп аталатын интернет-дүкен арқылы психотроптық заттар саудалаған топ енді сот алдында жауап береді, деп хабарлайды «Тілші».

Тергеушілер қылмыстық топтың ауқымды схемасын әшкереледі. Дүкеннің жалпы қаржы айналымы 50 миллион теңгеден асқан. Сауда толығымен «Telegram» мессенджері арқылы «байланыссыз» тәсілмен жүрген. Ал ақша ағымын жасыру үшін қылмыскерлер «дропперлердің», яғни бөгде адамдардың банк карталарын пайдаланған.

Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласының аумағынан алты күдіктіні анықтап, құрықтады. Тінту барысында олардан сатуға дайындалған 10 келіден астам психотроптық зат тәркіленді. Арнайы прокурорлар мен полицияның бірлескен әрекеті нәтижесінде бұл интернет-дүкеннің жұмысы толықтай тоқтатылды.

Қазіргі таңда ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша айып тағылды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, есірткі сақтағаны мен тасымалдағаны және оны заңсыз жарнамалағаны үшін жауап береді. Прокурорлар тергеуді аяқтап, қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жолдады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында жаңа басшы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *