Енді «Ақтөбе — Маңғыстау» бағытындағы жолаушыларды ескі емес, отандық өндірістен шыққан су жаңа вагондар тасымалдайды, деп хабарлайды «Тілші» Көлік министрлігіне сілтеп.
Бұған дейін халық аталған бағытта қатынайтын пойыздардың техникалық жағдайына жиі наразылық білдіретін. Осы уақытқа дейін бұл бағытта «Otpan Logistik» жеке компаниясы қызмет көрсетіп келген еді. Алайда тасымалдаушы вагондарды жаңарту жөніндегі міндеттемесін орындамады. Министрлік халықтың арыз-шағымын ескере отырып, компаниямен жасалған келісімшартты бұзды. Қазір тасымалды Ұлттық тасымалдаушы — «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы өз қолына алды.
«Пойыз отандық өндірісте шығарылған жаңа жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етілген. Пойыз құрамында 5 купе және 6 плацкарт вагоны бар. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылығы 400-ден астам жолаушыны құрайды. Вагондар қауіпсіздік және жайлылық бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Купе вагондары эргономикалық орындармен, жеке жарықдиодты шамдармен, USB-порттармен және электр розеткаларымен жабдықталған», — делінген министрлік таратқан ресми хабарламада.
Ұлттық тасымалдаушы ерекше қажеттілігі бар жандарды да ұмыт қалдырмады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы купелер, мүгедектер арбасын қоятын орындар және жолсерікті шақыру түймесі қарастырылған. Көлік министрлігі алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы ескі вагондарды кезең-кезеңімен ауыстыру жұмысын жалғастырады.

