АҚШ әскерилері Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын тұтқындағалы бері 48 сағаттан астам уақыт өтті. Қазір ерлі-зайыптылар Нью-Йоркте қамауда отыр және жақын арада сот алдында жауап береді. Ал Каракаста билік тізгінін алған уақытша президент Вашингтонды бейбітшілікке шақырды, деп хабарлайды «Тілші» BBC-ге сілтеп.
Оқиғалар өте жылдам өрбіп жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың мұнай инфрақұрылымын бақылауға алатынын мәлімдесе, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бұл әрекет соғыс емес екенін алға тартты.
Есірткі, қару және Нью-Йорк соты
АҚШ Бас прокуроры Пэм Бонди Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске тағылған айыптарды жариялады. Олар «есірткі терроризмі», «кокаин импорты» және «АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жойқын құрылғыларды қолдануға сөз байласу» баптары бойынша айыпталуда. Дональд Трамп бұл айыптарды растап, Мадуроны «заңсыз диктатор» деп атады. Ақ үй басшысының айтуынша, ол шабуылдан бір апта бұрын Мадуродан берілуді сұраған. Енді экс-президент пен оның әйелі, прокурордың сөзінше, «Америка топырағында америкалық соттың қаһарына ұшырайды». Сот тыңдалымы бүгін өтуі мүмкін.
Делси Родригестің ұсынысы
Мадуроның бұрынғы орынбасары, қазіргі уақытша президент Делси Родригес АҚШ үкіметіне ынтымақтастық орнату туралы ұсыныс жасады.
«Президент Дональд Трамп, біздің халықтарымыз соғысқа емес, бейбітшілік пен диалогқа лайық», – деді ол өз мәлімдемесінде.
Родригес халықаралық құқық аясында жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Дегенмен, жағдай күрделі. Трамптың сөзінше, Родригес АҚШ не сұраса, соны істеуге дайын. Ал Родригес көпшілік алдында Венесуэланың «империя отары» болмайтынын кесіп айтқан еді.
Қытайдың ашуы және америкалықтардың пікірі
Бейжің АҚШ-тың әрекетін қатаң сынға алды. Қытай билігі мұны «гегемондық әрекет» және халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалады. Олар Вашингтонның басқа елдердің егемендігіне қол сұғуын тоқтатуды талап етті. Сарапшылардың пікірінше, Қытай бұл жағдайды Тайвань мәселесіндегі қауіпті прецедент ретінде қарастыруы мүмкін.
Ал саяси кеңесші Фрэнк Лунтцтың айтуынша, АҚШ халқы Трамптың есірткіге қарсы қадамдарын қолдайды. Америкалықтар елге есірткінің келуіне қарсы, бірақ олар Венесуэла жерінде нақты соғыс болғанын қаламайды.

