Ұлттық статистика бюросы еліміздегі демографиялық ахуалдың соңғы мәліметін жариялады. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 478 879 адамға жетті. Жыл басынан бері республика тұрғындарының қатары 195 мыңнан астам адамға толықты, деп хабарлайды «Тілші».
Статистикалық деректер елдегі урбанизацияның қарқынды жүріп жатқанын және ішкі миграцияның бағытын айқын көрсетіп отыр.
Елордадағы демографиялық дүмпу
Халық санының өсуі бойынша Астана қаласы абсолютті рекорд орнатты. Жыл басынан бері бас қалаға 101 937 адам қосылып, елордалықтардың жалпы саны 1,63 миллионнан асты. Бұл өсімнің басым бөлігін, яғни 83 мыңнан астамын көшіп келушілер құрап отыр. Алматы қаласы да қалыс қалмады, мегаполис тұрғындары 52 мың адамға көбейіп, жалпы саны 2,34 миллионға жетті. Шымкент қаласы да 34 мың адамға өсіп, тұрақты даму үстінде.
Солтүстік пен Шығыс сиреп барады
Кейбір өңірлерде жағдай мүлдем басқаша. Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында халық санының азаюы байқалады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы 7 мыңнан астам тұрғынынан айырылса, Абай облысында бұл көрсеткіш 6,8 мың адамды құрады. Қызықты жағдай Түркістан облысында қалыптасты: мұнда табиғи өсім жоғары болғанымен (34 мың бала туған), халықтың жаппай көшуі салдарынан (-39 мың адам) жалпы тұрғындар саны 5 мыңға азайған.
Ауылдан қалаға жаппай қашу
Статистика урбанизация процесінің тоқтаусыз жүріп жатқанын дәлелдейді. 11 айдың ішінде қала тұрғындарының саны 239 949 адамға көбейген. Ал ауыл халқы керісінше 44 469 адамға кеміді. Бұл үрдіс әсіресе Жамбыл, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында қатты байқалады.

