Әлеумет

«Хакер емес, алаяқ»: Атыраудағы жоғалған отбасының ісіне киліккен адам іздеуде жүр

Фото: полиция баспасөз қызметі

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасының ісі қоғамда үлкен дау туғызды. Әлеуметтік желіде өзін «хакермін» деп таныстырып, қылмысты жеке дара ашқанын мәлімдеген азаматтың сөзі жалған болып шықты. Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарып, интернет батырының шын мәнінде кім екенін айтты, деп хабарлайды «Тілші» tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Желіде тараған видеода белгісіз біреу ашық дереккөздер мен SIM-карталарды талдау арқылы жоғалғандардың ізін тапқанын жариялаған еді. Алайда шындық мүлдем басқаша болып шықты.

Ұрланған ақпарат

Өзін хакер деп атаған азамат күдіктінің ізіне түскенін айтып мақтанды. Оның болжамы бойынша, қылмысқа отбасының күйеубаласы қатысты болуы мүмкін. «Хакер» күдіктінің қараша айында Түркияға барып келгенін, кейін Шымкент вокзалында жүргенін және соңында Индонезияға қашып кеткенін тізбектеп берді. Ол бұл деректерді мемлекеттік жүйеге кірмей-ақ, өз бетінше таптым деп сендірді. Көптеген желі қолданушылары оның сөзіне сеніп қалды.

Алайда полиция департаменті бұл азаматтың ешқандай жаңалық ашпағанын мәлімдеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, «хакер» таратқан мәліметтердің барлығын полиция қызметкерлері осыған дейін заңды жолмен анықтап қойған. Ол жай ғана дайын ресми бағыттаманы (ориентировка) көшіріп алып, көпшілікке өз еңбегі ретінде ұсынған.

Батыр емес, қылмыскер

Полиция департаменті жалған ақпарат таратқан адамның жеке басына қатысты қызықты деректерді жариялады. Сөйтсе, бұл «хакер» бұрыннан іздеуде жүрген алаяқ болып шықты. Оның үстінен алаяқтық фактісі бойынша төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда, ал күдікті заң аясында іздестірілуде. Полиция өкілдері халықты тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды және жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Қайғылы жағдай: Ата-анасы өлі табылды

Еске сала кетейік, Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында тұратын отбасы қараша айында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Олардың жоғалғаны туралы арыз полицияға 25 желтоқсанда түскен. Өкінішке қарай, іздеу жұмыстарының нәтижесінде 6 қаңтар күні ерлі-зайыптының денесі табылды. Полиция кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғады. Ал олардың 33 және 35 жастағы екі баласын іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде 16 жасында жүкті болған қыздың ісі бойынша полиция түсініктеме берді. "Не молчи" қоры дабыл қағуда

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *