Ақтөбе облысының полицейлері оқушылар мектепке оралған сәтте бақылауды күшейтті. Тәртіп сақшылары қысқы демалыстан кейінгі алғашқы күндері балалардың қауіпсіздігін жіті назарға алды, деп хабарлайды «Тілші».
Полиция қызметкерлері қазір мектеп маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және балалар көп жиналатын орындарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Облыс аумағында 3-7 қаңтар аралығында «Демалыс» жедел алдын алу шарасы өтті. Арнайы рейд барысында инспекторлар түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көше кезген 191 жасөспірімді анықтап, полиция бөлімшелеріне жеткізді. Тексеру кезінде олардың арасындағы 27 баланың бұған дейін де құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды, олар қайтадан жауапкершілікке тартылды.
Заң талабын елемегендер жазасыз қалмады. Тәртіп сақшылары балаларына ие бола алмаған ата-аналар мен заңды өкілдерге тиісті шара қолданды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта кіргізіп, ойын-сауық құрған бір мекеме иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

