Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы білікті журналист, өз ісінің нағыз шебері Дәулет Амангелдіұлы Ізтілеуовтің мезгілсіз дүниеден озғанын хабарлады.
Агенттік ұжымы әріптесінің қазасын күтпеген әрі ауыр жағдай деп қабылдады. Дәулет Амангелдіұлы ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін көз жұмды.
Қызметтестері Дәулетті жоғары білікті әрі жауапкершілігі мол журналист ретінде еске алады. Ол айналасына мейірімін төгіп жүретін, мінезі байсалды, жаны таза азамат еді. Кәсіби ортада ол өзінің бастамашыл қасиетімен, кез келген ортақ іске белсене араласатын еңбекқорлығымен ерекшеленді және әріптестерінің зор құрметіне ие болды.
Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.
Дәулет Амангелдіұлы 1984 жылы 31 шілдеде Қызылорда облысы Қазалы ауданының Абай ауылында дүниеге келді. Ол 2010 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2008 жылы Астана іргесіндегі Өмірлік негізгі мектебінде тарих және құқық пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейінірек, 2013-2016 жылдары елордадағы Қазақ-түрік лицейінде шәкірт тәрбиеледі. Ұстаздықтан кейін ғылымға ден қойып, екі жыл бойы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті.
Дәулет Ізтілеуов 2016 жылы медиа саласына біржола бет бұрды. Алғашында ол «Қазконтент» қоғамына қарасты «Қазақстан тарихы» порталында тілші болып, тарихи танымдық мақалалар жазды. Кейін «Елорда-Ақпарат» серіктестігінде журналистік қызметін жалғастырды. 2020 жылдың көктемінде ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінде біліктілігін шыңдады. Ал 2021 жылдың маусым айынан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Kazinform халықаралық агенттігінің Астанадағы орталық кеңсесінде тілші болып қызмет атқарды.

