Астанада ғаламтор арқылы оңай олжа таппақ болған 20 жастағы жігіт сот алдында жауап берді. Ол танымал Tinder қосымшасында өзін «Нұрай» деп таныстырып, аңғал азаматты алдап соққан, деп хабарлайды «Тілші» Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Жәбірленуші виртуалды сұлудың артында ер адам тұрғанын мүлдем сезбеген.
Қулыққа барған жас жігіт алдымен Tinder желісінде «Нұрай» деген қыздың атымен тіркелген. Артынша ол Telegram мессенджеріне сілтеме беріп, сол жақта мүлдем басқа бөгде қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан. «Нұрай» рөлін шебер сомдаған алаяқ жәбірленушімен хат жазысып, оның сеніміне кірген. Түрлі сылтау айтып, «кездесеміз» деген уәдемен одан жиі ақша сұрап отырған.
Ғашық болып қалған азамат күдіктенбестен ақша аудара берген. Ол небәрі 3 айға жетпейтін уақыт ішінде «сүйіктісінің» есепшотына 4 миллион теңгеден астам қаражат салған. Алайда уәде етілген кездесу сол күйі болмаған.
Сот жігітті ақпараттық жүйені пайдалану арқылы ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Алайда сотталушы өз ісіне шын жүректен өкініп, жәбірленушіге келтірілген шығынды толығымен өз еркімен қайтарып берді. Судья осы жағдайларды және оның бұрын сотталмағанын ескере отырып, жеңілдеу үкім шығарды. Нәтижесінде оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Енді ол пробациялық бақылауда болады.

