Биіктен секіру, аттан құлау, қара күштің иесіндей төбелесу, қылыштасып жараланғандай күй кешу — бұл Өркен Бақтығали үшін түсірілім алаңындағы қалыпты жұмыс. Ол — көрерменге көрінбейтін, бірақ киноның ең қауіпті сәттерін өз мойнына алған каскадер.
Өркен Бақтығали — Байғанин ауданы, Оймауыт ауылының тумасы. Өзі бала күнінен өнер, кино саласында жұмыс істеуді армандайды. Әлеуметтік желіден NOMAD каскадёрлер тобы жайлы көрген ол ұзақ ойланбай-ақ топтың құрамына қабылданамын деп шешім қабылдаған. Алайда каскадерлар тобына қабылдану үшін өзі 2-3 ай дайындалады. Тағы бір жыл сынақ мерзімінен өткен соң кәсіби тұрғыда каскадер атанады.

— Каскадер болу үшін жүрек керек. Қорқыныш болмайды десем, өтірік болар. Себебі топқа қабылдана сала түсірілім алаңына жібермейді. Каскадерларды физикалық, психологиялық дайындықтан өткізеді. Түсірілім алаңына барған соң мына жерден секіріп, құлау керек, осындай трюк жасаңыз деп түсіндіреді. Каскадерлар жылқының үстінде тұрып та шабады. Жылқыны құлатып, жылқыдан да құлайды. Қорқынышты ұмытамыз. Бойда адреналин күшейеді. Себебі бүтін бір команда демін ішіне тартып, каскадерларға сенім артып отырады, — дейді ол.
Өркен түрлі ірі жобаларда бақ сынаған. Соның ішінде «Томирис» киносында, «Кейкі мерген» телехикаясында, Германиялық Rammstein рок-тобының бейнеклипінде, «Пацанская история», «Ва-банк» кино жобаларында каскадер болып ойнады. Ол тек каскадер болумен шектеліп қалмай актер ретінде де киноға түскен. Алайда қанша жобада өнер көрсеткенімен экраннан каскадердың түрі көрінбейтіні белгілі.
— Каскадер үшін оңай трюк жоқ. Құздан құлайды, биіктен секіреді, аттан құлайды, тіпті үйір-үйір жылқы каскадерды таптап кетуі де мүмкін. Әсіресе, шабуылға қатысты сахнада қылыштасып, садақ ату кезінде жараланғандай болып, аттан құлауға тура келеді. Осындайда бір топ жылқының астында қаламыз, — деді Өркен.
Сәтсіз шығатын трюктар болады. Себебі каскадер жалғыз өзі бір трюкты орындамайтыны белгілі. Екі-үш каскадер бірігіп, трюк жасауы мүмкін. Біреуінің трюкы сәтсіз шықса, дубль қайталана береді. Тіпті каскадерлар жарақаттанып қалады. Мәселен, 9 рет қайталанған «Кейкі мерген» телехикаясының бір сахнасында Өркен иығын шығарып алған. Өзінің айтуынша, трюкты орындау кезінде жарақаттанып, саусақ, аяқ, қол сынып, бас жарылатын кездер болады.
— Көрермен білмейтін құпия… Ол – біз, яғни каскадерлар. Бізді ешкім көрмейді. Сондықтан біздікінің бәрі құпия, — дейді Өркен.
Кино көрінісіндегі 5 секундтық трюкты жасау үшін жылдар бойы дайындық керек. Жобада жасалатын трюк алдын-ала айтылады. Бұдан кейін каскадер апталап дайындалады. Тіпті ешқандай дайындықсыз баруы мүмкін. Себебі каскадерлар барлық трюкке дайын жүреді.
Өркен каскадер ретінде тапқан табысын құпия ретінде қалдырды. Өмірлерін қыл арқанға байлап, тәуекел еткен жандардың қомақты қаржы табатыны белгілі. Тіпті бір жобаға қатысып, төленген ақшаға көлік сатып алған.
— Кейде әлеуметтік желіге трюктарымның видеосын салып қоямын. Анам үнемі абай бол деп уайымдап жүреді. Жұбайыммен отау құрғаннан кейін каскадер болмаймын деп шештім. Қазір бау-бақша өнімдерін өсіріп, мал шаруашылығымен айналысып жүрмін. Жеке кәсіпті қолға алдым, — деп қорытындылады.
Аружан Смағұлова
арнайы TilshiNews үшін