Isker Tilshi

Ақпараттық дүрбелең: Kaspi тарифтері төңірегіндегі «фейк» пен шындық

Фото: time.kz

Желіде Kaspi Gold тарифтерінің күрт өсуі туралы ақпарат желдей есіп, бірнеше сағаттың ішінде ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Бұл жағдай тек бір банктің емес, бүкіл қоғамның ақпаратты тұтыну және заңдық құжаттарды оқу мәдениетін сынаққа алды. «Тілші» редакциясы бұл оқиғаның неден басталғанын және неге әкеп соққанын саралап көрді.

Қорқыныш тудырған цифрлардың астарында не жатыр?
Дүрбелеңнің басты себебі — банктің тарифтер туралы жаңартылған заңдық құжатындағы «10 000 теңге» және «5% комиссия» деген көрсеткіштер. Көптеген қолданушылар мен блогерлер бұл сандарды банктің бекіткен нақты бағасы деп қабылдап, оны БАҚ беттеріне шығарды. Алайда, банк өкілдері бұл цифрлардың тек ҚР заңнамасына сәйкес көрсетілуі тиіс шекті мәндер екенін мәлімдеді. Яғни, банк заң бойынша осындай сомаға дейін баға қоюға құқылы, бірақ іс жүзінде ол бағаны қолданбайды және тарифтерді бұрынғы деңгейде сақтап отыр.

Ұсынылған құжаттың 19-21 беттеріндегі тарифтер кестесінде расымен де «10 000 теңге» көрсеткіші бірнеше рет кездеседі. Атап айтқанда:

  • Kaspi Gold картасы: Екінші және одан кейінгі жылдардағы қызмет көрсету ақысы 2026 жылдың 31 наурызынан бастап 10 000 теңге деп көрсетілген.
  • Картаны қайта шығару: Клиенттің бастамасымен (жоғалту, бүліну) картаны алмастыру құны да 10 000 теңге деңгейінде белгіленген.
  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар: Олардың картасына қызмет көрсету ақысы 2026 жылдың 10 мамырынан бастап 10 000 теңге болып жазылған.
  • Балалар картасы: Kaspi Gold-тың балаларға арналған нұсқасын бұғаттау немесе қайта шығару үшін де осындай сома көрсетілген.

Екінші бағандағы «құтқарушы» деректер
Алайда, ақпаратты таратушылар кестенің көршілес бағанына назар аудармаған. Құжатта тарифтер екі бағанға бөлінген: бірінде «10 000 теңге» болса, екіншісінде «Банктің уәкілетті органы анықтайтын тариф» көрсетілген.

Дәл осы бағанда клиенттер үшін нақты бағалар сақталған:

  • Kaspi Gold-тың жылдық қызметі мен қайта шығарылуы бұрынғыша 1 995 теңге.
  • Балалар картасының жылдық қызметі мен оны бұғаттау/бұғаттаудан шығару — 0 теңге.
КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Sandyq Group Шымкенттегі атақты «Мадлен» кондитерлік желісін сатып алды

Банктің түсіндірмесі қаншалықты шындыққа жанасады?

Инстаграмдағы ресми жауабында банк желідегі ақпаратты «құжатты бұрыс түсіндіру» деп атады. Банктің айтуынша, 10 000 теңге — бұл заңнама бойынша белгіленген шекті мән.

Құжаттағы ескертпеде «Банктің уәкілетті органы комиссия мөлшеріне 100%-ға дейін жеңілдік бере алады» деп жазылған. Бұл банктің 10 000 теңгені заңдық база ретінде көрсетіп, іс жүзінде жеңілдік арқылы бағаны 1 995 теңге деңгейінде ұстап отырғанын растайды.

Ресми құжатта «10 000 теңге» деген цифр бар, бірақ ол банктің заңды түрде белгілей алатын ең жоғарғы шегі. Клиенттер үшін нақты төлем — көрші бағандағы 1 995 теңге немесе 0 теңге болып қала береді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамның екі астары бар. Біріншіден, бұл — заңгерлік сақтық. Банк 10 000 теңгені заңды шек ретінде бекітіп қою арқылы болашақта тарифті кез келген уақытта (мысалы, 3 000 немесе 5 000 теңгеге дейін) жаңа құжат дайындамай-ақ көтеруге мүмкіндік алды.

Екіншіден, бұл — стратегиялық «барлау» немесе халықтың реакциясын тексеру. Маркетингте кеңінен қолданылатын «зәкір» әдісі арқылы халықтың санасына 10 000 теңге деген үлкен цифр енгізілді. Осындай «шоктық» ақпараттан кейін банк тарифті ертең 2 500 теңгеге көтерсе, ол халыққа айтарлықтай қымбат болып көрінбейді. Сонымен қатар, банк бұл жағдайды өз беделін нығайту үшін де сәтті пайдаланды: «бізді дұрыс түсінбедіңіздер, біз клиенттерімізді ойлаймыз, бәрі бұрынғыша қалады» деген жауап халықтың сенімін арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *