Isker Tilshi отырысының кезекті қонағы Еркебұлан Аймұратұлы. Еркебұланның Ақтөбе облысының ішкі туризмімен айналыса бастағанына 3-4 жылдың шамасы. Одан ерте емес.
Әлемге тараған пандемия Еркебұланды да айналып өтпеді. Жас кәсіпкер де коронавирусқа шалдығады. Ауруханалар лық тол. Жедел жәрдем көлігі дер кезінде жетпейді.
Еркебұлан бұрын-соңды олай ауырмағанын айтады. Содан туған жері Байғанин ауданына барып, «пісіп» тұрған құмның үстімен жалаң аяқ жүріп қайту керек деп шешеді. Қасында — ауылдағы жолдас баласы.
Бір қызығы – айдаладағы ыстық құммен аз уақыт жүріп өткен ол тек сауығып кеткенін де байқамай қалған. Оның аңсары туған елдің сұлу табиғатын көрсету керек дегенге ауады.
Ішкі туризмді дамыту туралы ой сап етеді. Бастамасын өрбіту мақсатында өңірді әрі қарай зерттей бастайды.
Шекаралар жабық. Шетелге шығуға мүмкіндік жоқтың қасы. Осы сәтті ұтымды пайдалаған Еркебұлан дереу жергілікті турлар ұйымдастыра бастайды. Онсыз да ешқайда шыға алмай отырған жергілікті халық үшін бұл таптырмас ұсынысқа айналды. Байғанин ауданындағы алып ақ, бор тауларға аздап адам тасымалдайды.
Бір апарады, екі апарады. Тұрғындар тарапынан қызығушылық артып, Ақтөбе облысында сұлулығы Бозжыраға бергісіз, тіпті, кей параметрі әлдеқайда ауқымды Ақтолағай тауларына туристер ағыла бастайды.
Айта кету керек, жергілікті билік атқаруы тиіс үлкен істі қаршадай бала бір жазда айналдырып, өзге өңірлерге де таныта бастайды. Қазіргі таңда, тіпті, шетелден келетін туристерді апарып қайтып жүр.
Еркебұлан көп ойланбастан өз атына шағын туристік фирма тіркейді. Бүгінде қарамағында 31 адам қызмет етеді. Командада әлеуметтік желі маркетингіне, жарнамаға жауапты мамандар, сату менеджерлері, бірнеше гид бар.
«Алғашқыда тек Байғанин ауданына сапар ұйымдастырып келдік. Кейін Ақтөбе облысының өзге әдемі орындарын зерттеп, алғашқы туристерді апара бастадық. Бір жағы Мәртөк ауданы, екінші шеті Ойыл, Қобда аудандарына сұраныс артты. Қазіргі таңда Мұғалжар ауданының туристік нысандарын зерттеп жүрмін. Егер Ақтөбе – Қандыағаш бағытындағы авто жол толығымен жөнделсе, Мұғалжар ауданына туристік маршрут ұйымдастырғым келеді», — дейді Isker Tilshi ортасына келген Еркебұлан Аймұратұлы.
Жас кәсіпкер бүгінде отандық туризмді бір жолға қойып алып, алыс та жақын шет мемлекеттерге сапарлар ұйымдастыруды қолға ала бастады. Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Түркияға авторлық турлар басталып кетті. Алдағы уақытта Абу-Даби мен Дубайға туристер тасымалдамақ.
«Бізде турлардың барлығы авторлық сипатқа ие. Маршрутты өзіміз зерттейміз. Гидтерімізді даярлаймыз. Сапардың басынан аяғына дейін туристеріміздің жанында боламыз. Бұл бағыттардың барлығымен өзім алдын ала өтіп шығып, бүге-шігесіне дейін зерттеймін», — дейді кәсіпкер.
Еркебұланның компаниясы Four Tour деп аталады. Алайда, жергілікті халық «Еркоштың туры» деп біледі.
«Қазіргі таңда Алматы қаласынан филиалымызды аштық. Бірнеше гидіміз Алматы төңірегіндегі турларды қолға алып келеді. Өзім де былтыр күзде Алматыға қоныс аудардым», — дейді ол.
Әр туристік компанияның өз ерекшелігі болу керек дегенді алға тартқан Еркебұлан ел бойынша ұйымдастырып жүрген «Үлкен турын» мақтанышпен айтады.
«Еліміздің барлық-дерлік аумағын бірнеше күн бойы аралаймыз. Шынымды айтсам, маған ауқымды табыс әкеліп отырған да осы «Үлкен турларым». Басқалары қосымша кіріс көзі іспетті. Бір жаз мезгілінде 12 «Үлкен турға» шығамыз. Қысқасы 11 тәулік, ұзағы 18 күн», — деп атап өтті кәсіпкер.
Еркебұлан көршілес Ресей облыстарына ақпараттық турмен шығып жүргенін айтады. Мақсаты – сол жақтан да Ақтөбеге турист тарту. Проектор, 3D форматтағы нысандар, презентациялардың көмегімен Ақтөбенің туристік нысандары туралы ақпарат беріп қайтады. Нәтижесі көп күттірмеген.
Бүгінде айына кем дегенде бір рет Ресейдің жеті облысынан туристер келіп тұрады. Қазан, Астрахань, Орск, Самара, Омбы, Челябі тұрғындарын күтіп алып, шығарып алатын кездр болады.
Еркебұланның есебінше, Қытаймен визасыз қатынас да ішкі туризмнің дамуына үлесін қосуы мүмкін.
«Былтыр Алматыда Димаштың концерті болғанда, 200 турист Ақтөбеге келіп кетті. Олардың 130-ын біздің гидтер күтіп алды. Қалған 70-і өз жолымен жетті. Күтіп алдық, Димаштың балабақшасына, оқыған мектебіне, колледжіне апардық. Ақтөбенің әдемі жерлерін көрсеттік. Әншінің ұстазы Марат Әйтімовпен кездесу ұйымдастырдық. Қытайдан келген туристер караокеде бірге ән салды. Димаштың әндерін орындады», — деді Еркебұлан.
Қазіргі таңда өзге өңірлерден блогерлер тартып, жергілікті туризмді насихаттау жұмыстары жолға қойылып келеді. Ақтөбенің көрікті жерлерін көруге алыс та жақын қалалардан блогерлер келіп тұрады. Өзге өңірдің туристік операторлары мен агенттері де зерттеп кетеді.
«Ірі туроператорлар Ақтөбеден серіктес компания іздеп, бізге хабарласады. Батыс Қазақстан өңірінің қалаларына туристер болса, біздің фирма ұйымдастырып беріп жүр. Канададан, Катардан келіп, өз сұраныстарын айтады, біз тур ұйымдастыра қоямыз», — дейді Еркебұлан.
Isker Tilshi ортасы қатысушыларын Еркебұланның турларды қандай көлікпен ұйымдастыратыны қызықтырды.
Алыс қалалар мен шет мемлекеттерге туристерді ұшақпен тасымалдайды. Ал, жақын, ыңғайлы маршруттар болса, пойызбен, автокөлікпен жетуге болады екен. Ақтолағай секілді алыс, инфрақұрылымы жоқ өлкелерге жол талмағамайтын Джип секілді көліктермен қатынауға тура келеді.
«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен вагондар бөлу жөнінде ымыраға келгенбіз. Бірнеше вагон тауып беріп отырады. Рас, бүгінде жолақы шығындары қымбаттап барады. Ол туристік пакет құнына әсер етеді. Былтыр Ақтөбеден Алматыға 27 мың теңгеге ұшатын болсақ, биыл ең арзан билет 70 мың теңгеден жоғары», — дейді туроператор өкілі.
Түркия бағытына да ұшақ бағасы шарықтап барады.
Контент Isker Tilshi ортасының отырысынан ықшамдалып дайындалды
Be the first to comment on "Еркебұлан Аймұратұлы — авторлық тур, табысы мол туристік бағыттар, ішкі туризмді қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дамыту жөнінде"