Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова төлем қабілетін жоғалтқан банктердің қызметін реттейтін заң жобасы Парламентке қашан түсетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кейінгі бір жылда заңнамалық бастамалардың төлем қабілетін жоғалтқан банктердің жұмысын реттеу бағытында бастамалар пакетін әзірлеп жатырмыз. Яғни, егер банк төлем қабілеті жоқ деп танылса, оның жұмысын реттеудің нақты тетіктері болуы керек. Бұл сол банкке ақша салған салымшылардың мүддесін қорғау үшін керек. Қазір осы процедурадағы мемлекеттің, банк акицонерінің рөлі барынша нақты жазылып жатыр.
Бұған дейін банктерді құтқару үшін бюджет ақшасы пайдаланылып келгенін білесіздер. Акционерлердің жауапкершілігі толық бекітілмеген еді. Біздің міндет – банк арқалайтын шығынның бәрін бірінші кезекте акицонердің есебінен өтету. Яғни, заңда осы процедура айқын жазылады», – деді ол.
Агенттік басшысы мұндай банктерді мемлекет есебінен құтқару тетігі мүлдем алынып тасталмайтынын айтады.
«Егер мемлекеттен көмек көрсету керек деген шешім қабылданса, нақты қандай жағдайларда қолдау көрсетілетіні нақты жазылуы керек. Мысалы, ол жүйеқұраушы банк болса, акционер шығынды барынша өз есебінен жауып, қалған шығынды жабуға мемлекет қатысуы мүмкін деген сияқты. Бұл салымшылар мен мемлекеттің мүддесін барынша қорғау үшін керек. Біз тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін Парламентке енгізбекшіміз», – деді Мәдина Әбіласымова.
фото: inbusiness.kz
Be the first to comment on "Мәдина Әбілқасымова төлем қабілетін жоғалтқан банктерді құтқару қалай өзгеретінін түсіндірді"