Асхат Шахаров Еңбекші ауылына су, газ құбырын дер кезінде өткізбегендер ісі сотта қаралатынын жеткізді

Еңбекші ауылы – Темір ауданында «жағдайы тәуір» ауылдардың бірі. Жергілікті тұрғындар «жақсы өмір сүруге ауылда барлығы бар» дегенді алға тартады. Жұмыссыздық деген атымен жоқ көрінеді. «Тіпті, мал соярда бос жүрген жігіт таппай қаламыз» дейді осы ауылдан шыққан Сайын Боранқұл ақсақал.

Тек соңғы жылдары газ бен су құбырын жүргізуі тиіс мердігерлер Еңбекші ауылы тұрғындарын қатты әбігерге салғанға ұқсайды.

«Газ бен су құбырларын тарту жұмыстары созылып келеді. Жағдай айтып сонау Оразалинге де (Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі — ред.) бардық. Тоғжановқа да (бұрынғы облыс басшысы — ред.) кіріп шықтық. Ауылдың жағдайын үшінші, жаңа әкім — өзіңізге айтып отырмыз. Бірдеңе қылып шешіп беріңіз», — дейді ауыл тұрғындары облыстың жаңа әкімі Асхат Шахаровқа.

Осы ауылдан шыққан белсенді Сайын Боранқұл бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады. Дегенмен, туған ауылындағы мәселеге бір кісідей алаңдайтыны бар. «Шахаров Еңбекшіге барады» дегеннен асай-мүсейін арқалап, ауылына жетіпті.

«Ауылды жағалай қазып тастаған. Мал түсіп кетіп жатады. Кейде балалар ойнап жүріп қайғылы жағдайға ұшырап қалмай ма деп қорқамыз. Бір бала түсіп үлгерді, абырой болғанда, артында анасы келе жатқан. Әйтеуір, улап-шулап жүріп, баланы шығарып алдық», — дейді ол облыс басшысына.

Сайын ақсақал барлық келеңсіздікке тендерді ұтып алған мердігер компанияларды кінәлап отыр. Оңтүстік өңірдің жеңімпаз компаниялары Ақтөбеден жергілікті субмердігер тауып алып, азын-аулақ тиын төлеп, жұмыстарын тапсыра салады. Бұл жақтағыларға да дұрыс ақша бермейтін көрінеді.

«Құбырларды Шымкенттен Ақтөбеге дейін жеткізген. Ақтөбеден Еңбекші ауылына жеткізуге ақша жоқ. Содан ауыл халқы ақша тауып бердік. Субмердігерлерге ауылдан баспана бердік. Тек осында жатып, тездетіп жұмысты аяқтаса, ауылға су келсе дедік. Бірақ, мердігер компания ақшасын төлемеген. Жігіттер ештеңе істей алмай отыр», — дейді белсенді ақсақал.

Тапсырыс беруші басқарма өкілдері құрылыс материалдарының бар екенін алға тартады. Алайда, мердігер компанияның өкілдері бір емес, бірнеше рет сөзінде тұрмаған. «Алдап кетеді», дейді тапсырыс беруші тарап.

Өз кезегінде, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы аталған жайттар бойынша «Тілшіге» келесі мазмұнда хабарлама жолдады:

«2022 жылғы 8 ақпанда “Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы” ММ мен “ЭНЕРГОРЕСУРС” ЖШС арасында “Ақтөбе облысы Темір ауданы Еңбекші ауылында жеткізуші және кентішілік газ құбырының құрылысы” объектісі бойынша шарт жасалды. Бүгінгі таңда 5,2 км газ құбырын төсеу жұмыстары жүргізілді, сондай – ақ кентішілік газ құбыры бойынша траншея 1 км әзірленді. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімі негізінде “ЭНЕРГОРЕСУРС” ЖШС мердігерлік ұйымы мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы болып танылды», — делінген алғашқы хабарламада.

Сонымен бірге, су құбырларына қатысты да түсініктеме берді:

«Еңбекші ауылында су желілерінің құрылысы бойынша мердігер мекеме «Теплоэнергострой» ЖШС. Жоба бойынша құрылыстың мерзімі – 8 ай. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 50%-дан астамы аяқталмаған. Қазіргі таңда, жобада ауыл ішілік су желісі жүргізілді. Электр бағаналары, су мұнарасы (башня) орнатылып, су сорғы станцияларының кірпіштерін қалау жұмыстары жұмыстары баяу жүруде. Осы орайда, тапсырыс берушімен мердігерді құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамау себепті жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арыз жолданады», — делінген екінші хатта.

Өз кезегінде, облыс басшысы Асхат Шахаров жағдайды зерделеп, заң аясында тиісті шара қолданылатынын жеткізді. Жиналған жұртшылықтың көзінше құзырлы басқармаларға тапсырма да берді.

Дегенмен, Еңбекші ауылының тұрғындары соттасу, қайта тендер жариялау жұмыстарының ұзаққа созылатынын меңзеп, биыл жұмыстардың аяқтала қоятынына сенімсіздік танытып тарқасты.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Be the first to comment on "Асхат Шахаров Еңбекші ауылына су, газ құбырын дер кезінде өткізбегендер ісі сотта қаралатынын жеткізді"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*