Тоқаев 50 мыңнан аса дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға тиіс заңға қол қойды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына қол қойды.

Бұл заң бойынша, 50 мыңнан аса дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға тиіс.

Заңда петиция тапсыру мен оны қарау тәртібі көрсетілген. Қазақстан азаматтары петицияны арнаулы интернет-портал арқылы бере алады. Оның заңға сәйкестігін өкілетті орган анықтайды.

Петицияны қарау талаптары онда қойылған мәселенің деңгейі (аудандық, облыстық, республикалық) мен әкімшілік-аумақтық бірліктегі адам санына байланысты болады.

Қазақстанда бейбіт жиын өткізу мәселесін келісу шарттарының күрделілігіне байланысты онлайн-петиция билікке талап қоюдың сирек тәсіліне айналған. Бұған дейін әйелдердің зейнет жасын 55-ке түсіру, Астана атын қайтару, Қазақстанда АЭС салуға рұқсат бермеу жөнінде талап қойылған ірі петициялар болған.

Кейбір жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен кетіру арналған петициялар да кездеседі. Биыл жазда Алматы тұрғындары қала әкімін орнынан алу туралы петиция жариялап, оған 75 мыңнан аса адам қол қойған.

Алайда жаңа заң бойынша азаматтар әкімдер мен министрлерді петиция арқылы қызметінен кетіре алмайды. Басқару формасын, әкімшілік-аумақтық құрылысты, республика шекарасын, әділ сотты, рақымшылықты, ұлттық қауіпсіздік мәселелері өзгерту жөнінде петиция арқылы талап қоюға болмайды.

дереккөз: azattyq.org, фото: liter.kz

 

Be the first to comment on "Тоқаев 50 мыңнан аса дауыс жинаған петицияны үкімет қарауға тиіс заңға қол қойды"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*