Гүлден Әубәкірова, GUMOL стратегиялық зерттеулер орталығының директоры: Азаматтық қоғамды дамыту — өз қолымызда!

Tilshi сайтының «Азаматтық қоғам» айдарының кезекті қонағы – GUMOL стратегиялық зерттеулер институтының директоры Гүлден Әубәкірова.

Гүлден, алдымен сіздің орталықтың ашылу тарихына, атауына қатысты сұрақ қойғым келеді. Барлығы қалай басталды?

GUMOL орталығын ашу туралы идея әріптес құрбым Мөлдір (Амангелдиева — осы орталықтың жоба координаторы – ред.) екеуміздікі. Азаматтық секторға, қоғамдық ұйымдар жұмысына 2014 жылы араласа бастадық. Біраз тәжірибе жинадық. Халықаралық жобаларды жүзеге асыруға атсалыстық. Содан кейін адам баласы болған соң, өзіңді жаңа қырыңнан сынап көргің келеді ғой. Жаңа жобалар жасағымыз келді, жасыратыны жоқ, амбиция пайда бола бастады. Содан 2017 жылдың желтоқсанында, жылдың соңғы жұмыс күнінде Халыққа қызмет көрсету орталығына жаңа үкіметтік емес ұйым тіркеу жөнінде өтініш толтырып, құжаттарымызды тапсырдық. Оған атау ойластыратын уақыт та болмады. Ерекше, қайталанбайтын атау керек болды. Содан көп ойламай, әріптес құрбым Мөлдір екеуміздің есімдерімізден бір буыннан алып, жалғай салдық. Осылайша, Гүлден мен Мөлдім есімдерінен GUMOL деген атауды ойластырған жайымыз бар.

Орталық ашылғалы қандай жобалар қолға алдыңыздар?

Қоғамдық ұйым 2018 жылдың басында ашылды. Алайда, басқа ұйымда жұмыс істеп жүріп, өзіміздің орталық жұмысына ден қоймадық. Уақыт тапшылығына байланысты GUMOL-ға көңіл аударылмай қалды. Содан 2020 жылы пандемия кезінде қолымыз босап, уақыт тауып, орталық жұмысына кірісе бастадық. Түрлі идеяларды қағазға түсіріп, жоба түрінде толтырдық. Гранттарға өтініштер дайындадық. Нетворкинг орната бастағанымыз да сол кез. Алғаш қаржылай қолдау көрсеткен Моңғолия зерттеу институты болатын. Орта Азия мемлекеттері арасында конкурс жариялады, оған біз де қатыстық, қатысушылар арасында гранттар ойнатты. Жеңімпаздар қатарынан көрінгенде қуанышымызда шек болмады. GUMOL орталығы үшін бұл әжептәуір қолдау болды. Сондағы жобамыз – құрылыс компанияларындағы жобалау-сметалық құжаттамаға қатысты еді. Идеямызды Моңғолия зерттеу институты қолдады. Кейін Еуразия қорына өтініш бердік. Жаңадан ашылып жатқан қоғамдық емес ұйымдарға институционалдық көмек ретінде гранттар үлестіріп жатыр екен. Әрине, біраз еңбектендік, бекер емес екен. Грант иелендік. Жоба аясында бізге, сонымен бірге, консультант бекітілді. Онымен бірлесе отырып, стратегиялық құжаттарымызды пысықтап алдық. Компьютер, принтер секілді жұмысқа қажетті техникаларымызды реттедік. Бұл грантты орталығымыздың институционалдық қолдауына жұмсадық. Қосымша тренингтерге қатыстық. Консультант әрдайым кеңесін аямады. Қысқасы, сол екі жоба аяққа нық тұруымызға септігін тигізді. Кейін АҚШ елшілігіне жобалар ұсындық. Ол жерде азаматтық журналистерге қатысты ұсыныс жасаған болатынбыз. Пандемия кезінде жалған ақпарат көп тарады. Содан азаматтық белсенділер, журналистер арасында фейк ақпараттың алдын алуға қатысты жобамызды АҚШ елшілігі қолдады. Кейін экологиялық сауатқа қатысты тағы бір жоба әзірледік. Ол жоба өте жақсы нәтиже көрсетті. Кейбір қатысушыларымыз көтерген мәселелер оң шешімін тауып жатты. Біз үшін мұның барлығы, әрине, үлкен көрсеткіш.

Бұл салаға қызығушылық қандай? Әсіресе, жастар жағы қоғамдық белсенділікке қарай қарап жатыр?

Өз практикама сүйенер болсақ, әрине, жастар арасында қызығушылық бар. Рас, материалдық құндылықты жоғары қоятын жастар да бар. Дегенмен, азаматтық қоғам, азаматтық белсенділік туралы дұрыс түсінетін жастар жоқ емес. Қазір қоғамның кейбір мүшелері әлеуметтік бастама көтеруі мүмкін, жақсы идеялар ұсына алады. Алайда, олардың басым бөлігі жабулы қазан күйінде қалады, оны жүзеге асыра бермейді. Өз басым жастарға азаматтық қоғам,  азаматық ұстаным туралы, сонымен бірге, волонтерліктің де мәнін түсіндіре түсу керек деп ойлаймын. Кейбір елдерде волонтерлікпен айналысатын жастарға қандай да бір қолдау бар. Оқуға түскенде, тағылымдамадан өткенде, конкурстарға қатысқанда басымдық береді. Бізде волонтерлікті тек мұқтаж жандарға тамақ апарып беру деп түсінеді. Сондықтан, жастар арасында азаматтық қоғам жөнінде, воолнтерлік жайлы кеңінен түсіндіру керек. Рас, ақпараттандыру жағы кемшін. Олар қоғамдық ұйым тіркегісі келеді, әлеуметтік идеяларды жүзеге асырғысы келеді. Өкінішке қарай, біздер жастардың әлеуетін пайдалана бермейміз. Олардың ресурсын дұрыс жолға бағыттай алмаймыз. Содан болар, жастар мұндай қоғамдық бастамаларды екінші планға ысыра салады. Меніңше, ақпараттандыру жұмыстары жоғары деңгейде болса, жастар тарапынан жақсы идеялар ұсынылып, мағыналы, пайдалы жобалар жүзеге асырылуы өте мүмкін.

Азаматтық қоғамда қандай тенденция байқалады?

Азаматтық қоғамды көпшілік дұрыс түсіне бермейді. Тағы да ақпараттандыру жағы кемшін дегім келеді. Жеке блогымда осы туралы сөз қозғай бастасам, оқырмандар «азаматтық қоғам деген не?» деп сұрап жатады. Содан кейде түсіндіре бастаймын. «Қоғамдық ұйым не?» дегеннен бастап, олардың қандай іспен айналысатыны, қоғамға қандай пайда әкелетініне дейін тарқатып айтып отырамын. Адамдар таңғалып жатады. Мұндай мүмкіндіктер бар екенін білмейтінін айтады. Қазір жеткізу каналдары көп қой. Тикток, рилс арқылы да жеткізуге болады.

Гүлден, сіздердің жобаларыңызға қатысушылар жөнінде не айтасыз? Олармен байланыс жалғаса ма?

Иә, расымен, бірнеше жоба жасадық. Оларға еліміздің бірнеше облысынан адамдар қатысты. Белсенді қатысушыларымыз бар. Көтерген мәселелері бойынша нақты шешім қабылданып жатады. Жергілікті билік өкілдері олармен санасады. Оң нәтижелерге қол жеткізген кезде ұйымдастырушы ретінде біз де қуанып қаламыз. Эдвокаси бойынша білім алған қызылордалық бір қатысушымыз Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынған әйелдің үйқамаққа шығарылуына себепші болды. Тағы бір қатысушымыз қоғамдық көлік мәселесін көтеріп, жергілікті билік назарына жеткізді. Жаңа автобустар жеткізіле бастады. Сыни ойлай алатын жастар біздің жобаларға қатысып, жақсы ойлар айтты. Тікелей эфирлер ұйымдастырдық. Диалог алаңдарын өткіздік. Қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарай алмайтын, өзгерістер жасауға түрткі бола алатын жастар бар.

Азаматтық қоғам, сіздің ойыңызша, жұмыс көзі ме, әлде жан қалауы ма?

Осы салаға келгенімде жұмыс ретінде қарағаным рас. Қазір жан қалауы деп сенімді түрде айта аламын. Әр адам өмірге бір миссиямен келеді. Және ол миссия «ақша тапсам», «тәуір тамақ ішсем» деген емес, көкейде «өзімнен кейін кейін қандай пайдалы іс қалдыра алам?», «қоғамды жақсарта түсу үшін не істей аламын?» деген сауал тұруы керек. Менің миссиям – азаматтық қоғамға жақсы игі бастамаларды жүзеге асыру арқылы пайдамды тигізу, жұртшылықтың өміріне оң өзгерту әкелетін жобалар жасау. Қазіргі таңда, мен өмір сүріп жатқан ғасырда оған зор мүмкіндік бар деп ойлаймын. Мүмкіндігінше, азаматтық қоғамға көбірек адам тартсам деймін. Жаңаша ойлайтын, инновациялық идеялар ұсына алатын адамдармен жұмыс істегім келеді. Менің артымнан ерген қоғамдық ұйымдардың, азаматтық белсенділердің көп болғанын қалаймын. Сондықтан да, азаматтық қоғам мен үшін жан қалауы.

Азаматтық қоғамға мен 2014 жылы келдім. 2-3 ай өткенде осы сала қатты ұнай бастады. Түрлі идеялар келе бастады. Бұрын басқа салаларда жұмыс істедім, бірақ, осы азаматтық секторға араласа бастағанда өз орнымды таптым деген ой келе бастады.

Жалпы, азаматтық қоғамды осы секторға қатысы жоқ адамдар қалай қабылдайды? Түсіне ме, түсінбей ме?

Түсінбейді. Көп адам түсіне бермейді. Бірде бір танымал блогер тікелей эфирге шақырды. Содан азаматтық қоғам жайлы айта бастадым. Ол блогердің аудиториясы азаматтық қоғамға қатысы жоқ адамдар екен. 20-30 мың аудиториясы бар блогердің эфирі арқылы азаматтық сектор жайлы айта бастағаным сол, дереу сұрақтар қаптап кетті. Белсенділік өте жақсы болды. Білмей келгенін айтып, тәптіштеп сұрай бастағанда қатты таңғалғаным бар. Кейін өз парақшамда осы сала жөнінде жиі ақпарат бере бастадым. Қазір, құдайға шүкір, аудиторияға ойыңды, идеяңды жеткізу үшін жақсы тегін инструменттер баршылық қой. Сол себепті азаматтық қоғамды кеңейтуге, адам санын арттыруға болады.

GUMOL орталығының серіктестері туралы айтып берсеңіз…

USAID қорымен жұмыс істейтін Еуразия қорын атап өткім келеді. Институционалды қолдау танытқан серіктесіміз. Біздің жоба жайлы аталған ұйым өз парақшасына жариялады. Менің білуімше, USAID өздері қолдаған жобалардың барлығын өз сайтына жариялай бермейді. Тек жақсы көрсеткішке, нәтижеге қол жеткізген жобаларды ғана іріктеп парақшаларына салып отырады екен. Жетістік тарихымыз жайлы материал орналастырыпты. Біздің жобалар туралы халықаралық ұйымның сайтынан оқығанда қуанышымызда шек болмады. Әрине, біз үшін үлкен құрмет, жұмыс істеуге мотивация. Қазіргі таңда АҚШ елшілігін сенімді серіктесіміз деуге болады. Бір емес, бірнеше жобамызды жүзеге асырдық. Бізге сенім артып, кейде басқа шараларға жұмылдырып отырады. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен жұмыс істеп келеміз.

Біздің жобаларды жүзеге асыруда жұмылдыратын сарапшыларымыз, тренерлеріміз бар. Құқықтық медиа орталығынан Гүлмира Біржанованы, тәуелсіз журналист, біздің менторымыз Айнұр Коскинаны атап өткім келеді. Асқар Ақтілеу де көптеген жобамызда тұрақты серіктесіміз.

Әрі қарай қай бағытта жұмыс жалғастырасыздар?

Соңғы үш жылда көп нәтижеге қол жеткіздік деп сенімді түрде айта аламын. Дегенмен, әлі де іздену керек, еңбектену керек. Бүгінде азаматтық жобаларға бизнесті жұмылдыруды көздеп отырмыз. Бизнес өкілдерінде «бізге одан не пайда?», «біздің қандай қатысымыз бар?» деген сарында сұрақтар туындауы мүмкін. Корпоративті әлеуметтік жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстарынан да кенде емеспіз. Менің ойымша, азаматтық қоғам тек билікпен, халықаралық ұйымдармен ғана емес, бизнеспен де қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Сонда азаматтық қоғам тағы да үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Азаматтық қоғамды дамыту өзіміздің қолымызда. Сондықтан, бір президентке, мемлекетке сеніп отыра бермеуіміз керек. Әрбір азаматтық сектор өкілі өз мақсатты аудиториясымен жұмыстану керек деген тілегім бар.

Әңгімеңізге рақмет, Гүлден! Ісіңізге береке…

Сұқбаттасқан Марат Төлепберген

Be the first to comment on "Гүлден Әубәкірова, GUMOL стратегиялық зерттеулер орталығының директоры: Азаматтық қоғамды дамыту — өз қолымызда!"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*