Шахаров облыс билігі шахматындағы жүрісін бастап кетті: 12 ауданды аралаған әкімнің ендігі жоспары қандай?

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстың барлық ауданын аралап шықты. Бір жарым ай бұрын Қарғалы ауданынан бастаған ол өткен сенбіде Алға және Мұғалжар аудандарымен аяқтады. «Тілші» оқырмандары тарапынан «әкім неліктен асығыс?» деген сауалды Шахаровтың өзіне де қойдық (Спойлер: Жауабы – ақылға қонымды, материалымыздың соңында).

Мәслихат төрағасы жылы кабинеттегі жұмысын ұзақ сапарға айырбастады

Сапар форматына келер болсақ, 12 ауданның барлығына екі “Тойота Хайс” микроавтобусы шығып отырды. Бірінде БАҚ өкілдері, екіншісінде облыстық мәслихат төрағасы, сонымен бірге проблемалы нысандарға жауапты құзырлы басқарма басшылары мен мамандар болды.

«Бюджетті бекітетін мәслихат. Сондықтан, аудандардағы проблемалы нысандардың жағдайын ол да өз көзімен көрсін. Қағаздан емес, іс жүзінде танысқаны жақсы», – деді бір сөзінде Шахаров.

Мәслихат төрағасы Гүлқасима Рамазанқызы да соңғы жылдары тек кабинеттен шықпай жұмыс істегенін мойындап жүрді. Жергілікті атқару органы жетекшісі ретінде барлық ауданға сапарының ондағы жағдайлармен жақын танысуына себепші екенін жасырмады.

“Пресс-авто”: Облыс және аудан басшылары тілшілермен бір көлікте

Асхат Шахаров аудандарға сапарында кортежде көп көліктің болғанын қаламады. Сонымен бірге, сапарының бір бөлігінде ол журналистер мінген көлікке жайғасты. Жол бойы БАҚ өкілдерін мазалаған сауалдарға жауап беріп отырды. 12 аудан басшылары да шағын пресс-автобустың «тұрақты жолаушыларына» айналды.

Кей аудан басшыларына сұрақ өте көп болды, кейбірі БАҚ үшін аса қызық болмаған сияқты. Ертеректе әкімдік жанындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде жиі есеп беріп келген аудан басшыларының соңғы жылдары медиаға көп шықпай кеткені бар. Осы жолы аудан басшыларының бірқатарына біраз тыпыршуға тура келді. Оның үстінде жанында Шахаровтың өзі де тыңдап отырды. Әдеттегідей «жауап бермей қоюға» шамалары келмеді.

Облыстың «басты жауы» – мердігерлер ғана ма?

Облыстың барлық дерлік ауданына ортақ проблема – мердігерлер мен құрылыс жұмыстарының созылып кетуі немесе аяқсыз қалуы. Құрылысы кешеуілдеп жатқан нысандар көп. Бірқатарының жұмысы мүлдеп тоқтап қалған. Желге ұшқан миллиондар. Қайта есептеулер. Айлықсыз қалған жұмысшылар. Келісімшартсыз еңбекке жұмылдыру.

«Барлығына кінәлі – мердігерлер. Оларды сотқа беріп, жосықсыз деп таныту керек». Құзырлы орган өкілдерінен жауаптарымыздың дені осыған саяды. Ал оларды қадағалауы тиіс әкім-қаралар ше? Ол туралы ешбірінін жақ ашқысы жоқ. Бірнеше рет сұрадық – мардымды жауап болмады.

«Бұл жайт тек облыста емес, Қазақстанның барлық өңіріне тән. Басты мәселе – мемлекеттік сатып алуды реттейтін заң нормалары. Мемлекеттік сатып алу заңнамаларындағы кемшіліктер туралы жоғарыға ұсыныстар жолдаймыз. Негізі, заңның солқылдақ тұсы көп», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров «Тілшіге» берген жауабында.

Облыс басшысы мердігерлердің біразымен жүздесіп үлгерді. Кейбірі субмердігерлерін жіберіп, өздері төбе көрсетпеді. «Қолға түскендері» аямай сөз естіді.

«Сен енді тендерге жоламасаңшы. Қаншама нысанды аяқсыз қалдырдың. Тендерге тағы қатысып отырсың. Соттасармыз, бірақ одан халыққа не пайда? Суы қосылмады, газ жеткізілмеді. Құрылыс аяқталмады. Мен халыққа не айтамын? Олар сендерді – мердігерлерді танымайды да! Оларға мен айтуым керек. Бар не жоқ деуім керек», – деп кейіді облыс басшысы кейбір мердігерге.

Заңға салсақ, соттар айларға, жылдарға жалғаса береді. «Жосықсыз мердігер» деп таныған күнде ол компания басшылары басқа компания ашып, ойына келгенді жалғастыра бермек… Ақиқаты сол. Дегенмен, қадағалауы тиіс аудан басшыларына да ойлану керек шығар…

Шахаров айналасына жастарды жинауы мүмкін бе?

Асхат Шахаровтың облысқа әкім болып келгеніне екі айдың жүзі болды. Әзірге, кадрлық өзгерістер жасамады. Тек Байғанин ауданына сапары барысында Қайрат Отаровтың орнына жас әкім Айбек Көпеновты тағайындады. «Жарты қаланың әкімі» атанған Көпенов осыған дейін облыс орталығындағы Астана ауданына басшылық етті.

Байғанин ауданына енді барған оған бұрынғы әкім Қайрат Отаров аудан орталығын аралатты. Кейбір жетістіктерін тізбектеп қана қоймады, бірқатар проблемалы нысандарды көрсетті. Шамасы келгенше аудандағы ахуалды жақсартқанын, қандай жұмыстарды үлгермегенін де тілге тиек етті.

«Әзірге тек екі тағайындау болды, екеуіне де жақсы лебіздер айтылып жатыр» деп қалды бір сөзінде облыс басшысы Асхат Шахаров. Біріншісі Айбек Көпенов болса, екіншісі – Айбек Көпеновтің орнына келген бұрынғы орынбасары Алмас Жақсылықов (Айбек Жақсылықов – енді Астана ауданы басшысы – ред.).

Айтпақшы, алдағы айда үш ауданда әкім сайлауы өтеді. «Егер барлығы әділ өтсе, жаңа тағайындаулар, жаңа әкімдер пайда болуы мүмкін. Бірақ, осыған дейінгі сайлаулардағы «инерциямен» «шын сайлау өте қоюы неғайбыл» деген ойлар айтылады электорат тарапынан.

Шахаровтың бұрыннан Ақтөбеде қызметте болғанын ескерсек, әзірге сырттан адам әкеле қоюы, жаңа команда жинақтауы екіталай көрінеді. Дегенмен, «ақырын жүріп, анық басатын» көрінеді әкім бір қарағанда.

«Шешімдер мен ұсыныстар»: Шахаров аудан басшыларынан не күтеді?

Көп кездесуде облыс басшысы қордаланған мәселелерді тыңдап қана қоймай, олардың шешілу жолдарын сұрап отырды. Қандай да бір ауданда тараптар арасында кикілжің туындағанда да, «мәселенің шешімін ұсыныңдар, ұрысып тұрмайық, не істеу керектігін айтыңдар» деп бірнеше «дауды» тоқтатқан кездерді байқадық.

Әрине, көпшіліктің алдында проблема шешіп тұруды жөн көрмеген Шахаровтың жабық есік жағдайында қалай «разборка» жасайтынын білмедік. Дегенмен, кейбір мердігерге «жеке сөйлесемін» дегеніне қарағанда, біраз мәселеге басқаша қарайтынын аңғару қиын емес.

Облыстың ақпараттық қауіпсіздігі кімнің қолында?

Әрине, тақырыпты сәл айқайлатып қойған шығармыз, дегенмен, бұл бағытта жасалатын жұмыстарға да тоқтауды жөн көрдік. Бүгінде Асхат Шахаровтың баспасөз қызметкері – жас журналист, осыған дейін облыстық, республикалық арналарда қызмет етіп келген Гүлбағда Қайратқызы.

Тағайындалғанына көп бола қоймаған әріптесіміздің бұл баспасөз қызметіндегі алғашқы тәжірибесі. Дегенмен, ол дереу БАҚ-пен коммуникация орнатуды қолға алды. Және онысы сәтті шығып жатқанға ұқсайды.

Сын айтылмады емес, айтылды. Бірақ сапар барысында «сүті бар шай неге жоқ?», «жүргізуші неге музыканы қатты шығарады?», «шопыр бізді үйімізге дейін неге апарып тастамайды?» деген сарындағы, әсіресе, мемлекеттік БАҚ өкілдері тарапынан көңіл толмаушылықтар болды. Әрине, мұның барлығына жеке-дара журналистер мен жұмыс берушілеріне, олардың деңгейіне сын деп қарауға тура келеді. Басқа ештеңе емес!

Айта кетейік, Гүлбағда Қайратқызы басқа жақтың адамы емес. Осы Ақтөбе өңірінде туып өскен. Алматы, Астана қалаларында тәжірибе жинақтады.

«Тілші» тарапынан Шахаровтың баспасөз қызметіне әзірге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Пресс-релиздер жеткілікті, әр ауданға, ондағы нысандарға қатысты анықтамалықтар дер кезінде қолымызға тиді. Спикерлерге қатысты мәліметтер, олардың лауазымы мен байланыс телефондары қарастырылған.

Ақпараттық кеңістіктегі Шахаровтың имиджі қалай өрбуі мүмкін?

Самбодан үш дүркін чемпион ретінде танылған және о баста халықтың сүйкімдісіне айналған Шахаровтың беделі Қаңтар оқиғасында қайта шарықтады. Оның үстіне алдыңғы облыс басшыларынан «шаршаған» желі қолданушылары жастау әкімнің тағайындалғанына қатты қуанды. Бірақ, бұл қуаныштың қашанға созылатыны тек бір құдайға аян… және Шахаров пен командасына байланысты.

Қазір халықтың көңілінен шығу оңай емес. Жоғары жақ (ресми Астана, Ақорда, президент әкімшілігі) көп нәрсені желідегі «көңіл күймен» де топшылайтыны жасырын емес.

«Шахаров әзірге халық сүйкімдісі. Оны инерциямен ғана жақсы көріп отыр халық. Араға айлар салып, мәселелер шешімін таппай жатса, «тәжірибелі желі қолданушылары» қайта «айқайға басуы» мүмкін. Оны облыс әкімінің айналасындағылар да естен шығарып алмағаны жөн. Және қазіргі «жақсы кездерге» масаттанып жүре бермей, кез келген жайтқа дайын отыру керектігін ұмытпау керек шығар» деген ойлар журналистік ортада жиі айтылады.

Ақтөбенің жаңарған жолдары Шахаровтың визиткасына айналуы мүмкін бе?

Ауданға сапарлардың ең соңғы нүктесі Мұғалжар ауданы болды. Шахаров бұл күні тәуліктің бір бөлігі маңызды қонақ – көлік министрі Марат Қарабаевпен де сапарлас болды. Әуежайға соқты, Қандыағаш пен Ақтөбе вокзалдарының жағдайын көрді (спойлер: жаңа әуежай салынбайды, вокзалдарға жөндеу жұмыстарын ҚТЖ жүргізу керек).

“Қандыағаш пен Шалқардың арасына жол салына бастады. Қандыағаш пен Ақтөбе арасындағы жол құрылысы келесі жылы толық аяқталады. Хромтау бағытындағы жолдар да реттеледі. Бөгетсайға дейінгі жолдар құрылысы алдағы жылы басталады. Облыстың ішкі жолдарында да жөндеу жұмыстары жүргізілмек”, – деді министрді шығарып салған Асхат Шахаров жол құрылыстарына қатысты қуанышын жасыра алмай.

Облыс аудандарын аралаған Шахаров құрылысы аяқталмаған білім, спорт, мәдениет нысандарының ахуалымен танысты. Қобда, Ойыл, Шалқар, Қарғалы, Әйтеке би аудандарының шаруа қожалықтарының мұңын тыңдады. Хромтау, Ырғыз, Мұғалжар, Шалқар аудандарындағы жолдардың жағдайын көрді. Ойылда өткен Tary Fest шарасына қатысты. Мәртөкте сүт шаруашылығы өкілдерімен кездесті. Асхат Шахаровтың аудандарға сапары медиа мен әлеуметтік желілерде, облыс әкімдігінің аккаунтарында, телеграм-арнасында кеңінен жарияланды.

“Тілші” сайты мен желідегі аккаунттары да сапар барысынан контент әзірледі, сапар барысында жиналған өзге де материалдар, кейбір аудан әкімдерімен сұқбаттар алдағы күндері де жариялана бермек.

Әкім неге аудандарды асығыс аралады?

Облыс әкімі әр аудан бойынша жоспар құрылып, сол бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

“Қай аудандар қандай инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар салынатынын хабарлап отырамыз, жол құрылысы бойынша да ақпараттар беріледі. Депутаттарды белсенді болуға шақырдым. Бюджеттен бөлінетін әрбір тиынға ұқыпты қарау керектігін ескерттім. Бұрын бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын көрдіңіздер. Проблема жетерлік. Соларды бақылауға аламыз. Графиктен ауытқыған мердігер компанияар бақылауда болады”, – деді облыс басшысы.

Шахаров командасы әр ауданға орта есеппен бір күн арнады. Кей сапарда 2-3 ауданды біріктіріп, бірнеше күнге шығып отырды. Үлкен залдарға халық жинамады, сағаттап күттіріп қоймады. Тұрғындарды жеке қабылдады. “Егер аудан көлемінде шешілетін мәселе болса, аудан әкімдері құзырына қалдырылады, облыс басшысы араласу керек мәселе болса, Шахаров сапар аясында жеке қабылдап отырды”, – деп түсіндірді әкімдіктегілер.

Қазір коммуникация заманы. Әкімге басқа коммуникация каналдарымен де хат жазып, хабар алу мүмкіндіктері де айтылды.

«Жыл соңына дейін күрделі, қордаланған мәселелері бар нысандарды аралап шығу – басты мақсатым болды. Сол үшін әр ауданды әдеттегіден тез аралап шығуға тура келіп отыр. Проблемалы нысандарға баруым керек болды, мәселемен танысуды көздедім. Жаныма облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Рамазанқызын үнемі ертіп жүрдім. Бюджетті солар бекітеді. Мәселелерді көзбен көрсін деген ой болды менде. Жыл соңына дейін бюджет бекітіледі. Соған үлгеруіміз керек. Амандық болса, алдағы жылы аудандарды асықпай аралап шығамын», – деді Асхат Шахаров «Тілшіге» берген сұқбатында.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

Be the first to comment on "Шахаров облыс билігі шахматындағы жүрісін бастап кетті: 12 ауданды аралаған әкімнің ендігі жоспары қандай?"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*