UzAuto Motors компаниясы 2024 жылы Өзбекстанда сатылатын Chevrolet Cobalt, Damas және Labo автокөліктері үшін келісім-шарттарды екі күннің ішінде жинаған.
Дегенмен тұтынушылар монополист компанияны «халықты алдады» деп айыптап отыр.
«UzAuto Motors сайтқа тіркелу жүйесін әдейі өшіріп, миллиондаған адамды алдады» деп жазды әлеуметтік желі қолданушылардың бірі.
Өзбек экономисі Отабек Бәкіров «автокөлік сатып алуға онлайн-келісімге отырған бір де бір адамды естімегенін» жазған.
Мемлекеттік статистика жөніндегі комитеттің мәліметінше, Өзбекстан экспорттайтын автокөліктердің денін Қазақстан сатып алып отыр. Былтыр қазақстандықтар 26 970 өзбек автокөлігін сатып алған. Бұл Өзбекстан шетелге шығарған автокөліктердің шамамен 96 пайызы.
Былтыр өзбек компаниясы Ресейге автокөлік сатуды доғарды. Мұндай шешім Батыс елдерінің санкцияларына байланысты қабылданды.
Компанияның Әндіжан және Хорезм облыстарындағы зауыттарында жыл сайын 300 мыңға жуық автокөлік шығарылады.
Фото: Абдулло Ёдгоров / «Газета.uz»