Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті, оған 100-ге тарта тазы қатыстырылды. Тазы баптаушылар маңызды шара үшін облыстың түкпір-түкпірінен жетті, деп хабарлайды «Тілші».
Ақтөбе облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, республика бойынша Ақтөбе өңірі тазы баптау жағынан алдыңғы қатарда.
«Тазы ұстаушылар мен тазылардың саны көбейіп келеді. Бізге енді түрлі жарыстар өткізуде жүлде тағайындауға қолдау көрсетілсе екен дейміз», — дейді Жасұлан Жақсылықов.
Көрмеге Астана, Алматы қалаларынан арнайы кинология саласынан сарапшылар шақырылған. Мамандар тазылардың дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қандарының тазалығына назар аударды. Барлық талапқа сай келгендері арнайы құжатқа ие болды.
Құжат тазылардың FCI Халықаралық кинология федерациясының тіркеу кітабына енуінен бөлек, халықаралық иттер көрмесіне қатысуына мүмкіндік береді. Көрмеге қатысқан 80 иттің 50-і «жақсы» деген баға алды.