Ақтөбедегі Жұбанов университетінің 500-ден астам студенті өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге түрлі бағытта қол ұшын созып келеді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады. Жұбанов еріктілері апаттан қорғау амалдарына, соның ішінде құм тасу, бөгет жасау және эвакуациялау жұмыстарына араласып келеді.
“Судың қаупі бәсеңдеген уақытта университеттегі еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасу-жеткізу, басқа аймақтардан келген гуманитарлық көмектерді қабылдау, реттеу жұмыстарына қол ұшын тигізіп жүр. Сонымен қатар эвакуация аймағында қызмет етіп жүрген мамандарға университетіміздің қызметкерлері, «азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығының студенттері мен оқытушылары және шаруашылық бөлімінің мамандары қосылып жалпы 250-ден астам адамға ыстық тағам таратты”, – деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметінен.
Сонымен бірге, эвакуациялық пункттерде орналасқан отбасыларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында педагогтар бен психологтар психологиялық тренингтер өткізіп, практикалық қолдау көрсетті.
Зардап шеккен отбасы балалары да назардан тыс қалмады. 50-ден астам суретші мен 12 оқытушы балаларға арт терапия өткізіп, шеберлік сабақтар ұйымдастырды.
«Төтенше жағдайлардағы қоғамның ортақ мақсатқа бірігіп, бірлік көрсетуі – маңызды құндылықтарымыздың бірі. Еліміздің бірқатар өңірлерінде болып жатқан су тасқыны жағдайында біз билік пен қоғамның бірігіп әрекет жасап отырғанын көріп отырмыз. Ұлттық құрылтай мүшелері өңірлерді аралап, жағдайды зерделеп, тиісті шаралар ұсынып отыр», – деп атап өтті Қ.Жұбанов атындағы АӨУ ректоры Лаура Қарабасова.
“Тілші-ақпарат”
Be the first to comment on "Су тасқынынан зардап шеккендерге Жұбанов университеті студенттерінен қандай көмек тиіп жатыр?"