Әлем

Илон Маск Шешенстан басшысына Cybertruck көлігін сыйламағанын айтты

Tesla иесі Илон Маск Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа Cybertruck электромобилін сыйлағанын жоққа шығарды, деп хабарлайды Азаттық.

Бұған дейін Қадыров төбесіне пулемет қондырылған Cybertruck көлігімен Грозныйды аралап жүргені бейнеленген видео жариялаған. Шешенстан басшысы Cybertruck-ті “құрметті Илон Масктан алғанын” айтқан.

“Өте ыңғайлы көлік. Осындай тамаша көліктер жуырда арнайы операция аймағына (Ресей билігі Украинадағы соғысты осылай атайды) жіберіледі. Ол жақта тиісті сұранысқа ие болмақ” деп жазды Шешенстан басшысы.

Қадыров сонымен бірге Маскты Грозныйға шақырып, оны “ең қымбатты қонақ” ретінде қабылдауға уәде берген.

Осыдан кейін кейбір қолданушы Илон Маскті X желісінде “әскери мақсатта пайдалануға болатын көліктерді” Батыс санкциясына ұшыраған елге жеткізіп, “АҚШ-қа қарсы ашық жұмыс істеп отыр” деп айыптап, кәсіпкерге сұрақ қойған.

“Мені орыс генералына Cybertruck сыйлады деп ойлайтындай соншалықты артта қалғансың ба?… Дәстүрлі БАҚ-тың өтірікші екеніне тағы бір дәлел” деп жазды Маск.

Қадыров пен Маск 2022 жылы көктемде әлеуметтік желі арқылы «тілдескен». Оның алдында америкалық миллиардер Ресей президенті Владимир Путинді күш сынасуға шақырған.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен ЕО Мәскеуге өзге тауарлармен қатар көліктерді де тасымалдауды тыйған. Ресейде Cybertruck құны 13-35 миллион рубль аралығында. Мәскеуде мұндай көлік алғаш рет 2024 жылы мамырда пайда болған.

2019 жылы Масктің көлік сыйлағанын Беларусьтің авторитар жетекшісі Александр Лукашенко мәлімдеген. «Менде Tesla электромобилі бар, кейде оны сынаймын. Маск сыйлаған» деді ол. Tesla жетекшісі сол кезде де Лукашенконың сөзін жоққа шығарған.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Путин: Батыс елдерінің тікелей қатысуы Украинадағы қақтығыстың мәнін өзгертеді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *