Үкімет үйінде журналистерді министрлер кабинеті отырыс өткізетін қабатқа кіргізбейтін болды, деп хабарлайды Азаттық.
27 тамызда үкіметтің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін төменгі қабаттағы баспасөз орталығына көшіріп, отырыс өтетін залға қарай көтерілуге тыйым салды. Премьер-министрдің баспасөз хатшысы Диляра Аленованың сөзінше, ол жаққа енді телеоператорлар мен фотографтар да кіре алмайды.
Үкімет отырысы үшінші қабаттағы залда өтеді, бұған дейін журналистер де сол қабатта жұмыс істейтін. Ал телеоператорлар мен фотографтар отырыс алдында залға кіріп, арнайы фото-видео түсіре алатын. Енді журналистердің орнын екінші қабатқа ауыстырды. Сондағы баспасөз орталығына тізімдегі адамдар ғана түсіп, журналистер сұрағына жауап береді.
«Бұрынғы баспасөз орталығында 36 орын бар еді, аккредитациясы бар журналистердің орташа саны 70-тен асады. Баспасөз орталығымыз енді осы жерде болады. Қазір үшінші қабатта баспасөз орталығы жоқ, журналистерге жұмыс істей алатын орын жоқ. Жұмыстың бәрі осы жерде болады», – деген Аленова сөзін «Власть» сайты жариялады.
Ulysmedia.kz тілшісі Аян Өрібай үкімет үйіндегі өзгерісті ақпарат алуға шектеу қою деп есептейді.
– Осыдан екі жыл бұрын кез келген министрге сұрақ қойып, қоғамның сұрағын жеткізетін едік. Бүгін қаржы министріне, вице-премьерге сұрақ қойғым келген. Бірақ баспасөз конференциясында бір ғана тақырып болды, журналистердің сұрағы да қайталанды, шектеулі ақпарат алып қайтасың, бұл дұрыс емес. Үкіметтің баспасөз қызметіне уәжімізді айттық, олар ішкі құжаттарына сілтеді. Журналистерге шектеу күшейіп барады, – деді Аян Өрібай Азаттыққа.
Бұрын журналистер үкімет отырысынан кейін дәлізде министрлерге сұрақ қойып, жауап ала алатын. Былтыр қыркүйекте Қазақстанда апта сайын өтетін үкімет жиынына өзгеріс енгізілген. Үкімет отырысына бекітілген тақырып бойынша есеп беретін министрлер ғана келіп, қалғаны онлайн қатысатын болған. Журналистер мұны сөз еркіндігін шектеу деп бағалады. Үкіметтің баспасөз қызметі мұндай шешім «журналистер мен министрлердің ара-қатынасын, тиімділігін арттыру үшін қабылданды» деген еді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл шешімді құптаған.
«Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 142-орында тұр.