Жапаров “Клооп Медианы” жабу туралы сот шешіміне пікір білдірді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік “Кабар” ақпарат агенттігіне берген кезекті сұхбатында “Клооп Медиа” қоғамдық қорын жабу туралы Бішкектің Октябрь аудандық соты шығарған қаулыны өзгеріссіз қалдырған Қырғызстан Жоғарғы соты шешіміне пікір білдірді. Бұл жөнінде Орталық Азия  Жаңалықтар қызметі хабарлайды.

Жапаров Қырғызстанда 30 жыл бойы анархияны демократиямен, ал өсек-аяңды сөз еркіндігімен шатастырды деді. Оның сөзінше, қырғыз қоғамы қазір “бұл аурулардан айығып жатыр”.

“Бізде сөз еркіндігі болған және болады. Біреу шындықты анық айтса, біз оны кім болса да қолдаймыз. Анархия, өсек және жалған ақпарат тарату – сөз еркіндігі емес” деді Жапаров.

Қырғызстан президенті “Клооп Медианы” біржақты және біреуді қорлауға бағытталған зерттеулерге байланысты жабуы мүмкін деді.

“Соттар да негізсіз шешім қабылдамайды. Олардың біржақты, жалған материалдар таратқанын бірнеше рет көрдіңіздер” деді Жапаров.

Жапаров қырғыз билігі журналистік зерттеу істейтіндерді қолдайды деді. Оның айтуынша, жалғыз талап – объективті зерттеу жүргізу керек.

“Өзіміз-ақ олардың көмегінсіз жазалап жатырмыз, бірақ олардың зерттеуі де бізге көмектеседі. Алайда зерттеулер біржақты жүргізілгенде, қаралау, дұшпандық және жеке қызығушылық болғанда, әрине, оларды қолдамаймыз” деді Қырғызстан президенті.

29 тамызда Қырғызстан Жоғарғы сотының азаматтық және экономикалық істер бойынша алқасы “Клооп Медиа” қоғамдық қорын жабу туралы төменгі сот шешімін қуаттаған.

“Клооп Медиа” өкілдерінің айтуынша, сот отырысына тараптар қатыспаған, шешім сол күні күшіне енген. “Клооп” сайтының негізін қалаушы Ринат Тухватшин “осындай шешім шығатынын білген едік” деді. Оның сөзінше, редакция жұмысын жалғастыра бермек.

“Клооп Медианы” жабу туралы шешімге Журналистерді қорғау комитеті реакция білдіріп, Қырғызстан билігін тәуелсіз БАҚ-ты қудалауды доғаруға шақырған.

Бішкектің Октябрь аудандық соты “Клооп Медиа” қоғамдық қорын жабу туралы шешімді биыл ақпанда қабылдаған. Бұған Бішкек прокуроры Эмилбек Әбдіманаповтың былтыр тамызда шығарған қорды жою туралы шешімі түрткі болған. Прокурордың сөзінше, басылымдағы мақалалардың басым бөлігі “мемлекеттік және муниципалды орган өкілдерінің беделіне нұқсан келтіруге бағытталған”.

Оның алдында Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті сайт материалдарын тексеріп, “мақалалар қазіргі биліктің саясатын қатаң сынауға бағытталған”, “басым бөлігінің мемлекеттік орган өкілдерінің беделін түсіретін теріс сипаты бар” деген қорытынды жасаған.

Be the first to comment on "Жапаров “Клооп Медианы” жабу туралы сот шешіміне пікір білдірді"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*