Жапония парламенті жаңа премьер-министрді бекітті

Жапония парламенті биліктегі Либерал-демократиялық партияның басшысы Сигэру Исибаны елдің жаңа премьер-министрі етіп бекітті. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады, деп жазады Азаттық.

Исибаға дейін партия төрағасы да, Жапония премьер-министрі де болған Фумио Кисида жанжалдар, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау болып жатқан шақта қызметінен кетті. Кисида екі қызметте де үш жыл істеді, осы уақыт аралығында оның рейтингі елде 50 пайыздан 16 пайызға дейін түсті. Кисидамен бірге Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Жапонияда билікте болған Либерал-демократиялық партияның да рейтингі төмендеді.

Исиба Фумио Кисиданың саясатын жалғастыруға уәде берді: дефляциямен күресу, жалақыны көбейтуге қол жеткізу, бала туу көрсеткішін түзеу, халық саны азайғанын тоқтату және Жапонияның табиғи апаттарға төзімділігін арттыру.

Ол бұған дейін НАТО-ның Азиядағы нұсқасын құруды, аймақтағы серіктестермен және АҚШ-пен Американың ядролық әлеуетін пайдалану мәселесін көбірек талқылауды ұсынған.

Исиба жаңа министрлер кабинеті қоғам қолдауына “мүмкіндігінше тезірек” ие болуы үшін жақында 27 қазанға мерзімінен бұрын парламент сайлауын қоймақ деген хабар тарады. Оппозиция бұл шешімнің асығыс болып жатқанын сынға алып, парламент пен сайлаушыларға Исибаның саясатын зерттеуге, талқылауға аз уақыт қалады деді.

Кейінгі сауалнамаларға сәйкес, либерал-демократия партиясы арасында Фумио Кисида сәтсіздіктерге қарамастан, көп қолдауға ие. Оппозицияны жақтаушылар бірнеше есе аз. Алайда сауалнамаға қатысқан сайлаушылардың көбі біраз уақыттан бері ешкімді қолдамайтынын айтқан.

Фумио Кисида биыл 9-10 тамызда Астанаға сапарлап, “Орталық Азия + Жапония” саммитіне қатысуы керек болған. Бірақ Кюсю аралындағы жер сілкінісіне байланысты келе алмады.

Be the first to comment on "Жапония парламенті жаңа премьер-министрді бекітті"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*