9 қазан күні Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы жалақы дауы ішінара шешілді. Зауыт жұмысшылардың тарифтік мөлшерлемесіне қосылатын сыйақыны 50 пайыздан түсірмеуге уәде берді. Наразылар бұған амалсыздан келіскенін айтады. Бұл туралы «Тілші» хабарлайды Азаттыққа сілтеме жасап.
— Тарифтік мөлшерлемеге қосылатын 50 пайыз сыйақы өмір сүруге аздық етеді. Зауыттың жағдайымен санаса отырып, түсіністік таныттық. Алдағы уақытта өндірістің жағдайы жақсарып, сыйақымыз бұрынғыдай болады деп үміттенеміз, — дейді Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы 4-ші цех жұмысшысы Ерсұлтан Исаев.
Ақтөбе хром қосындылары зауыты жұмысшыларының ай сайынғы тарифтік мөлшерлемесі орта есеппен 140-150 мың теңге. Бұрын жұмысшылар тарифке қосымша 100 пайыз сыйақы алып жүрген. Қыркүйек айындағы сыйақы мөлшері 20 пайыз екенін білген жүз шақты адам 7 қазанда наразылыққа шықты.
Жалақы дауына араласқан Ақтөбе әкімдігі зауыт құрылтайшыларымен, жұмысшылар арасынан шыққан белсенді топпен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде құрылтайшылар 100 млн теңге несие алып, жұмысшылардың сыйақысын 50 пайыздан кемітпеуге уәде берген. Бұл туралы сәрсенбі күні түстен кейін зауыт белсенділерімен кездескен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов айтты.
— Өндіріс көлемі мен сыйақының аздығы зауытқа жеткізілетін шикізаттың тапшылығынан туындап отыр. Зауыт басшылары шикізатты жеткізудің балама жолдарын іздеуі керек. Бір елмен шектеліп қалу дұрыс емес. Өзбекстанда да, өзге де мемлекеттерде кальциленген сода шығарады. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде қосымша шикізатты жеткізу мәселесіне көмектесеміз. Тиісті мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жасаудамыз, — деді Абзал Әбдікәрімов.
Ақтөбе хром қосындылары 2024 жылғы тамыз айынан бері шикізат тапшылығын көріп отыр. Шикізат яғни, хром кенін өңдеген кезде қосылатын кальциленген соданы зауыт Ресейден алады.
— Тамыз айында Ресейдің Курск облысындағы ұрыстан кейін теміржол тасымалы қиындап кетті. Ресей теміржолы Оңтүстік Оралдағы тепловоздар мен экипаждың басым бөлігін батысқа қарай жіберген. Тепловоздар мен экипаж тапшы. Сода тиелген вагондардың өзі Ақтөбеге айлап-апталап жете алмайды, — дейді АХҚЗ басқарма төрағасының орынбасары Радий Фахрединов.
Мәселені өз бетінше шешпек болған ұжым Ресейге іссапарға адам жіберіп те көрген. Бірақ Ресей теміржолындағы әскериленген күзетке жақындау, қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмаған.
Қазір зауыт толық қуатымен жұмыс істеп тұрған жоқ. Бес цехтың екеуі уақытша тоқтатылған. Дәл бүгінгі жағдайда зауытқа ай сайын кемінде 8-10 мың тонна кальциленген сода керек. Зауыт басшылары өндірістің қажеттілігін Башқұртстанның химия зауыты ғана толық қанағаттандыра алады деп санайды.
Өзбекстанның химия зауыты жұмысшылар наразылығына дейін де Ресейге балама ретінде қаралған. «Олар бізге екі мың тонна ғана бере алады. Оның өзін тұрақты түрде жеткізе алмауы мүмкін. Өйткені өзбекстандық зауыт алдымен ішкі рыноктың қажеттілігін өтейді» дейді АХҚЗ басқарма төрағасының орынбасары Радий Фахрединов.
Ақтөбе хром қосындылары зауыты пандемияға дейін өз өнімін әлемнің 30 мемлекетіне сатқан. Соңғы жылдары ақтөбелік өнімді тұтынушы мемлекеттер саны да азая бастапты. Өйткені зауыт Эстониядағы қоймасына хром қосындыларын жеткізу үшін Ресей теміржолының қызметіне жүгінеді. Ол жерден хром қосындылары АҚШ пен Еуропа, Корея, Жапония және тағы басқа мемлекеттерге жіберіледі.