Tilshi Podcast – Тілші медиа тобындағы жаңа өнімдердің бірі. Данияр Сағидолла – осы жобаның контентіне жауапты маман. Подкаст түсіруді бірнеше ай бұрын Tilshi командасымен бірге бастаған еді. Даниярмен подкаст жобасының контентін жасау, подкаст спикерлерін табу, қаралым жинау жөнінде әңгімелестік.
— Tilshi Podcast жобасына қалай келдің?
— Негізі подкаст жасау көптен бері ойымда жүрген. Ол кезде подкастың жұлдызы жанып тұрған кез еді. Бұл шамамен 2021 жыл ғой. Өңірде подкаст атаулы аса дами қоймаған. Міне, сол кезде подкаст жасап көрсем бе деген ой келді. Бірақ оны жүйелеуге, жүзеге асыруға ынта болмады ма, әлде қаражат жағы қиындау болды ма, әйтеуір іске асыра алмадым. Осы идеяны Асқар Ақтілеуге (жоба жетекшісі – ред.) айтып көрдім. Басты мақсатым – алаңға, яғни подкастқа шығу емес, контент-мейкер болу. YouTube, подкастингті жақсы білмейтін едім. Ақпан айында Ақтөбеге подкастер Әйнел Әмірхан келді. Өзі – Oydetox подкастының авторы. Подкастымыздың алғашқы қонағы ретінде шақырайық деп қолқа салдым.
— Қандай қиындықтарға кезігесіздер?
— Жалпы қаралым жинау қиындау. Алғашқы 1-2 жылда қаралым жағынан қиындық тууы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Спикерлерді іздестіру өз алдына бөлек әңгіме. Өңірде спикер табу қиын. Себебі Ақтөбе Астана, Алматы сияқты мегаполис емес. Сәті келсе қонақты сырттан да күтеміз. Мысалы, PR-менеджер Назым Жанғазымен, мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен жасаған подкасттарымызды атап өтуге болады. Танымал тұлғаның бәрін бірдей подкастқа шақырмаймыз. Бізге олардың айтары маңызды. Спикердің аудиториясы жақсы екен, қаралымды көбірек жинау үшін шақырайық деген ойымыз жоқ. Біздің мақсатымыз – сапалы контент жасау, көбінесе азаматтық қоғам жайлы айту.
Бүгінде Tilshi Podcast-тың 15 эпизоды жарық көрді. Соңғы 5 подкастты эксперимент болсын деп Ақтау қаласында түсірдік. Оның төртеуі жарияланды, бесіншісі монтажда. Айына 2 подкаст шығаруды мақсат еттік. Алдағы уақытта Isker Podcast жобасын жүзеге асырып, өңірдегі кәсіпкерлермен сұқбат жүргізуді жоспарлап отырмыз.
— Подкаст жасағандарыңызға 1 жылдай уақыт болды. Жалпы осындай медиа жоба жасауда нені ескеру керек екен?
— Бастысы – тоқтамау. Ерте ме, кеш пе жемісін беретіні анық. Алғашында подкаст түсіру хобби ретінде басталған еді. Уақыт өте подкастты монетизациялауға болатынын түсіндік. Қазір кейбір эпизодтарымызға демеуші табылды. Монетизациялау бойынша жұмыс жалғасады.
— Сіздің командада PR Arba Media деген жоба бар. Өзін PR агенттігі деп айдарлапсыздар. Сол туралы айтып беріңізші, негізі мақсаты, жұмысы қандай?
— Команда болып сапарға шыққанда медиа, контент жасау жөнінде көп әңгімелесеміз. PR, коммуникациядағы кризис, жеке бренд жайлы да аз айтылмайды. Жалпы, көп нәрсені жолда жүргенде талқылаймыз, жоспарлаймыз. Бізде арнайы жиналыс, «летучка» деген жоқ. Жол үстінде әңгіме жеңіл, бейформал түрде өтеді ғой. Көп жайтты жолда, пойызда, әуежайларда реттеп аламыз.
PR Arba Media жобасы туралы да аз айтылмайды. Менің ол жердегі ресми позициям – координаторлық. Жеке адамдарға консультация береміз, ақпараттық кампаниясын жүргізуге көмектесеміз. Тек өзіміздің медиа алаңдарда емес, өңірдегі, елдегі ақпарат құралдарымен (сайттар, газет-журналдар) пабликтермен, подкастерлермен, медиа тұлғалармен байланыс орнатып келеміз.
Қазірдің өзінде Ақтөбеден бірнеше клиентпен жұмыс істеп, оларға танылу, бизнестегі месседжін жеткізу, брендін қалыптастыруға үлес қосып келеміз. Бұл бағытта жұмыс дами береді.
Өткенде Маңғыстау облысында бірнеше подкаст түсірдік, сол өңірдегі Oligarch ерлер бутигі, Mussali дәмханасы қолдау көрсетті. Бүгінде Isker Tilshi жобасымен ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлермен рилс форматында контент жасап жүрміз. Оған Ақтөбедегі Renzo ерлер дүкені демеушілік етеді.
— Жеке брендті қалай тез қалыптастыруға, дамытуға болады?
— Еңбектену керек. Ерекшелік болу керек. Тұрақты, сапалы контент жасалса жақсы. Бұл қысқамерзімді жұмыс емес. Ұзақ уақыт керек, ресурс құю керек. Менің ойымша, өзіңді барлық әлеуметтік желіде танытқан дұрыс. Оның ішінде Instagram, Tik Tok-та да болған жөн. Мен байқаған тенденцияның бірі — көпшілігі жеке брендті дамытуды инстаграмда қолға алады. Сол жерде қалыптастырып, дамытады. Аудитория жинап, YouTube-қа ауысады. Монетизация үшін емес, жеке брендін дамытып, аудитория алмасу үшін деп ойлаймын. Кәсіпкерлер де солай жасайды.
— PR саласында кризисті коммуникация деген түсінік бар. Оның алдын алуға бола ма? Қалай күресуге болады?
— Негізі ақсап тұрған дүние – кризисті коммуникация. Әсіресе, билік органдарында. Сын пікір көп болатыны анық қой. Бірақ биліктегілер жауап беруден қашады. Келісуге тырыспайды. Минусты плюсқа айналдырып алуға болады. Бірақ қара пиар тиімсіз. Себебі адамдар кез келген ұсынылған ақпаратты талдап тастауға дайын. Оқу керек. Іздену керек. Шынайы болуы керек. Шынайы жұмыс істеген адам өзіне де, сөзіне де сенімді болады.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Қазір Tilshi командасы өсіп келеді. Мен видео контентке жауапты менеджермін. Болашақта YouTube платформасына көбірек контент шығарғымыз келеді. Жастармен подкаст түсіргіміз келеді. Жоспарымыздың жүзеге асырылуы өзімізге байланысты.
— Бос уақытыңызда немен айналысқан ұнайды?
— Меніңше, кез келген адамға саяхаттаған ұнайды. Өзім де саяхатты жақсы көремін. Бірақ саяхаттап, әрі білім алған жақсырақ. Семинар-тренингтерге қатысып, тәжірибе алмасудан қашпаймын. Спорт жағынан футбол ұнайды. Тіпті бұрын футбол комментаторы болуды армандап едім. Марафонда жүгіру де жаныма жақын. Бұл — соңғы 3 жылда қалыптастырған жаңа хоббиім. Ақтөбеде өткен жүгіру марафондарына белсене қатысамын. Достарымызбен жиналып, Quiz-ге барамыз. Өзімді дамытып, жаңа идея үшін подкаст тыңдауға тырысамын. Әлем әдебиеті ұнайды. Қазір мені жасанды интеллект қызықтырады.
Аружан Смағұлова,
арнайы Tilshi Media үшін