Aqtobe Day Isker Tilshi

Бекзат Машимов, маркетолог, кәсіпкер: «Ақтөбеде маркетингке көңіл бөлмейтін кәсіпкерлер көп»

Бүгінде кез келген кәсіптің дамуы үшін маркетологтың кеңесі керек-ақ. Нақты кімге, не сататыныңызды білмей, әрекет ету қиынға соғады. Ал сатудың қыр-сырын меңгерген Бекзат Машимов табысты болудың құпиясын да біледі. Кейіпкеріміз маркетингтің маңызы және өз кәсібін қалай ашқаны жөнінде сұқбат берді.

Бекзат – “Хикмет” оқу орталығының негізін қалаушы. Маркетинг бойынша біраз білім алған. Өз клиентін қалай табуды біледі. Бүгінде сол алған білімін бөлісіп, маркетинг бойынша кеңес беріп жүр.

«Қызметін сата алмайтын мұғалімдер бар»

Қазіргі таңда кәсіпті жүргізу үшін маркетинг керек. Қазір репетиторлықпен айналысатын мұғалім көп. Бірақ қызметін сата алмайды. Бекзаттың айтуынша, өнімді немесе қызметті нақты кім алатынын анықтап алу қажет. Кәсіптің әлеуметтік желіде болуы жеткіліксіз. Сатуды меңгеріп, нақты кім және не үшін алатынын анықтаған жөн.

Алматыға барып, маркетинг бойынша 3 айлық курстан өттім. Клиент тану, жарнама шығару, копирайтингті толық меңгеріп шықтым. Алған білімімді осы кәсібімнің өркендеуі үшін пайдаланып жүрмін. Оқу кезінде тапсырмалар беріп, сатуды үйретті. Маркетинг бойынша әр түрлі ауқымды жобаларды жүргіздім. Ол кезде команда болып жұмыс істейтін едік. Бастысы, клиентті тану керек. Сатып алушы кім? Оған не нәрсе керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп, зерттеп аламыз. Клиенттердің кілт сөздерін бірден анықтадық. Соның негізінде жарнама жасаймыз. Таргет жіберіп, әр түрлі маркетинг әдістерін пайдаланамыз, — деді ол.

“Сатып алушыны тану маңызды”

Маркетингтегі негізгі құралдардың бірі –  аудиторияны анықтап алу. Себебі әрі қарай жұмыс істеу оңай. Аудиторияны анықтау үшін арнайы сұрақтар бар. Тауарды кім сатып алады? Ол қайда тұрады? Не істейді? Немен айналысады? Бұдан “клиент аватар” шығады.

Маркетинг бойыншакеңес беремін және оқытамын. Бұл салаға қатысты кейстерім бар. Себебі маркетинг консультациясының чегі жоғары. Келген адамның кәсібін толығырақ зерттейміз. Маркетинг бойынша кеңес беру мен оқыту екі бөлек нәрсе. Оқыту 8 кездесуден тұрады. Оны әрі кетсе 3-4 күнде оқып алуға болады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ербол Шыма, бизнес-тренер: “Кәсіп бастасаңыз, мемлекеттік бағдарламадан бас тартпаңыз”

Әдетте адамдар кәсіп ашу үшін ақша керек деп ойлайды. Бекзаттың айтуынша, Ақтөбеде маркетингке көңіл бөлмейтін кәсіпкерлер көп. Жарнамаға ақша бөлмейді. Клиентін танымайды. Сол ашқан кәсібін, сатып жатқан қызметін немесе өнімін барлығына керек деп ойлайды. Нақты кімдерге керек екенін зерттемейді. Өздеріне инвестиция құймайды.

Кәсіпті жарнамасыз жүргізе алмайсыз. “Сарафанное радионың” статистикасын көру мүмкін емес. Таргет бойынша қанша адам қарағанын бағалай аламыз. Алматыда маркетинг жақсы дамыған. Ақтөбеге маркетингті игеру тенденциясы енді қалыптасып жатыр. Оқы, курс ал десек, “өзім білемін” дегенге басады, — дейді Бекзат.

Кәсіпке қадам

Бекзаттың кәсіпке алғашқы қадамы мектеп кезінен басталған. Кішкентай кезінде телефон нөмірлерін сатып, ақылы түрде есеп шығарып, ақша табады. Алматыда жүріп түрлі тренингтерге қатысқан. Тренингтерде ақша табу үшін қолдан келетін дүниені сату керек деп айтқандықтан есеп шығару қабілетін пайдалануды жөн көреді. Әуел баста мұғалім болғысы келмеген Бекзаттың бүгінде “Хикмет” оқу орталығы бар.

Ең әуелі, маркетинг негіздерін, кіріспесін өз бетіммен оқып, үйреніп алдым. Репетиторлықты бастағанда сатып алушыны таныдым. Клиентті ажырата білемін. Осы тұрғыда қалталы ата-аналар деп бөлек қарастырдым. Оның өзі іштей неше түрлі сигменттерге бөлінеді. Бірақ маған дәл сол өзім қарастырып, зерттеген қалталы ата-аналар тобы келіп жатты. Орташа сигментке жататын ата-аналар да бар. Бірақ олармен жұмыс істеу қиын. Аз төлеп, көп нәрсе талап етеді. Жалпы оқу орталығының әдістемесі бөлек. Мектептегідей оқытсақ, оқушы тез жалығады. Оқушыны жалықтырып алмау керек. Мысалы, біздің оқу орталығына Заречный, Ақжар, Маржанбұлақ елдімекендерінен қатынайтын оқушылар да бар, — дейді кейіпкеріміз.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Асылхан Әбдіжалелов, сату бөлімінің басшысы: “Мен ешкімге сатпаймын, халыққа қызмет көрсетемін”

Әуелі ол OLX-ке репетиторлық жөнінде жарнама сала бастаған. Сөйтіп Бекзатты түрлі оқу орталықтарына сабақ беруге шақырыпты. Оқу орталығында жұмыс істеп жүріп, тәжірибе жинағаннан кейін өз алдына кәсіп ашуды көздейді.

Осы уақытқа дейін өз оқу орталығымның атауын қойып көрмеппін. “Хикмет” оқу орталығын басқа біреулер ашқысы келген. Дайын кәсіп еді. Осылайша осы оқу орталығын аштым. Бірақ бұған дейін “Progress” оқу орталығында сабақ беріп жүрдім. Оның да атауын мен қоймаған едім. Бұл ағылшын мен математика пәндерін оқытатын орталық болды. Аудиторияма ребрендинг жасап жатқанымды айтып, барлығын “Хикмет” оқу орталығына тарттым. “Хикмет” – математика, физика, Қазақстан тарихы пәндерін оқытып, ҰБТ-ға дайындайтын оқу орталығы. Орталықта 5 мұғалім жұмыс істейді. Қазір орталықта 70 шақты оқушы білім алады, — деді ол.

Сатудан ұялмаңыз!

Бәрі де өз өнімін сатқысы келеді. Бірақ сата алмайтын адам болады. Сату үшін мінез керек. Тіпті сатуға ұялатын адам бар. Бірақ өнімнің, қызметтің сәтті сатылып, табысты болуды қаласа, өзі үшін меңгеріп кетеді.

Кез келген дүниенің өз нұсқаулығы болады. Сатудың арнайы, нақты қадамдары бар. Соны дұрыс пайдалана білген адам ғана өз мақсатына жетеді. Маркетинг – өнім мен клиенттің арасын байланыстыратын құрал. Мысалы, мен кәсіпкермін. Қызметімнің кімге керек екенін табуым керек. Менің қызметім ата-анаға қажет. Оқушыларды оқытқанымызбен, олар біздің аудиториямыз емес. Себебі өнімді ата-анаға сатамыз.

Бекзат бос уақытында спортқа көңіл бөледі. Футбол ойнайды. Кәсіпке қатысты кітаптар оқиды. Алдағы уақытта маркетинг бойынша кеңес беріп, оқытуды жалғастыра бермек.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Әйкерім Нұрлан, NEKKAR кофеханасының иесі: «Біздің бағытта ең қиыны - бариста табу»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *