Ақтөбе облысының құтқарушылары бүгін жолдың жабылуына байланысты далада қалған 53 жолаушыны қауіпсіз жерге көшірді. Оқиға Әйтеке би ауданындағы республикалық маңызы бар тасжолдың 950-шақырымында болды, деп хабарлайды «Тілші».
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқару операциясы екі бағытта жүргізілді:
- Белқопа ауылына қарай жаяу бет алған 15 адам;
- «Шымкент–Мәскеу» бағытындағы автобустың ішінде қалған 38 жолаушы.
Құтқарушылар барлық жолаушыны жақын маңдағы елді мекендердің жылыту бекеттеріне жеткізді. Құтқарылғандардың ішінде 11 Өзбекстан азаматы бар.
«Қуанышқа орай, эвакуацияланған азаматтардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж емес», — делінген ресми хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі барлық тұрғындар мен қонақтарға алыс сапарға шықпас бұрын ауа райы болжамын мұқият тексеруді және құзырлы органдардың ескертулеріне құлақ асуды сұрайды.
