Isker Tilshi Ақпарат

«Досыңмен бизнес жасауға болмайтынын ұқтым»: 17 жастағы барбер жетістіктері мен қиналған сәттері туралы

Әсет Даражадин — 17 жаста. Ақтөбедегі ірі барбершоптардың бірінде еңбек етеді. Шаш қию өнерін 14 жасында меңгерген. Бүгінде бірнеше шәкірт тәрбиелеп, қатарға қосқан. Мектепті биыл бітірген жасөспірім өз бизнесін бастағысы келеді.

«Тілшіге» берген сұқбатында Әсет басынан өткен қызықтарымен, осы күнге дейінгі жетістіктерімен, қиналған сәттерімен бөлісті.

«Алғашқы клиентімнің шашын алғанда қол-аяғым дірілдеді»

«Бұрыннан балалардың шашын қиып жүрмін, бірақ барбершопқа келгенде алғашқы клиентім үлкен ағай болды. Қол-аяғым дірілдеді. Әдемі алып шықтым. Ол кісіге де ұнады. 15 күн өткенде басқа өрнектер салып үйрендім. Негізі, күніне 1-2 клиенттің шашын алу керек болатын. Үйреніп жүрген кезім. Мен ауладағы бүкіл баланы шақырып аламын, аялдама жақтан шашы өсіп кеткен жігіттерді де тартамын. Сөйтіп, бір күнде 5-6 адамның шашын алған кездер болды», — дейді Әсет «Тілшіге» берген сұқбатында.

Абырой болғанда ешкім шағым айтпады. Керісінше, клиенттері көбейіп, Әсет жұмысқа бармай қалған күндері қоңырау шалып іздейтін болды. Тіпті, басқа басқа барберлерге бармай, жас барбердің жұмысқа қосылғанын күтіп жүреді.

«Барбершоптан гөрі барбердің есімі алда жүреді»

Әсет барбершоптан гөрі шаш қию шеберінің есімі алда жүретінін айтады.

«Алайда, жұмыс орныңда клиентке жеке нөміріңді беруге болмайды. Көп барбершоптың талабы солай. Оны түсінуге де болады. Бірақ, адам болған соң, телефоныңды сұрайды. Басқа барбершопқа ауысып кетсең, ізіңнен іздеп баратындар болады», — дейді ол.

Әсет барбер жұмысына ерте араласты. Сондықтан, оны «оқушы» деп іздеп келеді екен. «Әдетте, «шетте тұратын шеберге жазылайын деп едім», «бойы ұзын барбер қисын», «әлгі оқушы бала бар еді ғой, соған жазып қой» деп жатады клиенттер.

«Бір сәтте 600 мыңнан айырылған кездер болды»

Әсет ерте жастан ақша таба бастады. Сондықтан, өз шығындарын өзі көтереді.

«Балалармен көшеге шыққанда да көбінесе мен төлеймін. Қасымдағылар менде ақша болатынын біледі. Әрине, ол да дұрыс емес. Бірақ, бар кезде аянбаймын», — дейді мектепті биыл бітірген жасөспірім.

«Ақша адамды өзгертеді. Бір кездері қатты құнығып кете жаздадым. Ойын ставкасына 3 мың теңге салып, 300 мың шығарып алдым. Одан тоқтау қиын болды. Тағы өндіремін деп жүргенде, ол ақшадан айырылып қалдым. Көлік аламын деп жинап жүрген 300 мыңымды салып жібердім. Ақырында, тақырға отырдым. Бұл маған үлкен сабақ болды», — деп еске алады Әсет.

Үлкен сомадан айырылғанынан ата-анасы хабарсыз көрінеді.

«Сіз, бірақ, жаза беріңіз. Олар бәрібір сіздің сайтты оқымайтын шығар», — деп күледі жасөспірім.

«Мектебімнің 100 оқушысының шашын тегін алып беремін деп сөз бердім»

Әсет қаладағы №36 мектепте оқыды. Соңғы жылында қайырымдылық ретінде 100 оқушының шашын тегін алып беретін болған. Аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы балаларына осылайша аз да болса көмектескісі келгенін жасырмайды.

«100 адамның әзірге 7-інің шашын қидым. Мұғалімдер өз сыныптарында оқитын балаларын тықпалап жатады. Әрине, сөз бердім, сөзімде тұрамын. Тек биыл жазға жоспарларым бар. Алдағы жаңа оқу жылында қайырымдылық шарасын жалғастырамын», — дейді күліп жас барбер.

«Әжем «екі кеменің басын ұстама» деп есіме салып отырады»

«3-4 жылдан бері спорттың ММА түрімен айналысамын. Сабақ үлгерімім жаман болмады. Ұстаздың айтқанын есіме сақтап аламын. Есте сақтау қабілетім жақсы. Бір жағынан бизнес ашу арманым. Алайда, әжем үнемі «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп айтып отырады. Мен бірнеше кеменің басын ұстап жүрген сияқтымын», — дейді әңгімесін жалғастырған Әсет.

«Рас, ММА-ны қоя тұратын шығармын, өйткені, тізе жарақатын алдым. Негізі, спорт шеберлегіне үміткер едім (күледі). Бір жағынан, мектеп бітірген соң мамандық алу керек. Сол үшін құжаттарымды университетке тапсырып жатырмын. Бірақ, бәрібір бизнеспен айналысқым келеді. Сізге қызық айтайын, еңбекке араласқалы клиенттермен сөйлесе келе, біраз ашылдым. Бұрын тұйық едім. Бизнестің бір плюсі — адамды ашады», — дейді Әсет.

Жасөспірім барберлер оқытып, жұмыс істегісі келеді. Сонымен бірге, криптовалютаға қызығушылығы жоғары. Алайда, заманауи ақша туралы әзірге сырттай бақылап, білім жинап жүр.

Ақтөбедегі алғашқы барбершоп иесі Арай Төлегеновпен таныстығы жайлы

Арай Төлегенов — Ақтөбеде алғаш барбершоп ашып, ондаған, тіпті, жүздеген шәкірт тәрбиелеген кәсіпкер. Бір кездері командасына адам жинағанын естіп, Әсет те барған.

«Алайда, мені жақындатпады. «Сертификат рөл ойнамайды, тәжірибе керек» деді. Бірақ, мен ақыры барбершопқа орналастым, біраз тәжірибе жинадым. Арай ағаға ренжімедім. Керісінше, біраз жыл өткенде оған хабарласып, қазір осындай жетістікке жеттім деп жаздым», — дейді Әсет.

«Жақын достармен бизнес бастау — қауіпті»

Әсет бір досымен серіктес болады. Алайда, ақша араласқан жерде достық болмайтынын ерте сезінгенін айтады.

«Мен жақын адамдарыммен бизнес жасағым келмейді. Қарым-қатынас бұзылады. Маған жақын адамдармен достық маңызды. Әйтпесе, досыммен ақша үшін ғана араласатын сияқты болып кеттім. Сондықтан, бизнесте тек серіктес ретінде араласамын. Олар бағынышты болу керек. Команданы басқара білу керек», — деп санайды жас барбер.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *