Ақтөбелік кәсіпкер отандық ерлер костюмі брендін қалыптастырмақ ниетте

Ерлан Отарбай – ақтөбелік кәсіпкер. Бүгінде ол ер азаматтарға арналған костюм-шалбар дүкенінің иесі. Әзірге, тауарды өзге елдерден алдыртатын Ерлан алдағы уақытта отандық ерлер костюмі брендін қалыптастырмақ ниетте.

Кәсіпкер алдағы жоспарларымен, қазіргі бизнестері, жалпы, осы салаға келу үшін қалай еңбектенгені туралы Isker Tilshi жобасына егжей-тегжей баяндап берді.

Өңірлерде ер адамдардың киім үлгілеріне мән беруі салыстырмалы түрде төмен деңгейде. Соңғы үлгідегі, кейінгі жылдары трендтегі киімдерді ер азаматтар киюге асығар емес. Оған талғамның төмен болуы немесе мүлдем болмауы себеп. Немесе, қалта көтермеуі мүмкін.

Ерлан Отарбайдың пайымынша, расында, ерлер жағында костюм-шалбар таңдауда талғамы сын көтермейді. Содан болар, көп жағдайда өз еркімен емес, әйеліне ұнаған киімді ғана киеді.

 

«Бала кезімнен классика үлгісіндегі киімдер киюге тырыстым. Костюм-шалбар тастамаймын. Ер жете келе, мүмкіндігім келгенше, түрлі костюмдер алып киетін болдым. Стилім осы деп сенімді түрде айта аламын. Ал, бизнеске келерде, ойланбастан, ерлер костюм-шалбары бутигін ашамын деген сенімде болдым. Әрине, бұл күнге бірден келмедім. Нарықты біраз зерттеуге тура келді. Нишаның (мақсатты аудиторияның) талғамын білу керек болды. Сынақ ретінде шағын партия алдыртып, жергілікті халыққа ұсынып көрдім. Қателеспеген сияқтымын. Алғашқы партияның 80 пайызын өткіздім, екінші легі жеткізілгенде, оның 90 пайызы сатылып кетті», — дейді Ерлан костюм бизнесінің қалай басталғаны туралы еске алып.

Ерлан әрдайым айналасы қандай киім киетінін қадағалап жүреді. Еркін стильдегі киімдерге қарағанда классиканы ақтап алуға барын салады.

Кәсіпкер осыған дейін басқа бағыттарға өзін сынап көргенін айтады.

«Келіншегім тігінші. Бастарқыда «бабочкаға» тапсырыс жасап жүрдім. Бір метр матадан 10 «бабочка» шығады. Матаны 2 мың теңгеге аласың, 10 «бабочкадан» 10 мың теңге түседі. Жарнамасы, сатуы, халыққа ұсынуы – менің мойнымда. Келіншегім тек үлгертіп тігіп отыратын», — дейді Isker Tilshi қонағы алғашқы бизнесі жайлы.

Ерлан Отарбайдың айтуынша, «бабочка» аксессуарына жігіттер тарапынан сұраныс жоғары болған. Кейде, тіпті, өндіріс ауқымын ұлғайтып, брендтеп, тек Ақтөбемен шектелмеуді ойластырып жүрген. Алайда, бұл істі Ерлан неге тастап кеткенін өзі де түсінбейді.

«Уақыт бөлмедім, шынымды айтсам. Бәлкім, ұсақ жұмысы көп болып кетті ме, бәлкім бағасы арзан болғасын өнбеді ме, өзім де ойланамын. Кейде, басқа жағынан кіріс кіріп тұрғасын, «бабочкаға» көңіл бөлмей қалған сияқты боламын. Дегенмен, егер, шындап қолға алса, тұрақты табыс әкелетініне көзім жетті», — дейді кәсіпкер.

Ерлан корпоративті кештер мен той жүргізсе де, классикадан ауытқымағанын айтады.

«Кеш жүргізушісі кім дегенде жарқырап тұруым керек шығар. Ала-бажақ киім кимеймін. Менде өмір бойы ақ-қара түсті киім. Ақ көйлек, қара костюм-шалбар, кейде смокинг, классика туфли», — дейді ол.

Жарнамасыз, маркетингсіз болмайды

Ерлер костюм-шалбары бутигінің жарнамасымен Ерланның өзі айналысады.

«Түрім бар, дауыс ырғағым қойылған. Сымбатты жігітпін (күліп). Камера алдында өзімді еркін ұстаймын. Сөйлей аламын» деген Ерлан жастау кезінде кабакта ән салғанын, дауысының сол кезде дұрыс қойылғанын жасырмайды. Корпоративті кештерде көптің назары өзіне ауатынын да ашық айтқан кәсіпкер келбетін жарнама үшін қолданатынын мақтанышпен айта алады.

«Таргеттен ақша аямау керек. Дегенмен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды ұмытпау керек. Менің өңірде аз болса да танымалдылығым – клиент әкелуге көп септігін тигізеді. Сол үшін де жеке брендпен айналысуды мақсат етіп қойдым. Тіпті, түрлі іскерлік ұсыныстар түсіп жатады», — дейді ол

Сондай іскерлік ұсыныстардың бірі – өңірдегі күрес федерациясының вице-президенті лауазымы. Бүгінде кейіпкеріміз қоғамдық негізде спорттың осы түрін дамытуға үлес қосып жүр.

Спорт демекші, бүгінде бір серіктесімен бірге Ерлан Ақтөбеде күрес орталығын ашуды ойластырып қойыпты. Орын бар, бүгінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Күзге таман спорттық нысан есігі айқара ашылуы мүмкін.

«Алдағы жоспарларымның бірі – гір көтеруден турнир ұйымдастыру. Қаланың орталық алаңында, мейлі, Ақтауға барсақ, теңіздің жағасында жігіттерді жинап, спорттың осы түрінен шоу жасағым келеді. Қолдаушылар табылатынына сенімдімін», — дейді мақсаттарымен бөліскен Ерлан.

Өткенге сәл шегініс…

Ерланның кезекті бизнесі – алтыбақан.

Бірде Алматының Көктөбесіне шыққан Ерлан Отарбай алтыбақанға қатты қызығып қайтады. Ақтөбеге орала сала, темірден алтыбақан құрастыруға тапсырыс береді. Онысын орталық саябаққа апарып қояды. Тіпті, арнайы баға белгілеп, паркке келушілерге қызмет көрсете бастайды.

Алайда… тағы да сол уақыттың жетіспеушілігі… не немқұрайлылық… болуы мүмкін. Саябақ әкімшісі кәсіпкерге бірнеше мәртебе хабарласып, алтыбақан жұмысын не жалғастыруды, не тоқтатуды ұсынады. Жауап ала алмаған парк басшылығы алтыбақанды шығарып тастайды.

«Тағы да сол. «Бабочка» бизнесіне ұқсас деп ойлаймын. Менде басқа жақтан үлкен кіріс кіріп тұрды. Аз ақша түсіп жатыр деп мән бермедім деп ойлаймын. Ол кез келген кәсіпкердің басында болуы мүмкін. Мүмкін, өзім аса қатты қызықпаған шығармын. Оны да ойлап жүрдім», — дейді Ерлан.

Алтыбақан далада қалмады. Күндердің күнінде Ақтөбенің үш бөлігіне үш алтыбақан қойылды. Екеуі орталық мешіт алдында тұрды. Бір қызығы – Ерлан олардан пайда көрмеді. Алтыбақандарды қала тұрғындары тегін пайдаланып кетті. Оған кәсіпкер қатты қуанбаса, «бір грамм» өкінбегенін айтады.

Ерланның қазіргі бизнесі алдыңғыларына қарағанда үлкенірек. Айналымы да жоғары. Үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

«Жанашыр достарым «бастап кет» деп ақыл айтты. Кейбірі, керісінше, кері тартты. Тәуекелі тым жоғары деп қорқытты. Дегенмен, суға түскен тайынбас деп, кірісіп кеттім. Мұндай бизнесті бастаған соң, ойың да өзгере бастайды екен. Ақшаға қарым-қатынасты өзгерту керек сияқты. Әлі күнге есебін кәсіби түрде жүргізе алмай келемін. Барлығын ойша есептей саламын. Әрине, дұрыс еместігін түсінем. Содан соң… бизнесмендер үшін менің қателігім болып көрінуі мүмкін, таныстарыма сыйлық жасағанды ұнатамын. Бірде сатушы қыз «Ерлан аға, дүкеннің атын «сый-сыяпат» дүкені деп өзгерте салайықшы» деп ескерту жасады», — дейді Ерлан сол кезде ойланып қалғанын жасырмай.

Бүгінде кәсіпкер қаржылық сауат, ақшаға қарым-қатынас, тағы басқа жайттармен жұмыстанып жатқанын айтады.

«Әзірге түйгенім – мен ақша үнемдеген сайын кірісім азая беретін сияқты көрінеді. Керісінше, шын көңілмен, шын жүректен сыйлық жасасам, садақа беріп отырсам, менде жұмыс көлемі де артады, саудамыз да жақсы жүреді. Бәлкім, бұл жерде ешбір ережеге бағынбайтын заңдылық бар шығар. Жаратқан Иеміз барлығын ниетімізге қарай реттестіріп, ризығымызды алып жатқан болармыз» деген ой қылаң етеді», — деген Ерлан Отарбай әлі көп іздену керектігін, бизнес мәдениетін түсініп, мықты мамандардан білім алып отыру керектігін алға тартады.

***

Құрметті оқырман! Isker Tilshi жобасы аясында былтыр күз айларынан бері өңірдегі кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Егер тыңдаушы ретінде қатысқыңыз келсе, редакция поштасына, Instagram-аккаунтымыздың direct-іне немесе +7 778 523 44 96 нөміріне (WhatsApp) хабарласыңыз.

Сонымен бірге, Isker Tilshi жобасы аясында кімді спикер ретінде көргіңіз келетіні жөнінде де хабар беріңіз.

Сапалы контентті бірге жасайық!

Isker Tilshi

Be the first to comment on "Ақтөбелік кәсіпкер отандық ерлер костюмі брендін қалыптастырмақ ниетте"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*