Ақтөбе мен Ақтауда Qaharman бренді негізін қаланғанына көп уақыт бола қоймады. Дегенмен, іскер орта оның тарихы әріде жатқанын біледі. Осы және өзге де сауалдарды аталған бренд иесі Айбек Жұмашқа қойған болатынбыз.
«Негізгі қызметім мұнай саласында. Өз арамызда «мұнайшыларда ақша бар, бірақ ол қаражат айналымда болмайды» деп әзілдеп жатамыз. Артық ақша босқа жатпау керек, кіріс түсіру керек деген оймен бизнеске қаржы салғаным рас. Алайда, ол кезде мен бизнес жүргізудің не екенін, оның ішінде киімге қатысты іспен айналысу туралы мүлдем түсінігім болмады. Серіктес жігіттерден үлесін сатып алдым, қаржы құйдым, сонымен жұмыс жүру керек деп ойладым», — деп бастады әңгімесін Айбек Жұмаш.
Кәсіпкер араға біраз уақыт салып, көрсеткіштердің дұрыс еместігін сезе бастайды. Осылайша операциялық жұмыстарға өзі араласа бастайды.
«Бизнеске салған қаражатымның ұшты-күйлі жоғалып бара жатқанына қынжыла бастадым. Мен үшін сандар басты орында. О баста әдемі цифрларды сөйлеткендер болды. Іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша бола бастады. Қарап отыра алмадым. Дереу сараптама жұмыстарына кірістім. Кіріс-шығыс, табысты есептеп көрдім. Бірнеше айға анализ жасадым. Техникалық мамандық иесі болған соң, цифрға, аналитикаға жақындығым бар. Соның пайдасы тиді деп ойлаймын», — деп жалғастырды Isker Tilshi қонағы.
Айбек Жұмаш бастапқыда кадр таңдауда да біраз әбігерге түскенін жасырмайды. Маман бизнесті ұйымдастыруға мықты болғанымен, негізгі тауардың сұранысына қатысты нарықты сезіне алмауы мүмкін. Немесе мақсатты аудиториямен жұмыс істеуде қателіктерге бой алдыруы ықтимал.
Нақтылыққа басымдық беретін кәсіпкер KPI көрсеткіштерге мән беру керектігін алға тартады. Барлығының есебі болу керек деген қағиданы ұстанған ол кез келген жағдайда әрдайым есеп жүргізілу керектігін меңзейді.
«Нақты уақыт аралығында осындай көрсеткішке қол жеткізу керек деп мақсат қоямыз. Сауда нүктесіне қанша адам кіріп шықты, олар қанша сомаға чек жасады, қанша уақыт өткізді, қай тауарға сұраныс жоғары, бір киім дүкенде қанша уақыт сатылмай тұрды деген сарындағы сауалдарға цифрлар жауап бере алады», — дейді Айбек.
Qaharman желісі бастапқыда басқа атаумен жұмыс істеді. Уақыт өте келе серіктестермен мәмілеге келген Айбек Жұмаш ондағы барлық үлесті сатып алып, кейін ребрендинг жасауға бел буады.
«Рас, атау да үлкен рөл ойнайды. Мен жаңа атпен нарыққа кіріп келгенде, клиенттер бұрыла бастаған кездер болды. Табыс орта есеппен 30 пайызға төмендеп кетті. Бұрынғы атауға үйреніп қалған клиентті тарту бірден оңайға соқпады. Дегенмен, команда үшін жаңа жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Аз уақытта барлығы қалпына келді. Жаңа атауға да көз үйрене бастады», — дейді кәсіпкер.
Қазақы атауды таңдайтын кезде Айбек арнайы неймингпен айналысатын компания қызметіне жүгінгенін айтады. «Миссиямды, нақты бағытымды, мақсаттарымды брифте көрсеттім. Екі тарап ойласа келе осы атауға тоқтауды жөн көрдік» дейді ол.
«Мен көп іздегем. Бірақ, қазіргі заманғы оқуларға, ондағы спикерлерге кейде көңілім тола бермейді. Бизнесте жүрген соң нарықты бүге-шігесіне дейін зерттейсің. Кейбірі ауыз толтырып елді аузына қаратып жатады, өкінішке қарай, оның «операционкасында» жағдай керемет емес. Соған қарамастан қалың көпшілік есі кетіп тыңдайды, ондай әңгімеге сенеді, мотивация алып жатады. Сарапшы бір салада нақты жетістікке жеткенде ғана көпшілікпен бөлісу керек сияқты», — дейді Айбек қазіргі таңда көбейіп кеткен түрлі алаңдарға қатысты.
Айбек Жұмаштың жеке брендке қатысты ойы да өзгелерден сәл басқаша.
«Мен өз атыммен жұмыс істемейді екенмін. Атымды шығарып, сатуды көбейтуді ойламаппын. Кейбіреулер үшін бизнестің жүргенінен гөрі есімінің жиі аталғаны маңызды. Бірақ, бизнесмендер арасында менің адал жұмыс істейтінімді, бизнесте ешкімнің ала жібін аттамағанымды барлығы біледі. Айбекке сенуге бола ма сұраса, олар бірауыздан маған тек оң мінездеме береді»
Бизнесте Айбек Жұман сұры кардинал образын таңдағанға ұқсайды.
Өз бетімен ізденуге қатысты да қонағымыздың ойын тыңдадық.
«Жақын уақытта Іскерлік басқару магистрлігіне құжат тапсырдым. Іс адамдары арасында МВА оқу сәнге айналған да шығар. Ондай оқудың плюстері де бар, минустары да жоқ емес. Мәселен, мен сөз басында ішкі түйсікке сүйеніп жұмыс істейтінім туралы айтып қалдым. МВА оқып жүріп, бизнес жүргізу ережелеріне қатты мән беріп қойдым ба, көзі қарақты таныстарым «шаблонға түсіп қалдың», «рамкадан шықпайтын болдың» деген сарында ойлар айта бастады. Расымен, мен түйсікті ығыстырып, ережеге қатты мән беріп кеткенімді байқаймын. О баста мен тәуекелшіл едім, дұрыс емес екенін біле тұра, өзім сезген бағытта қозғалатынмын. Бәлкім, жаратқанның жақсылығы болар, әзірге барлығы ойымдағыдай жүріп жатыр», — деген Айбек МВА оқуларының оң жақтарына да тоқтап өтті.
Оның пайымынша, Ақтөбеде МВА оқып жүрген кәсіпкер көп.
«Кейбірі осы оқулардың арқасында бизнестеріне серпіліс әкелді, оңтайлы өзгерістер, дүмпулер сезіле бастады. Әрине, бұл жақсы. Мен тек қуаныштымын», — деп сабақтады әңгімесін кәсіпкер.
Бизнестегі сәтсіздік – келесі сатыдағы жетістікке себепші.
Айбек бизнестегі аз уақытта түрлі кедергілерге тап болғанын жасырмайды. Керісінше, олардың барлығы алдағы қадамдарын нығайта түседі деп сенеді.
Серіктестермен қарым-қатынасты айтпағанда, сауда алаңын жалға алуда кедергілерге жолықтым. Тарқатып айтудың қажеті жоқ шығар. Бастысы, бір сауда орталығынан орын көздедім. Бір себептермен ала алмадым. Есесіне, бір күні көшені жаяу аралап жүріп, Ақтөбенің орталығынан бизнесіме қолайлы орын таптым. Баға жағынан да келісе кеттік. Бұрын ауданы 600 шаршы метр орынды жалға алып келсек, қазір біраз шығынды қысқарттық. Бүгінде өте тиімді сауда алаңында бизнес жүргізіп отырмыз», — дейді ол.
Кәсіпкердің есебінше, бұрын сақтау қоймасының өзі 300 шаршы метр болса, қазір небары 7 квадрат.
«Артық тауарды ұстамауға тырысамыз. Айына кем дегенде бір рет жеңілдіктер түнін өткіземіз. Дүкенде ұзақ уақыт тұрып қалған тауарды өз бағасынан да төмен бағаға саудаға шығарамыз. Әрине, бастапқыда өзім де таңғалатынмын. Өз бағасынан төменге сатсам, пайдасы қайда?» деп ойлайтынмын. Сөйтсек, олай да пайда көруге болады екен. Артық тауардан арыламыз, қойма тазарады. Жаңа тауарға орын ашылады», — деп күледі Айбек.
Qaharman иесі өз атауымен киімдер үлгісін шығарып көрмек болған. Алайда, жергілікті цехтарда тігілген киім сөрелерде ұзағырақ тұрып қалатын болса керек.
«Өз өнімімізді айналдырып, кеңінен таныту үшін қомақты қаражат керек. Біршама уақыт күту керек. Бастап көрдік. Бірақ, әзірге кейінге қалдырып отырмыз. Уақыты келгенде ол жағына да кірісеміз», — деп қорытты сөзін Айбек Жұмаш.
Командаға қатысты Айбектің айтқаны келесідей:
«Қазір мақсатсыз жүрген жастар көп. Жұмыс іздеп келеді. «Мақсатың не?» деп сұраймын сөз арасында. Әрі кетсе «Айфонға» ақша жинау» деп қарап тұрады. Мейлі. Жалақысын алады. «Айфонын» алады. Жұмысын істейді. Ал, кейбір жастың көзі жанып тұрады. Ондай қызметкерге басқару қызметін сеніп тапсыруға да болады. Тіпті, болашақта бизнестің белгілі бір үлесін неге бермеске?!», — дейді кәсіпкер ағынан жарылып.