Әлеумет

Тұз бен құмды ұстап тұру үшін Арал теңізі табанына қанша сексеуіл отырғызылды

Арал теңізі табанында тұз бен құмды сақтап қалу мақсатында мыңдаған гектар алқапқа сексеуіл отырғызылып келеді. Ұзақ жылдар бойы Халықаралық Аралды құтқару қорында еңбек еткен, бүгінде Қазақстанның биоалуандықты қорғау қорына жетекшілік етіп отырған Асылхан Асылбеков сексеуіл отырғызуға қатысты TilshiNews.kz сайтына әңгімелеп берді.

«Бүгінде (медицина саласына) көп қаражат бөлініп, қымбат жабдықтар сатып алынып жатыр. Адамды ауырған кезде емдейді, негізі денсаулығының алдын алу керек. Біз де президент тапсырмасымен Арал теңізі табанынан көгалдандыру бойынша жұмыстар атқарып келеміз. Бір түп сексеуіл 4 тонна топырақ ұстап тұра алады екен», — деп бастады әңгімесін Асылхан Асылбеков.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің есебінен соңғы жылдары 54 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылған.

«Бір жақсысы – сексеуілді суарудың қажеті жоқ. Еккен соң өздігінен өсе береді. Рас, егілген сексеуілдің 30 пайызы аман өсіп шығады. 2012-2013 жылдары отырғызған сексеуіліміз бүгінде айналасына бұтақ шаша бастады. Бүгінде жаңа бұтақтар өсіп келеді», — деді қор жетекшісі.

Асылбековтың айтуынша, 2017 жылы Оңтүстік Корея Қазақстан Үкіметімен келісім аясында Арал теңізі табанына сексеуіл отырғызуға қаражат бөлген. Ол қаражатқа 5 млн түп сексеуіл отырғызылды, оның шамамен 50 пайызы өсіп шыққан.

«Жалпы, теңіз табанын сақтап қалуға отандық компаниялар да мүдделілік таныта бастады. Соңғы жылдары «ҚазМұнайгаз» компаниясының қолдауымен 15 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылды. Бізде Қазақ орман шаруашылығын ғылыми зерттеу институты бар. Корея бізге қаржы бөлгенде аталған ғылыми институт 30 мың гектар алқапта зерттеу жұмыстарын жүргізді», — — деп жалғастырды сөзін Қазақстанның биоалуандықты қорғау қорының жетекшісі.

Топырақ зерттеледі. Мұның барлығы уақыт алады. Көктемде өсімдік жақсы шығуы үшін күзде топырақты өңдеу керек болады.

«Таяуда Голландияның бір компаниясы Қызылорда облысының билігімен келісімге отырды. 10 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу көзделіп отыр. Теңіз табанына сексеуіл отырғызудың әлеуметтік астары да бар. Шетелдік инвестор қандай да бір пайданы көздейді. Париж келісімі аясында әрбір мемлекет көмірсутекті азайтуы керек. Сексеуіл ағашы көміртекті сіңіріп, оттегі бөледі. Бізге де керегі сол», — дейді қор жетекшісі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *