«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» алғашқы кейіпкері КТК арнасының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Жаңалық Ахаш.
— Жаңалық, сіз журналистика саласына 17 жасыңызда келген екенсіз. Бала күнгі арманыңызды тезірек жүзеге асырғыңыз келді ме, танымалдықты қаладыңыз ба? Әлде басқа бір себебі бар ма?
— Күнкөріс үшін келдім. Шалғай ауылда тұратын әке-шешем жұмыссыз қалған тоқсаныншы жылдардың соңы болатын. Отбасындағы бес баланың үлкенімін. Өзім табыс тауып, үй ішіне салмақ салмайын дедім. Ол кезде хабарландыру телеканалдардағы жүгірме жолмен берілетін. Ақтөбеден «Рауан» радиосының ашылатыны туралы хабарды сол жерден оқып, мүлдем бейтаныс әлемге топ ете қалдым.
Тоқсаныншы жылдардың соңында аймақтағы БАҚ кадр тапшылығын көрді. Ол кезде Ақтөбе университетінде журналистика факультеті болмады. Астана мен Алматыда журналистиканы оқыған қыз-жігіттер жердің шеті, желдің өтіндегі Ақтөбеге келгісі келмейтін. Бұрын солай еді, ол үрдіс әлі де өзгере қойған жоқ.
Тағы бір аңғарғаным, журналистика саласын таңдаған қыз-жігіттердің басым көпшілігі оны танымалдыққа апаратын тура жол деп санайды. 25 жылдан бері осы саланың нанын жеп жүрген адам ретінде айтайын, мүлдем олай емес! Бұл — қоғамның алдында жауапкершілігі өте зор сала.
— Сол жауапкершілікті ақтөбелік әріптестеріңіз қалай атқарып жүр? Өзіңіз қалай атқарып жүрсіз? Ақтөбедегі обьективті медиаресурс деп қайсын атар едіңіз?
— Ақтөбе журналистикасын Қазақстаннан бөліп алып қарауға болмас. Аймақтағы журналистика да күллі ел аумағындағыдай ала-құла. Мемлекет қаржыландыратын БАҚ та бар, ірі кәсіпкерлер бизнесіне қорған болсын деген пиғылмен ашқан газеттер де бар. Ал енді түрлі тосқауылдарға қарамай тәуелсіз журналистикада жүрген ат төбеліндей әріптестің жолы да, жөні де бір бөлек.
Маған келер болсақ, тілші ретіндегі бағамды көрермен бергенін қалаймын. Бәлкім жауаптан сытылып кетті дерсіз. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де көрерменнің мақтауы мен даттауына әрдайым құрметпен қарайтын адаммын.
Өзге жұрт сияқты менің де ақпаратсыз күнім жоқ. Мен де ақпаратты тұтынушымын. Әрі бұл «кухняны» ішкі жағынан білемін. Әріптестерімнің әртүрлі қиындықты елеместен кәсібилікке ұмтылатыны, контент сапасына мән беріп, заманауи тенденциялардан қалмауға тырысып жүргеніне қуанамын.
Өз басым Ақтөбедегі ең обьективті медиаресурс деп «Диапазонды» айтар едім. Журналистика стандарттарын ұстануы, ақпаратты бұрмаламайтыны ұнайды. «Диапазон» қазір әлеуметтік желілердегі парақшаларын да әдемі пайдаланып отыр. Желіде қызық та, шыжық та көп. Ондай кезде аудиторияны ұстап қалу оңай шаруа емес. Білуімше, «Диапазон» аудиториясын жүйелі түрде зерттеп отырады. Редакция шап-шағын ұжымның күшімен үлкен іс тындырып отыр. «Қисық көшемен де түзу жүруге болады» деген сөз бар. Соның бір мысалы деп «Диапазонды» айтар едім.
Біздің өңірде мемлекеттік екі басылым «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерін шығарып отырған «Ақтөбе-Медиа» деген серіктестік бар. Сол ұжым YouTube-тан канал ашқан. Әлгі каналдың 400-дей ғана жазылушысы бар. Жарар, санға да тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Мәселе контент сапасында.
«Ақтөбе-Медиа» өз каналындағы контентті араға айлар салып жаңартып отырады. Соңғы рет сол каналдан BAYTAQ жасылдар партиясы өкілінің «Қазақстан АЭС энергиясына мұқтаж» деген 4-5 минуттық видеосын көргенмін. Қарадай қарным ашты. Мемлекет осы екі басылымды үздіксіз қаржыландырып отыр емес пе? Неге сол ресурстарды оңтайлы пайдаланбасқа? Сайтын, YouTube-тағы каналын, желідегі парақшаларын неге тартымды етпеске? Меніңше, бюджет бөлген миллиондармен екі газеттің әр әрібін алтындап шығаруға болады.
— Әлеуметтік желінің арқасында ақпарат анағұрлым жылдам таралатын болды. Қоғамның кей тұстардағы қарсылығы да ашық айтыла бастады. Сіз желіде қаншалықты белсендісіз?
— Жасыратыны жоқ, көгенделген қозы-лақ құсап есіл уақытымыз желіде өтеді ғой. Бірақ аса белсенді пайдаланушымын дей алмаймын. Желіні ақпараттың бір бұлағы ретінде пайдаланамын. Есесіне ол менің алтын уақытымды ұрлайды. Бір жақсысы, көрерменмен тіпті ол түрмеде отырса да тікелей байланысуға болады.
Бірнеше жыл бұрын телефонымды өшіріп тастап, ұйықтап қалғанмын. Таңғы төртте жұбайымның нөміріне түрмеде жазасын өтеуші азамат хабарласып, мені оятуын сұраған. Сөйтсем түрме әкімшілігі тәртіп орнатпақшы болып, түзету мекемесіне әскер кіргізе бастаған екен. Жазасын өтеуші азамат алдымен желіден менің парақшамды тауып, болмағасын жұбайымның парақшасына өткен. Бас-аяғы жарты сағатта түрме маңына жетіп болдық. Жазасын өтеушілердің жақындары да жиналып қалыпты. Олар түрмеге әскер кіргізуді заңсыздық деп санайтынын айтып, сол жерде наразылықтарын білдірді.
— Қақтығыстар немесе тараптардың текетіресі кезінде журналисті қолшоқпар еткісі келетіндер болатын шығар? Ондай кезде өзіңізді қалай ұстайсыз?
— Мейлінше салқынқанды болуға тырысамын. Ол супермендігімнен емес. Болмысым сондай. Не істесем де табиғатыма қайшы болмағанын қалаймын. Мүмкін жалқаулау адам шығармын, кейбіреулер сияқты 1045 бетпердені киіп-шешіп жүруге түк құлқым жоқ.
Бірақ мен таң қалудан шаршамайтын бір нәрсе бар. Ол не дейсіз ғой? Қоғамда журналистің негізгі міндеті – ақпарат тарату екенін ескермейтіндер көп. Журналиске адвокат, жол көрсетуші, мәселені шешіп беруші, тіпті бар ғой жұрт ЖКХ деп атайтын мекеме қызметкері ретінде қарайтындар бар. Дұрыс түсініңіздер, мен ешбір мамандықты кемсітіп отырғаным жоқ. Әркімнің кәсіби міндеті бар. Менің міндетім — ақпарат тарату.
— Бәлкім сіз журналист қана емес, депутат болғандықтан жұрт талапты көбірек қоятын шығар? Айтпақшы, қандай да бір партияның мүшелігінде бармысыз?
— Ешбір саяси партияға мүше емеспін. Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттығына өз-өзімді ұсындым. Қоғамдық жұмысыма, депутат болуыма журналистикадағы танымалдығым әсер еткен де болар. Бірақ сол танымалдықты қара басымның қамына пайдаланып көрмеппін. Бір ғана мысал, өзім 25 жылдан бері тұратын көшеге тас жол төселмеген. Қыл аяғы кейде қоқысы да уақтылы алынбай жатады. Ал маған сенім артқан округтің жол, қатынас мәселелері біртіндеп шешіле бастағанына балаша мәзбін.
— Журналистика саласын таңдағаным қате болды деп өкінген кездеріңіз болды ма? Балаларыңыздың бірі «журналист боламын» десе қайтер едіңіз?
— Сұмдық оптимист адаммын. Оптимистігім сондай қателіктерімнің өзіне құрметпен қараймын. Журналистикада жүргеніме өкінемін, болмаса бір кездері өкіндім дей алмаймын. Бірақ шетелде білімімді жетілдіретіндей мүмкіндік туған кезде түрлі себеппен бармай қалғаным қате болды.
Жұбайым Әлия Оразайқызы да журналист. Төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкеніміз Меруерт архитектор болуды қалады. Екінші баламыз Мансұр авиация саласына қызығып жүр. Соңғы екеуі әлі кішкентай. Журналист боламын десе қарсылығым жоқ. Журналистика — қоғамға ауадай керек мамандық.
— Сұхбатыңызға рахмет!
автор: Tilshi Media