Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстанда туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 4,2 есе, ал өлім-жітім көрсеткіші 15,5 пайызға азайды. Қазақстан туберкулезбен тиімді күрес жүргізетін мемлекеттердің қатарына кіргенімен, әлі де көп дәріге төзімді туберкулез кең таралған елдердің қатарында. Қазақстан бұл дертті түбегейлі азайтып, бақылауда ұстауы үшін не істеуі керек? Бұл ретте қандай елдердің тәжірибесіне сүйенген жөн?
Туберкулез дертін он жылда екі жарым есе азайтқан өңір
Туберкулез – жақсы бақыланатын инфекциялық ауру. Бұл ретте Қазақстанда туберкулездің профилактикасы, диагностикалау және емдеу мүлдем тегін және мемлекеттің тарапынан толық қаржыландырылады.
Әлем халқының шамамен төрттен бір бөлігі туберкулез бактерияларын жұқтырған деп есептеледі. Жұқтырған адамдарда туберкулездің белгілері пайда болып, аурудың даму ықтималдығы шамамен 5-10% құрайды (дереккөз: ҚР ДСМ).
Ақтөбенің ескі бөлігіндегі «Мочалов ауруханасы» атанып кеткен туберкулез диспансерінің ғимараты жергілікті тұрғындарға жете таныс. Бір кезде туберкулездің ашық формасымен ауыратындар жақын маңдағы базарларда еркін жүретін-ді. Ал ғимараттан шыққан су өңделмей жылғалармен ағып, Кох таяқшасын таратуы мүмкін деген үрей болды.
Бірақ облыста туберкулез көрсеткіші азайған сайын бұл үрей сейілді. Бүгінде Ақтөбе облысы Қазақстан бойынша туберкулез дерті жөнінен соңғы үштікте. 100 мың адамға шаққанда науқас саны – 28. Осыдан 10 жыл бұрын облыста 100 мың тұрғынға шаққанда туберкулезбен ауыратындар саны – 68,9 еді. Ол уақытта республика бойынша 100 мың адамға шаққанда бұл дертпен 66,4 адам ауыратын.
Ақтөбе өңірі он жылда өкпе құртына шалдығуды екі жарым есе азайтты. Облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің есебінше, бұл көрсеткіш 100-ден асса пандемия, 50-ден асса эпидемияға ұласуы мүмкін. Ал дәл қазіргі 100 мың жанға шаққанда 28 адамның ауырғаны – жалпы алғанда төмен көрсеткіш.
Бұл Қазақстанда да жағдайдың жақсарғанын білдіре ме? Әлбетте, солай көрінуі мүмкін. Дегенмен…
Қазақстан туберкулез дерті бойынша әлем елдері арасында қай орында?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2004 жылы Қазақстанда 100 мың жанға шаққанда туберкулезбен 195 адам ауырса, 2022 жылы 100 мың адамға шаққанда науқас саны 78-ге түсті. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы бұл көрсеткіш 100 мың жанға шаққанда 34,8-ге азайды дейді. Бірақ Қазақстан көп дәріге төзімді туберкулез кең таралған елдердің қатарында. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, ел бұл тізімде 12-орында тұр.
Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
Туберкулез себептерін түсіндіретін ашық дерек көздер оның әлеуметтік дерт екенін жазады. Төмен әлеуметтік-тұрмыстық ахуал, дұрыс тамақтанбау, гигиена талаптарын сақтамау ағзаның қорғанысын төмендетіп, ауруға жол ашады.
Ерлан Тәтімов әлеуметтік осал топтар, темекі, ішімдікке жақын адамдар, қант диабетіне шалдыққандар мен баспанасы жоқ адамдардың осы дертке шалдығу ықтималдығы жоғары дейді.
Туберкулез – ең алдымен өкпені зақымдайтын жұқпалы ауру. Туберкулез бактериялары жұқтырған адамдар жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы таралады. Туберкулездің алдын алуға да, емдеуге де болады.
Ерлан Тәтімовпен сұқбаттың видео нұсқасын Tilshi Podcast YouTube-арнасынан көруге болады:
Ерлан Тәтімовтің пайымынша, туберкулездің алдын алу, әдеттегісінше, перзентханада БЦЖ егуден басталады. БЦЖ вакцинасы 100 жылдан бері қолданылып келеді. Негізінен бес жасқа дейінгі балаларға егу тиімді, ересек жастағы адамдар үшін тиімдірегі төменірек.
Бұдан бөлек орталықтың бас дәрігері аурудың алдын алу үшін құнарлы тамақ ішіп, салауатты өмір салтын ұстану керек деп кеңес берді.
«Ет жеу керек. 60 пайыз қызыл ет бар, 40 пайыз ақ ет пайдалану керек. Мейлінше тұрақты өмір сүру қалпын ұстанған дұрыс. Көп жерде жүре бермеген дұрыс. Үйде де бір адамдардың болғаны жақсы. Сырттан адамдардың келіп-кетуін шектеу керек. Минерал мен дәрумен мөлшерін есептемейміз ғой, бірақ, оларды есептей білген жөн. Қимылымызды да қадағалап отырған дұрыс. Күніне қанша шақырым жүріп өттің, қанша адым жасадың, барлығы маңызды», — дейді Ерлан Тәтімов.
Туберкулезбен күресте Қазақстан қай елдерді үлгі етсе болады?
Қазақстан туберкулезді анықтап, емдеу бойынша біршама ілгері басты. Дегенмен молекулярлық-генетикалық зертхана жағынан АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея алда. Оларда ауруды қысқа мерзімде анықтайды. Посткеңестік елдер арасынан Балтық жағалаулары елдері – Эстония, Литва, Латвияны үлгі етер едім. Арнайы туберкулез диспансері бар, пациенттер жалпы ем алатын емханаларда емделеді. Туберкулезбен ауыратындар да, ауырмайтындары да бір жерде қаралады. Ешқандай стигма белгілері байқалмайды. Бұл облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтқаны.
Әлемде туберкулезді түбегейлі жойған ел жоқ. Дей тұрғанмен Австралия, Батыс Еуропа, АҚШ елдері арасында туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші өте төмен деңгейде. Ол тұрғындардың медицина қызметіне қолжетімділігімен ғана емес, өмір сүру деңгейінің жоғары болуымен де байланысты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2035 жылға қарай туберкулезбен ауыру көрсеткішін 95 пайызға азайтуды көздейді. Ол үшін «Туберкулезді тоқтату» стратегиясын әзірледі. Бұл стратегия жоғары сапалы диагностика мен емдеуді қамтамасыз етуді, туберкулезбен және онымен байланысты жағдайлармен ауыратын науқастардың санын азайтуды көздейді. Сонымен бірге, туберкулезден және басқа инфекциялардан жоғары қауіп тобындағы адамдарды қорғау, туберкулезді емдеуді жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа механизмдерді әзірлеуді мақсат етеді.
Туберкулезбен сырқаттанушылықтың негізгі көрсеткіші 2018 жылы 81,7-ден 2022 жылы 100 мың халыққа шаққанда 36,5-ке дейін төмендеді, таралуы бойынша 2018 жылы 69,2-ден 2022 жылы 49,6-ға дейін төмендеді, өлім-жітім де -2018 жылы 7,4-тен 2022 жылы 1,6-ға дейін төмендеді.
Қазақстанның туберкулезбен күрес тәжірибесі
Денсаулық сақтау министрлігінің сайты Қазақстанда туберкулезді уақтылы анықтау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және көптеген дәріге көнбейтін туберкулезді анықтауға мүмкіндік беретін ДДСҰ ұсынған заманауи әдістер енгізілгенін хабарлайды.
Туберкулездің симптомдары бар барлық адам үшін бастапқы диагностикалық сынақ ретінде ДДСҰ молекулалық диагностикалық жедел сынақтарды қолдануды ұсынады. Осы сынақтардың көмегімен 2 сағаттың ішінде нәтиже алуға және адамның негізгі туберкулезге қарсы препаратқа сезімталдығының бар-жоғын білуге болады.
Қазіргі уақытта барлық тиісті ұйымдар, оның ішінде аудандық деңгейдегі ұйымдар туберкулезді және оның тұрақты түрлерін тез диагностикалау үшін жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Жұмыс істеп тұрған 19 өңірлік (облыстық, қалалық) туберкулезге қарсы зертханалар жаңа және қайта бейінді препараттарды қоса алғанда, дәрілік сезімталдыққа тестілеу бойынша сапаны сыртқы бағалаудың халықаралық раундынан өтті. Қазақстанда туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады және 2021 жылы сезімтал туберкулезбен алғаш анықталған науқастардың арасында ол 85,9% (ДДСҰ стандарты — 85%) және дәріге көнбеушілігі – 80,2% (ДДСҰ стандарты — 75%) құрады», — делінген министрлік сайтында.
Аурумен күресте үлкен тиімділікке дәрі-дәрмектердің жаңа түрлерін енгізумен, сондай-ақ жаңа технологиялар маңызды рөл атқарған процестің өзін жетілдірумен қол жеткізілді.
Мысалы, смартфон арқылы бейне байланыс арқылы медицина қызметкерлері емдеу процесін бақылайтын бейне-бақыланатын емдеу тәжірибесі енгізілді. Бұл ретте интернет үшін шығындарды медициналық мекеме өзіне алады. Егер пациентте смартфон болмаса, медициналық мекеме оны ұсынады.
Бүгінгі таңда ел заңнамасына сәйкес туберкулезбен ауыратын науқастарға психикалық-әлеуметтік қолдау көрсетіледі, 2022 жылдың қорытындысы бойынша амбулаториялық ем алатын пациенттердің 95%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.
Туберкулезбен күресте позитивті есептер жасалғанымен, бұл әлемдегі ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып қала бермек. Бұл дертпен күресте оң нәтижелер бар дегенмен, COVID-19 пандемиясы кезінде туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші жиырма жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет өсті.
ДДСҰ туберкулезден жыл сайын ол 1,6 миллион адам көз жұматынын, миллиондаған адамдардың азапқа және үлкен шығынға ұшырайтынын айтады. COVID-19 пандемиясы қарулы қақтығыстар, азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі, саяси және экономикалық тұрақсыздық сияқты басқа факторлармен бірге туберкулезге қарсы күресте қол жеткізілген жетістіктерді өзгертті.
2022 жылы туберкулезден әлемде барлығы 1,3 миллион адам қайтыс болды (оның ішінде 167 000 адам АИТВ жұқтырған). Сол жылы дүние жүзінде шамамен 10,6 миллион туберкулез дерегі тіркелді. Туберкулез барлық елдерде және жас топтарында тіркелген. Туберкулезді емдеуге және алдын алуға болады.
Қазақстан мен АҚШ дәріге төзімді туберкулезбен күресіп келеді
Соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезге шалдығу көрсеткіші жылына орта есеппен 8-10 пайызға төмендеген. 1998 жылы мемлекет басшысының жарлығымен ДДДҰ ұсынымдарына негізделген туберкулезге қарсы күрес стратегиясын іске асыру басталды. 1999 жылы USAID Қазақстанда ДДҰ ұсынған қысқамерзімді тікелей бақыланатын туберкулез терапиясының стратегиясын жүзеге асыру үшін пилоттық бағдарламаны іске қосты.
Туберкулезден болатын өлім-жітімнің азаюы аурумен күресте маңызды кезең болды. «1999 жылы өлім көрсеткіші 100 000 халыққа шаққанда 30,7 болды. 2020 жылы ол 100 мыңға шаққанда 1,9 болды», — дейді ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов.
Өкінішке қарай, Қазақстан туберкулездің мультирезистенттілігі деңгейі жоғары әлемдегі 30 елдің қатарында.
Доктор Әденов Қазақстанда дәріге төзімді туберкулез ауруының артуына әкелетін факторларды атап өтті.
«Біріншіден, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ДДСҰ ұсынған төрт дәрі-дәрмек пен емдеу режимінің біреуі немесе екеуі ғана қолжетімді болды. Елде дұрыс емдейтін дәрілердің бәрі бірдей болмады, — деп атап өтті Әденов. — Екіншіден, пациенттердің емдеу режимдерін сақтамауы. Емдеуді қадағалаудың ұлттық жүйесі болмағандықтан, кейбір науқастар толық курсты аяқтаудың орнына өздерін жақсы сезінген кезде дәрі қабылдауды өз еркімен тоқтатты».
Үшіншіден, Әденовтің пікірінше, зертханалық диагностиканың нашарлығы. Дәрілік заттарға сезімталдықты тексеру әдістері ескірген және көп уақытты қажет ететін. Орташа алғанда, дәріге төзімділікті анықтау 70 күнге дейін созылды.
«Соңында, төртінші, маңызды фактор – тұрғындардың туберкулез – жұғу жолдары, алдын алу, емдеу әдістері және дәріге төзімділіктің даму себептері туралы нашар хабардар болуы. Бұл, әрине, аурудың ағымын айтарлықтай қиындатып, емдеудің тиімділігін төмендетті».
USAID 1999 жылдан бастап туберкулезбен күресу ұлттық бағдарламасының адал серіктесі болып табылады, ол қысқа мерзімді тікелей бақыланатын туберкулез терапиясын енгізу стратегиясын енгізді.
2007 жылы АҚШ-тың қолдауымен Жаһандық қор арқылы Қазақстан сұйық ортада дәріге сезімталдықты диагностикалауға мүмкіндік беретін, дәріге төзімді туберкулезді анықтауды 70 күннен 40 күнге дейін қысқартатын аппараттар алды. 2012 жылы USAID есірткіге төзімділікті бірнеше апта бойы емес, бірнеше сағатта анықтайтын, ауруды ерте анықтауға және дереу тиімді емдеуге мүмкіндік беретін GeneXpert машиналарын енгізді.
2018 жылы USAID «Туберкулезді тоқтатудың жаһандық акселераторы» бағдарламасы аясында USAID Қазақстанға 50 GeneXpert аппаратын сыйға тартты, нәтижесінде бұл аппараттар бүкіл елде әмбебап қолжетімді болды.
Жаңа туберкулезге қарсы препараттардың енгізілуімен 9-18 айға қысқартылды.
Туберкулезді азайту мен бақылауда ұстау жолы
ДДСҰ туберкулез инфекциясын бақылауда ұстау үшін жұқпалы туберкулезбен ауыратын науқастарды жедел анықтап, оның таралуын алдын алып, науқастарды емдеу керек дейді.
Туберкулезді жоюға жақын елдердің тізіміне кіретін Италияда соңғы 20 жыл бойы бұл аурудың көрсеткіші жүз мың жанға шаққанда 6,5-7 адам деңгейінде тұр. Италия туберкулезді түбегейлі азайту үшін ең алдымен медицина қызметкерлерінің бұл дерт жайлы білімін арттырған. Елдің 21 аймағында науқастарды анықтау мен оларды бірыңғай тіркеу жүйесіне кіргізу жолға қойылды. Зертханалар (дәріге төзімді туберкулез түріне арналған ДНК дактилоскопияны қоса алғанда) жұмысының сапасын жақсарту мен медицина қызметін қолжетімді ету өз жемісін берді.
Ал Нидерланды туберкулезбен сырқаттану деңгейін 1970-жылдары-ақ азайтқан, бұл кездің өзінде елде 100 мыңға жанға шаққанда ауыру көрсеткіші небәрі 20 адамға жеткен. Нидерланды 1980-90-жылдары жедел диагностика, шеттен келгендерді скринингтен өткізу, осал топтарға кіретіндерді бақылау мен науқастарды бақылау саясатын енгізді.
ДДСҰ туеркулезбен күресу үшін осал топтарды тұрақты түрде тексеріп, скринингтен өткізу маңызды деп есептейді. Қазақстан бұл ұсыныстарды іске асырып та жатыр.
Ерлан Тәтімовтің айтуынша, шалғай елдімекендерде туберкулезді анықтауға қажетті барлық медициналық жабдық бар. Ауылдағы адамға туберкулезге ексерілу үшін қалаға келудің керегі жоқ. «Байғанин, Әйтеке би аудандарында тұрғылықты жерде барлық медициналық жабдық бар. Бір жағынан халыққа экономикалық шығын келтірмеу жағын ойластырдық. Анализ алынады, әрі кеткенде 80 минутта дерттің бар-жоғы анықталады. Ал егер дерт жұқпайтын болса, рентген арқылы анықталмаса, онда адам ауруханаға жатқызылмайды. Емін үйінде бастай береді. 5-6 ай сайын талқылайтын топ бар. 2-3 ай сайын зерттеп, бақылауда ұстайды. Соның нәтижесінде шешім қабылданады. Табыс көзінен айырылса, жергілікті әкімшілікке хат жазып, көмек беруін өтінеміз», — дейді бас дәрігер Ерлан Тәтімов.
Ал Мәлік Әденов бір күні Қазақстанда туберкулез індеті толығымен жойылады деп үміттенеді. Қазақстан туберкулезді жеңу жолында үлкен жетістіктерге жетті, бірақ әлі көп нәрсе істеу керек. Осы індетті жоюға деген ұмтылыс доктор Әденовті жігерлендіреді.
«Бұл менің елім. Мен оның болашағы үшін және балаларымның болашағы үшін жауапты сезінемін. Мен еңбек жолымда туберкулезді бақылауға және емдеуге болатынын көрдім. Бір күні бұл дертті де жеңетінімізге сенемін», – дейді ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов.
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.