«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері «Ойыл» аудандық газетінің бас редакторы Серікбай Қойбағаров.
— Серікбай, көктемгі су тасқынынан соң ел назары Ойыл ауданына әдеттегіден көбірек ауды. «Ойыл» газеті тасқын кезінде оқырман көңілінен шығып, обьектив ақпарат тарата алды ма?
— Су тасқыны Ойылға оңай соқпады. Қаншама халық (оның ішінде ағайын-туыс, құда-жекжат та бар) баспанасыз қалды. Осыны ескере отыра еңсесі түскен елдің құтын қашырмайтындай, дүрліктірмейтіндей ақпарат таратуға тырыстық. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларды алудың жолын түсіндірдік. Тасқынның салдарын жою мақсатында атқарылып жатқан істерді көрсеттік.
Жасыратыны жоқ, жүйедегі қағазбастылық кесірінен кей жұмыстар кешуілдеп те жатты. Бірақ мен анық білетін бір нәрсе, атқарушы билік қол қусырып қарап отырмады. Жеке қорлар арқылы халыққа көмектесті, үй салып берді. Суға ағып кеткен дүние-мүлік, төрт түлігіне өтемақы берді. Тап сол кезде халықтың арасына іріткі салғысы келгендер де көп болды. Теріс пиғылы бар азаматтар газеттегі ақпаратты пайдаланып кетпеуі үшін кей тұста жалаулатып, ұрандатпай сабыр сақтағанымыз да рас.
— Кешіріңіз, журналистиканың стандарттары ше? Ол қайда қалды? Журналист бейтарап болуы керек деген алтын қағида ше?
— Қазір ел арасында журналист өмірдің, қоғамның көлеңкелі жақтарын ғана жазатын адам деген түсінік бар. Мен онымен мүлдем келіспеймін. Билікті де, басқаны да реті келгенде сынау керек. Бірақ дәлел-дәйексіз сынауға болмайды. Өйткені БАҚ таратқан әр сөйлемнің көзге көрінетін, көзге көрінбейтін әсері болады.
Кейде маған құрдастарым «Сен неге ананы жазбайсың?», «Сен неге мынаны жазбайсың?» деп әзіл-шынын араластыра айтып жатады. Тараптарды түгел тыңдап, материал жарияласаң «Олай жазбауың керек еді» деп қайта хабарласады. Бейтараптық деген нәрсенің өзі жұрттың бәріне ұнай бермейді екен.
Жасыратын несі бар, мен мемлекеттік тапсырыс алып отырған аудандық газеттің редакторымын. Одан да бұрын Ойылдың топырағынан жаралған төл перзентімін. Осы жердің патриоты ретінде елдің тыныштығын, ауызбіршілігін қалаймын.
— Әлгінде мемлекеттік тапсырыс туралы айтып қалдыңыз. «Ойыл» газетінің құрылтайшысы кім? Құпия болмаса, бюджеті қанша?
— Ақтөбе облысында 2010 жылы аудандық газеттерді жекеге шығара бастады. Алғашқылардың бірі болып «Мәртөк тынысы», одан кейін «Ойыл» газеті жекеге берілді. Сол жылы мен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аудандық газеттің құрылтайшысы әрі бас редакторы болдым.
Қазір ұжымда менен өзге екі тілші, бір беттеуші мен бір есепшіміз бар. Шағын ұжым болғандықтан «мен редактормын», «мен беттеушімін» деп қол қусырып отырмаймыз. Мысалы, өз басым іссапарларға шығып, мақала жазамын. Беттеушіміз «Ойыл» газетінің сайтына жауапты, әлеуметтік желілердегі парақшалар да соның мойнында. Бірақ алатынымыз — сол бір жалақы.
Ал бюджетке келер болсақ, 2024 жылы мемлекеттік саясатты «Ойыл» газеті арқылы жүргізуге 12 млн теңге бөлінді. Ұжымдағы бес адамның жалақысы, іссапар шығындары, редакцияның керек-жарағы — бәрі осының ішінде. Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар емес пе? Көсіле алмай келеміз. Көсілген жағдайда жыртық қосынан аяғы тізесіне дейін шығып жатқан Жиреншеге ұқсап қаламыз.
Ақтөбе облысындағы аудандық газеттердің форматы, жарыққа шығу жиілігі бірдей. Бірақ әрқайсына мемлекеттік саясатты жүргізуге бөлінетін қаржы әртүрлі. Әріптестерден сұрастыра келе Алға, Байғанин, Ырғыз аудандық газеттеріне бөлінген қаржының біздікінен де аз екенін білдім. Әрине, бірен-саран болса да бюджеті тәуір газеттер бар.
— Сіз журналист қана емес, жеке кәсіпкер де екенсіз. Аудандағы БАҚ-тың бизнес ретінде қалыптасуына не кедергі?
— Газет шығару — шығыны көп сала. Өз басым осы кезге дейін газет шығарып, байып кеткен адамды көрмедім. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырғандар да жоқтың қасы.
Ресми дерек бойынша, Ойыл ауданының 18 мың тұрғыны бар екен. Соның мың жарымы «Ойыл» газетін жаздыртып алып оқиды. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек газетке жазылушылардан түсетін қаржы — табысымыздың қосымша бір көзі. Бірақ ол баспахана қызметінен ауыспайды. Жергілікті баспаханалар қағазды да, бояуды да шетелден сатып алатындықтан баспахана қызметі арзан емес. Одан бөлек құттықтау, еске алу, көңіл айту деген сияқты майда-шүйде тірліктеріміз бар.
Ал енді өзіңіз ойлап қараңызшы, күнін әрең көріп отырған аудандық газетке маман тұрақтай ма? Сөйлем құрай алатын қыз-жігіт көрсек, тілші етіп тәрбиелеп алуға тырысамыз. Бірақ олар оң-солын тани бастағанда облыстағы, не республикадағы БАҚ-қа кетіп қалады. Бизнестің бастауы еркіндік екенін білесіздер. Ал біздің тап қазіргі жағдайымызда еркіндік те, кәсібилік те туралы айту қиындау.
— Серікбай, сұхбатқа дайындық барысында «Ойыл» газетінің әлеуметтік желілердегі парақшаларын шолып шыққанмын. Аудан әкімінің суреті, ол кісі қатысқан іс-шаралар туралы ақпарат өте көп екен. Мемлекеттің ақпараттық саясаты мен аудан әкімінің пиары деген нәрселердің аражігін қалай ажыратуға болады?
— Әлеуметтік желіге негізінен аудан әкімі қатысқан шаралар жиі жарияланатыны рас. Бірақ соған қарап «Ойыл» газеті тек Асқар Қазыбаевтың пиарымен айналысып отыр деген түсінік қалыптаспауы керек. Ол кісі пиарға мұқтаж деп ойламаймын. Бұрыннан өте қарапайым, кішіпейіл адам.
Ұзақ жыл аудан әкімінің орынбасары болғанда да, қазір де жұмыстан кеш шыққан күндері көлік жүргізушісін әкімдіктің алдына қаңтарып қоймайды. Кешкі сегіз-тоғыздар шамасында ауыл шетіндегі үйіне жаяу кетіп бара жатқанын жиі көремін.
Арзан пиар қажет болса, сол сәтті видеоға түсіріп, парақшамызға салып қояр едік. Ойыл — алақандай ауыл. Жасанды образ, пиар дегеннің не екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бірақ арзан пиармен айналысқан жағдайда елдің бізді сырттай күлкі қылары айдан анық.
Ал енді мемлекеттік ақпараттық саясатқа келер болсақ, оның 13 тақырыптық бағыты бар. Және 36 бөлімі бар. Соған сай тек аудан әкімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар емес, жалпы республика көлеміндегі стратегиялық бағдарламалар, іс-шаралар туралы да жан-жақты ақпарат таратып отырмыз. Ойыл ауданында ақпараттық саясаттың жүргізілуін аудан, облыс әкімдіктері бақылап, бағалап отыр.
— Сұқбатыңызға рахмет, Серікбай!
Димаш Нұржантегі