«Сұхбат туралы сұхбат» – «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Бәйменова.
– Айгүл, журналистер мен баспасөз хатшылары баррикаданың екі жағындағы адамдар. Сіз екі тараппен де таныссыз. Баррикаданың арғы жағына сіңісіп те кеттіңіз. Журналист болған адамға бюрократия стиліндегі жұмыс қиынға соқпады ма?
– Журналистикадан қала әкімдігіне келгеніме биыл бес жыл болады екен. Жазу-сызудан қиналғаным жоқ. Жаңа ортаға сіңуім біраз уақыт алды. Мен де бұрын өзгелер сияқты қит етсе «әкімдік қайда қарап отыр?» деп ойлайтынмын. Тіпті маған әкімдіктегілер мүлдем жұмыс істемейтіндей көрінетін. Сөйтсем қыз-қыз қайнаған тірлік осы жерде екен. Сенесіз бе, мен бес жылда алғаш рет он күндік еңбек демалысына шыққалы отырмын. Осыған дейін әрі кетсе екі-үш күн ғана демалып келетінмін.
Қай салада жүргеніне қарамастан уақыт адамды өзгертпей қоймайды. Мемлекеттік қызметке келгелі әліптің артын бағып сөйлейтін болыппын, бұрынғыдан байыптырақ сияқтымын. Бірақ бәрібір адамның түпкі табиғаты өзгермейді екен. Осыдан бес жыл бұрын «Әкімдікке келген газет-журналдарды қабылдап алып, әр бөлімге таратасыз» дегендер болған. Қала әкімдігінде бұрын сондай үрдіс болған ғой. «Мен пошташы емеспін! Газет оқығысы келгендер хатшысы мен көмекшісін жұмсасын!» деп газет таратудан бас тарттым.
Отбасындағы тоғыз баланың кенжесі болып еркін өскенім, журналистикадағы жылдарым өмірімде, мінезім-құлқымда із қалдырса керек. Әлі де ойымды іркіп қалмаймын. Бірақ өзіме ұнамаса бұрынғыдай қолымды бір сілтеп, шорт бұрылып кете салмаймын. Мемлекеттік қызмет мені коммуникативтік дағдыларға үйретті. Үлкен өмір мектебі болды. Ол үшін ризашылығым шексіз.
– Мемлекеттік қызметтегілер көп жағдайда ақпаратты «жағымды», «жағымсыз» деп бөледі. Ал журналистиканың стандарттары бойынша ең жақсы ақпарат – бірнеше дереккөз растаған, обьективті ақпарат. Әкімдіктің құлағына жақпайтын ақпарат жарияланған кездегі реакцияңыз туралы білгім келеді?
– Бірқалыпты қабылдаймын. Басшылардан жасырып, көріп қалмаса болар еді деп бүркемелеуге тырыспаймын. Бірінші басшыға өзім апарып көрсетемін. Ақпарат обьективті болса, оған кім қандай кінә артуы мүмкін? Егер тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын ақпарат жарияланса, журналист тек бір жақты тыңдаған болса, ресми тарапты да ескеруін сұраймыз. Жергілікті журналистердің қай-қайсын сөйлетіп қарасаңыз да «қала әкімдігі ақпарат бермеді», болмаса «жасырып қалды» дей алмайды. Ондай болған емес.
Тіпті қысылтаяң кезде көктемде су тасып жатқанда да ақтөбеліктер ақпарат тапшылығын көрмеді. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет бүкіл қалаға қауіп төніп тұрғанын жасырмай айтты. Ертелі-кеш суға кеткен тұрғындармен бірге жүрді. Ашуға мінген жұрттың арасында қала басшысына қатты айтқандар да болды. Ол видеолар жергілікті пабликтерде таралып жатты. Бір жақсысы, біздің халық ақты ақ, қараны қара деп айтатын әділ. Жұрт жөнін айтып пікірін жазды, әкімдікке қолдау білдірді. Сол кездегі сынақтан бірліктің арқасында ғана адам шығынынсыз шықтық.
– Тәжірбиелі баспасөз хатшылары қол қусырып отырмайды. БАҚ-тың назарын аудару үшін ақпараттық ілік тудырады, қызықты контент ұсынады, білікті эксперттерді сөйлетеді, кейде тіпті негативті нейтрализациялау үшін жанталасып жатқанын да аңғарамыз. Сіз де жұмыс барысында түрлі әдістерді қолданасыз ба?
– Баспасөз хатшысы болу – релиз тарату ғана емес. Сіз санамалап шыққаннан да өзге сырт көзге көрінетін, көрінбейтін жайттар бар. Жұмыс істеу әдісімді көптің талқысына салып, қызметтік құпияны жария еткім келмейді. Түсіністік танытыңыз, мен мемлекеттік қызметкермін.
– Ақтөбе қаласында соңғы 5 жылда төрт рет әкім ауысты. Әр жаңа басшыға бейімделу, олардың әрқайсына медианарықтағы тенденцияларды, БАҚ-пен жұмыс істеудің ерекшеліктерін түсіндіру қиын емес пе?
– Өзім сол ортадан шыққандықтан Ақтөбе журналистерінің кәсіби тұрғыдан білікті екенін де, медианарықтағы тенденцияларды да бір кісідей білемін. Оны қала басшысы да біледі. Бір сөзбен айтар болсам, профессионалдармен жұмыс істеу бір ғанибет.
Кәсіби журналистика – қоғамдық сананы қозғаушы күш болғандықтан азаматтық қоғамға да ықпал етпей қоймайды. Ақтөбені Қазақстан бойынша азаматтық қоғам салыстырмалы түрде болса да дамыған өңір деп санаймын.
Халық үйде қол қусырып отыра бермей, кей сұрақтардың шешімін билікпен бірлесе іздейді. Мемлекеттің ішкі мәселелеріне белсене араласады. «Ақтөбе – менің қалам, біздің ортақ үйіміз» дейтін белсенді тұрғындар өте көп. Ондай азаматтармен атқарушы билік санаспайды деу қате болар. Санасады. Оны күн сайынғы жұмыс барысында өз көзіммен көріп жүрмін.
Өз басым WhatsApp-тағы 54 чаттың қатысушымын. Оның арасында хайуанаттардың құқын қорғаушылар да, тас жолдың сапасын бақылаушылар да бар. Күніне мың сан хабарлама келеді. Мен әкім емеспін. Әкімдіктің қатардағы қызметкері ғанамын. Осыдан кейін-ақ әкімдердің жұмысы қаншалықты жауапты екенін саралай беріңіз.
– Баспасөз хатшылары арасында өзі еңбек ететін мекеме-кәсіпорында, басшысының алдында дауыс құқы жоқ мамандар да кездеседі. Олар басшының рұқсатынсыз журналистерге ақпарат бермек түгілі артық ауыз сөйлесе де алмайды. Бірақ өзі сол мекемедегі стратегиялық позицияны иемденіп отыр. Сізде дауыс құқы бар ма?
– Мен сірә, басшыдан бағы бар адам шығармын. Дауыс құқынан айыратын диктаторлармен жұмыс істеп көрмеппін. Әлде сіз айтпақшы, баррикаданың екі жағын да көрген тәжірбиелі маман болғасын ба, білмеймін, ақпарат беруіме ешкім ешқашан кедергі келтірген емес.
Иә, кейде спикерлердің камера мен микрофонды көргенде сасқалақтап қалатыны рас. Әсіресе, әкімдіктегі жас мамандарды журналистердің мысы басады. Ондай кезде ақпаратты ауызша болса да мейлінше толықтырып беруге тырысамын. Бұрынғы әріптестерім де бұған түсіністікпен қарайды. Орайы кеп тұрғанда оларға осы бес жыл аралығындағы қолдауы, әріптестігі үшін алғыс айтқым келеді.
– Журналистикаға оралатын ойыңыз бар ма?
– Дәл қазір ештеңе дей алмаймын. Уақыт көрсетеді. Қазір ойымда бес жылдан бері әрең қол жеткізген демалысымнан өзге ештеңе жоқ.
– Діттегендей демалыс болсын! Сұхбатыңызға рахмет!
Be the first to comment on "«Әкімдік қайда қарап отыр?!»: Ақтөбе әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Бәйменова – «баррикаданың» екінші жағы жөнінде"