Самара-Шымкент бағытындағы тас жолдың Ақтөбе мен Хромтау арасындағы бөлігінде жол апаты да, кісі өлімі де көп. Әкімдік оны көлік нөпірінің шамадан тыс көптігінен, полиция жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан көреді. Жол апаты Ақтөбеден өзге өңірлерде де аз емес. Былтыр Қазақстанда тас жолдағы көлік апатынан 2 543 адам қаза болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде минут сайын екі адам, тәулігіне 3 200-ден астам адам жол апатынан мерт болады. Осы ұйым дүниежүзі бойынша 5 жас пен 29 жас арасындағылар өлімінің негізгі себебі деп жол-көлік апаты кезіндегі жарақатты атайды.
Ақтөбеде болған ауыр апаттар
Ақтөбеден шығатын күре жолдардың жиегінен ескерткіш-белгіні көп кездестіресіз. Құлпытасқа ұқсайтын мұндай белгілерді жергілікті жұрт жол апаты болған маңға қояды. Белгіге аты-жөні жазылғандардың бірінің жасы 20-да, енді бірінің жасы 30-да болған. Қыршын кеткендерге қойылған мұндай белгілер күре жолдың екі қапталында да бар.
Самара-Шымкент тас жолының 862-ші шақырымында 2024 жылғы 7 тамыз күні ауыр жол апаты болды. Сол күні Беларусь азаматы, MAN жүк көлігінің жүргізушісі Сергей Соловьев сегіз адамның өмірін қиған апатқа себепкер болған. Кейін яғни, 19 желтоқсан күні ол бес жылға сотталды. Сот үкімі күшіне енсе, ол алдағы жеті жылда көлік жүргізе алмайды. Сонымен қатар жол апаты кезінде мерт болған төрт адамның әрқайсының отбасына 7 млн теңгеден, Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылының тұрғыны Жандос Әбілқаевтың отбасына 20 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Өйткені апатқа ұшыраған көлікте жаттықтырушы жігіт екі ұлымен бірге болған.
Ел арасында әлі күнге ескі дағдымен Қарашатау деп аталатын Құмқұдықтың тұрғыны Жандос Әбілқаев ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Ауыл балаларын спортқа баулып жүрген. Өз ұлдарының да салауатты өмір салтын ұстанғанын қалаған.
Жазғы каникул кезінде Құмқұдықтың кішкентай футболшылары Маңғыстау облысында ауыл балалары арасында өтетін жарысқа шақырту алады. Бірақ футбол командасы мен оның жаттықтырушысы жол апатының салдарынан көрші облыс тұрмақ, Ақтөбеге де жете алмай қалды.
Футбол жарысына бара жатқан 5 бала мен үш ересек отырған Toyota Ipsum көлігіне қарсы бағытқа шығып кеткен MAN маркалы жүк көлігі келіп соққан. Жол ережесін өрескел бұзған жүк көлігінің рөлінде 37 жастағы Беларусь азаматы Сергей Совольев болған. Минивэндегі 8 адамның бәрі сол жерде мерт болды. Оның бесеуі -бала.
Осыған ұқсас оқиға Ақтөбе облысында бұған дейін де болған еді. 2024 жылғы 6 наурыз күні Ақтөбе-Астрахань тас жолының 120-шы шақырымындағы жол апатынан сегіз адам қаза болды. Соның бірі — Қайрат Бисенұлының жасы 46-да болған. Темір ауданындағы Саркөл ауылының тұрғыны. Өзі тұратын ауылдан облыс орталығы Ақтөбеге бармақшы болған Қайрат 12 жасар ұлы Назар, қарындасы Бақытгүл, кішкентай жиені Арсенмен бірге таксиге мінеді.
Салонында сегіз адамы бар LADA Largus Мұғалжар ауданындағы Сағашилі ауылының тұсына келгенде апатқа ұшыраған. Көлікте жүргізушіден өзге Саркөл ауылындағы тағы бір отбасының мүшелері, зейнеткер әйел мен оның екі немересі болған. Оқиға куәгерлері тас жолда Toyota Hilux маркалы көлікпен соқтығысқан LADA Largus-тың бірден өртене бастағанын, салондағы сегіз адамның кісі танымастай болып күйіп қалғанын айтады. Сегіз мәйіттің кім екенін мамандар молекулярлық-генетикалық сараптамамен анықтап, туыстарына сүйекті бір аптадан соң берді. Мерт болғандардың төртеуі — бала.
Саркөл — Темір ауданына қарасты ауыл. 2022 жылғы 17 желтоқсан күні осы ауданның жарысқа бара жатқан волейболшы балалары жол апатына ұшырады. Ол кезде тоғыз оқушының біреуі мерт болып, төртеуі жансақтау бөліміне түсті. Қалған төртеуі түрлі жарақат алған. Апат болған жер — Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тас жолының 68-ші шақырымы.
Тас жолдан аударылып кеткен Toyota Estima көлігінің жүргізушісі, Темір аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрбек Жұмакешов кейін 2,5 жылға сотталды. Тергеу жаттықтырушыны «Жол ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне соқтырды» деп айыптады. Нұрбек Жұмакешовтің жанында болған екінші жаттықтырушы жарақатынан әлі күнге оңала алмай жүр.
Волейболшы балалардың жол апатына ұшырауы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Ата-аналар спортшы ұл-қыздардың жарысқа үнемі такси жалдап кететінін, жолақасын өз қалтасынан төлейтінін ашынып, ашық айта бастады. Бірақ бұл оқиға ешкімге сабақ болмағанға ұқсайды. Араға тура бір жыл салып, пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатқан Ырғыздағы Жаныс би ауылының екі мұғалімі мен бес оқушысы жол апатына ұшырады. Самара-Шымкент тас жолының бойындағы апаттан бір мұғалім мен екі оқушы тіл тартпастан кетті.
Бұл оқиғалардың өзара ұқсастығы көп. Пәндік олимпиадаға баратын балаларға арнайы көлік бөлінбеген. Оқушылардың қауіпсіздігін ешкім бақыламаған. Учаскелік инспектордың балаларға жол бастап баратын қызметтік көлігі болмаған. Ауыл мектебінің мұғалімі Жандос Шамшаддин жолға өзінің Toyota Alphard маркалы жеке көлігімен шыққан.
2024 жылғы 12 наурыз күні Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы мектеп мұғалімі Жандос Шамшаддин «көлік жүргізу ережесін бұзып, үш адамның өліміне себепкер болғаны үшін» 5 жылға сотталды. Мұғалімнің соты ұзаққа созылмады. Үкім небәрі үш отырыстан соң шықты. Өйткені, Жандос Шамшаддин өзіне тағылған айыпты яғни, қарсы жолаққа шығып кеткенін бірден мойындаған. Сот тергеуі кезінде айыбы толық дәлелденген. Сот кезінде мұғалім де, оның туыстары да ешкімді кінәламады. «Құдай салды, біз көндік» деген кейіппен отырды. Бірақ сот залындағы терең күрсіністер мен дәрменсіздікті көрсететін көзқарастарды байқамау мүмкін емес еді.
Шамшаддинге шығарған үкімді түсіндірген кезде судья Нұрлан Бақтығалиев «Бұл- бассыздық! Олимпиадаға бара жатқан балаларды ешкім қадағаламаған. Полиция жол бастап жүрмеген. Сондықтан білім басқармасы мен Ырғыз аудандық ішкі істер бөліміне жеке қаулы жолдаймын. Неге олар жазасыз қалуы керек?! Бір бұл емес. Мұның алдында да осындай жағдай болды. Ойлансын! Сабақ алсын!» деп зіл тастай сөйледі.
Такси жүргізушілері: Ешкім үйінен өлемін деп шықпайды
Жеке көлігімен кісі тасып, нәпақа табатын ақтөбеліктер арасында LADA Largus, Toyota Estima, Toyota Alphard секілді минивэндер сұранысқа ие. Салонына жеті, кей жағдайда сегіз адам сыятын мұндай көліктерді Ақтөбенің әр бөлігіндегі такси тұрағынан көп кездестіруге болады.
Қаладағы теміржол вокзалы, автовокзал, ірі базарлардың маңындағы алаңқайлар такси тұрағына айналып кеткен. Ресми құжаттардан ол тұрақтар туралы мәлімет таба қоюыңыз екіталай. Бірақ жұрттан сұрастыра келе қай тұрақтан қай ауылға такси қатынайтынын білуге болады.
Жолаушыларды таксимен тасымалдау бәсекелестік ортаның яғни, бизнестің үлесінде. Сондықтан таксидегі жолақасы ҚР заңдарымен реттелмейді. Яғни, кәсіпкер мен оның қарауындағы жеке көліктің қожайыны бағаны өз қалауынша өзгерте алады. Қалааралық автобус қатынамайтын елді-мекен тұрғындарында жаңа тарифке көнуден өзге лаж жоқ.
Ақтөбе облысының Қандыағаш, Ембі қалаларына жолаушы таситын таксистер теміржол вокзалы маңындағы алаңға жиналады. Қозғалыс кестесі уақытқа байланбаған. Салон толса, таксистер жолға шыға береді. Такси діттеген жеріне пойыздан тез барады. Бірақ таксимен қатынау қаншалықты қауіпсіз? Осы сұрақты «Тілші» Ақтөбе мен Қандыағаштың арасына жолаушы таситын бірнеше адамға қойған еді.
— Кім үйінен өлемін деп шығады? Бәрі нәпақа деп шығады. Ешкімнің де өлгісі келмейді. Жауапкершілікті де, кінәні де таксистерге артып, жолдағы кісі өліміне тек соларды жазғыруға қарсымын. Мысалы, мен жеке кәсіпкердің қарауына жұмыс істеймін. Бізде талап қатал. Күнде таңертең қан қысымымызды өлшейді. Машина толық тексеріледі. Доңғалағы, моторы — бәрі тексеріледі. Ақау болса, жолға шығармайды, -дейді Қандыағаш қаласының тұрғыны Абай Аймағамбетов.
Кәсіпкерге жеке көлігімен жалданып, жолаушы таситындардың басым көпшілігі зейнет жасына жетпеген. Арасында вахталық әдіспен жұмыс істеп, демалысында жолаушы таситындар да, үй-ішін тек осы кәсіппен асырап жүргендер де бар. Қандыағаш пен Ақтөбенің арасына 2010 жылдан бері жолаушы тасып жүрген Бақытжан Жарманов зейнет жасындағы адам. Тәжірбиелі таксист «қалааралық тасымал үшін ең қолайлысы автокөлік» деп санайды.
— Біздер графикпен жүреміз. Механигіміз бар. Біреуі Ақтөбеде, екіншісі Қандыағашта отыр. Одан бөлек диспетчерлер мен медицина қызметкері отыр. Денсаулығың дұрыс па? Көлігің жуылған ба? Бәрін тексереді. Шұбарқұдық пен Ембіге, басқа бағыттарға қатынайтындар туралы ештеңе айта алмаймын. Менің білетінім, Қандыағаш пен Ақтөбенің арасы. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Жол ережесін бұзатындар да бар болуы мүмкін,- дейді Бақытжан Жарманов.
Әкімдік: Үш мың көлікке арналған жолмен күн сайын 16 мың көлік жүреді
Самара-Шымкент бағытындағы тас жолдың бойында неге жол апаты көп? Бұл сұрақты журналистер Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа қойған болатын. Шахаров «Бұл-халықаралық трасса. Оны халықаралық компаниялар көп қолданады» деп жауап берген. Әкім Шахаровтың айтуынша, бұл бағыттағы жол о баста тәулігіне 3 мың көлік жүреді деп салынған. Бірақ қазір бұл трассамен әр күн сайын кемінде 16 мың көлік қатынайды. Оның басым көпшілігі жүк таситын көліктер.
-Көлік және коммуникация министрлігі жобалық-сметалық құжаттарды әзірледі. Соған сай Самара-Шымкент бағытындағы жолдың жеті учаскесіне реконструкция жасалады. Қазір екінші учаскені реконструкциялау жұмыстары басталып кетті. Бірінші учаске көктемде басталады деп отырмыз. Қалғаны қаржының түсуіне қарай жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жол төрт жолақты, бірінші категориялы болады. Яғни, жол апаттары азаяды, -деді Шахаров.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының сапасын жақсарту үшін бюджеттен 64,5 млрд теңге бөлінген. Шахаров тас жолдардың сапасын жақсарту- жол апаттарының алдын алуға септігін тигізеді деп санайды.
Жол бойында оқыс оқиғалар көбейген соң Ақтөбе облысында балаларды тасымалдаудың бірыңғай алгоритмі де дайындалған. Әкімдік алгоритм ҚР инвестициялар және даму министрлігінің №349-шы бұйрығы негізде жүзеге асырылатынын хабарлайды. Білім немесе спорт жарысына баратын бала саны 8 немесе одан да көп болған жағдайда арнайы автобус бөлінуі шарт. Әр 15 балаға бір ересек пен бір медицина қызметкері ере шығуы керек. Бұл талаптардың орындалуы және оны қадағалау жергілікті әкімдіктерге жүктелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жол-көлік апатынан болатын әрбір 10 өлімнің тоғызы табысы аз немесе табысы орташа елдердің үлесінде. Және кедей мемлекеттердегі өлім-жітім дерегі табысы көп елдермен салыстырғанда үш есе көп. Дүниежүзілік ұйым жол-көлік оқиғаларынан болатын жарақаттарды азайтып, оның алдын алуға болады деп санайды. Ол үшін мемлекеттік органдар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді шараларын қолға алуы керек.
Полиция: Жүргізушілер қарсы бағытқа шығады, жылдамдықты үдетеді
Ақтөбе полициясының хабарлауынша, биылдыққа облыс жолдарында 1141 жол-көлік апаты болған. Одан қаза тапқандар арасында 22 бала бар. Полиция жол апатының негізгі себебі деп қарсы бағытқа шығып кету мен жылдамдықты үдетуді айтады. Осының салдарынан 2023 жылдың екі айымен салыстырғанда, биыл Ақтөбе облысында жол апаты 17,2 пайызға, кісі өлімі 25 пайызға көбейген.
ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда 2543 адам жол апатынан мерт болған. Жол апаты мен одан жарақат алып, қаза болған адамдар саны жағынан оңтүстік өңірлер көш бастап тұр. Мысалы, былтыр Алматы облысында — 319 адам, Түркістан облысында- 295 адам, Жамбыл облысында — 215 адам мерт болған. Қаза болғандар саны жағынан Ақтөбе Қарағанды облысынан кейінгі бесінші орында. Былтыр Ақтөбеде 169 адам көлік апатынан қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жол-көлік апаты салдарынан жыл сайын әлемде 1,19 млн адам мерт болып, 20-50 млн адам мүгедек болып қалады. Жол-көлік апаты кезіндегі жарақаттар әлем бойынша жекелеген адамдардың, отбасылардың , тіпті бүтін бір елдің экономикасына кесірін тигізеді. Ем-домға жұмсалатын қаржы, өзге де ресурстар, жол апатына ұшыраған адамның еңбекке жарамсыздығы, мертігіп қалған адамға көмектесу үшін жақындарының жұмыс пен оқудан қол үзуінен кей елдердің жалпы ішкі өнімі үш пайызға азайған.
Марат ТӨЛЕПБЕРГЕН