Шекара маңындағы ауылдардың тағдыры көпшілікті алаңдататын өзекті мәселелердің бірі. Халық санының азаюы, әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, экономикалық қиындықтар – бұл аймақтарда қордаланған түйткілдер аз емес. Осы проблемаларды ашық айтып, билікке жеткізу мақсатында F16.kz редакциясы «Шекаралық аймақтың проблемасы» жобасын қолға алды. Бұл бастама қалай пайда болды? Оның ерекшелігі неде? Жоба қандай нәтижелерге қол жеткізді? Осы және өзге де сұрақтарға жобаның авторлары жауап береді.
– Жоба туралы толығырақ айтып берсеңіз. Негізгі мақсаты қандай? Ол қалай басталды?
– Біздің жобаның атауы – «Шекаралық аймақтың проблемасы». Жобаның негізгі идеясы – Шығыс Қазақстан облысының шекаралық аудандарында көп жыл бойы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан проблемаларды көтеріп, шешілуіне үлес қосу. Елдің шетінде, желдің өтінде өмір сүріп жатқан ағайынның мұң-мұқтажын, арзу-арманын билікке жеткізу. Мәселені көтерумен ғана шектелмей, оны шешудің жолдарын іздеу де біздің топтың ұстанған мақсат-мұраты деуге болады. Бұл ретте әрине тәуелсіз сарапшылар мен сала мамандарының ұсыныс-пікірі өте маңызды.
View this post on Instagram
Шығыс Қазақстан облысында бес аудан мен бір қала шекара бойында орналасқан. Олар: Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Шемонайха аудандары және Риддер қаласы. Бұл аудандардың ішінде Марқакөл және Катонқарағай былтыр Президент жарлығымен жеке аудан болып қайта құрылған. Жаңадан құрылған бұл аудандардың проблемасы шаш-етектен. Жергілікті БАҚ оны көрсетуге, жариялауға құлықсыз немесе мемлекеттен ақпараттық тапсырыс алып отырған соң өткір тақырыптарды қозғауға тісі батпайды. Ойлана келе біздің команда жауапкершілігі зор бұл міндетті арқалауға бекіндік. Әзірге нәтижесі жаман емес.
– Бұл жобаның ерекшелігі неде? Оқырмандарға не үшін қызық болады деп ойлайсыз?
– Жобаның ерекше айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Егер оқырман қауым біздің жобаға көңіл аударса ол көптің көкейіндегіні дөп басып, проблеманы бүкпесіз көрсете білгеніміз деп ойлаймыз. Бұл жобаның ағартушылық миссиясы да бар негізі. Ауылда томаға тұйық ғұмыр кешіп жатқан қарапайым халық осы жоба арқылы пікірін ашық айтуға, әділдікті, заңдылықты талап етуге, өз құқығын қорғай білуге үйрене бастады. Адамдардың өзі жобаға тікелей қатысып, ішіндегі кейіпкерге айналғандықтан олар үшін, жалпы оқырман үшін тартымды болар деп үміттендік. Үмітіміз алдамады.
– Қателеспесем, бұл жоба үлкен ақпараттық порталдың бір бағыты ғой. Осындай рубриканың пайда болуына оқырман тарапынан қызығушылық болды ма әлде редакцияның өз бастамасынан пайда болды ма? Оны жүзеге асыруға не түрткі болды?
– Иә, F16.kz сайтында «Шекаралық аймақ» деген арнайы айдар (рубрика) ашқанбыз. Сол жерде жобаның барлық материалдары жарияланған. Оның ішінде ұзақ оқылатын материалдар, фоторепортаждар мен видеорепортаждар бар. Ал Телеграм желісінде осы жобаға арнап, «Терезе» деген арнайы парақша аштық. Материалдардың әлеуметтік желіге лайықталған нұсқалары Инстаграм, Фейсбук, Тик-ток, Телеграм, Ютубта түрлі форматта тұрақты жарияланып отырады. «Шекаралық аймақтың проблемасы» жобасы редакциядағы қыз-жігіттердің бастамасы. Бәріміз ақылдаса келе шалғайдағы ауылдардың мәселесін көтеруді жөн деп таптық және бұл идеяны жобаға айналдырып «Глиммерге» ұсындық. Сөйтіп, қолдау тапты.
– Жобаны іске асыру үшін қандай ресурстар қажет болды? Алдағы уақытта оның тиімділігін арттыру үшін не қажет?
– Бізге тек қаражат қажет болды. Қалғаны өз қолымызда. Сайт бар, әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар және ең басты ресурс – өз ісін сүйетін кәсіби журналистерден құралған мықты команда бар. «Нар тәуекел!» деп кірісіп кеттік және нәтижесі жаман емес. Біздің журналистер көтерген шекаралық аймақтың проблемалары жоғарыға жетіп, Парламент Мәжілісінің мінберінен айтыла бастады. Сөзім дәлелді болу үшін бір мысал келтіре кетейін.
Жуықта Катонқарағай ауданында іссапарда болып, біраз ауылдарды аралап қайттық. Өскеменге ат байлап, аяқ суытқанымыз сол еді Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылынан бір топ азамат хабарласып, неше жылдан бері жергілікті жұртты қан қақсатқан мал ұрлығы туралы мәселені көтеруді сұрады. Дереу Шыңғыстайға барып, мән-жайды білдік. Мақала жаздық, видеорепортаж әзірледік. Сайтта, әлеуметтік желілерде жарияладық. Ол бейнежазбалар Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайға жетіпті. Көп ұзамай Мақсат мырза Парламентте Шыңғыстайдағы мал ұрлығына қатысты мәселе көтеріп, ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары министрдің тікелей қадағалауында жүр.
Аз да болса халыққа пайдамыз тиіп жатса, одан артық не керек? Жобаның миссиясы осы.
View this post on Instagram
– Сіздің ойыңызша, бұл жобаның ұзақ мерзімді болашағы қандай? Қандай қиындықтар мен тәуекелдер бар?
Қазақстан мемлекеті бар болып, шекарамыз сақталып тұрғанда бұл жоба өзектілігін жоғалтпайды деп ойлаймын. Әрине, шекаралық аймақтағы мәселелер шешімін тауып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, әл-ауқаты артып жатса қуанамыз. Біздің мақсат осы. Өкініштісі халық саны жылдан-жылға азайып, тұрмысы тұралап тұрған шекарадағы ауылдардың проблемасы жуық арада реттеле қояды дегенге сену қиын. Бірақ үміт үзбейміз. Ел біздікі, жер біздікі, басқа біреу келіп шешіп бермейді мәселемізді. Ел мүддесі үшін еңбектенуіміз керек. Әркім мүмкіндігіне қарай әрекет етуі керек десек, біздің қолдан келетіні журналистік қызмет.
Тәуекелдер туралы айтсақ, жобаны жалғастыруға ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Біздің сайттағы «Шекаралық аймақ» айдары жоғалып кетпейді, шалғайдағы ауылдардың өмірін, ол жақтағы адамдардың тұрмысын, мәселесін көрсетуді ары қарай жалғастыра береміз. Құдай қуат берсін.
– Жобаны жүзеге асырып отырған команда туралы айтып берсеңіз. Бұл іске не үшін кірістіңіздер?
– Жобаның авторлары: Мадина Амангелдіқызы, Ләззат Қанатқызы және мен. Осы үшеуіміз жүргіземіз. Үшеуіміз де кәсіби журналиспіз. Бұған дейін облыстық «Дидар» газетінде, «Алтайньюс» сайтында бірге қызмет еттік. Ұзақ оқылатын материалдар жазу, фото-видеоға түсіру, оны монтаждау, әлеуметтік желіде тарату, сайтта жариялау сияқты жұмыстарды кезектесіп бірге істей береміз.
Жобаны қолға алудағы себеп – жаңадан сайт ашып, жаңа бағытта, еркін жұмыс істегіміз келді. F16.kz сайты да былтыр жазда ғана ашылған, күзде жобаны бастадық. Бәрі орайымен болды.
– Бөлген уақытыңыз үшін рақмет. Істеріңізге Редакция атынан табыс тілейміз!