«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа кеңістік пен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады. «Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері танымал блогер, кәсіпкер Жанаргүл Досова.
— Жанаргүл, заманауи медиа кеңістіктікте блогерліктің алатын орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Сіздің сан қырлы адам екеніңізден хабардармыз. Кезінде тележүргізуші, радиожүргізуші болдыңыз. Қазір кәсіпкерсіз әрі блогерсіз. Осының қайсы жаныңызға жақын? Сіз кімсіз?
— Мен Жанаргүл Досовамын (күлді — ред.). Танымалдыққа 18 жасымда журналистикаға келген кезімде-ақ ие болғам. Бірақ ол кездегі танымалдығым маған ешқандай табыс әкелмеді. Ел қатарлы жалақыға ғана күнелтіп жүрдім.
Instagram желісіне 2013 жылы тіркелдім. Ол жеке кәсібім Media Pro продюсерлік орталығын енді қолға алған кезім болатын. Бастапқыда оқырманыма өзімді іскер, табыскер әйел ретінде көрсетуге тырыстым. Жеке өмірім, көрген-білгенім, өмірден түйгенім туралы Instagram ғана емес, былайғы өмірде де ешкімге тіс жарып, тіл қатпайтынмын.
Оның бір себебі – жалдамалы пәтерде тұрдым. Бір бөлмелі пәтердің интерьері де, ыдыс-аяғы, көрпе-төсегі – бәрі тым қарапайым болатын. Оны елге жария етуге ұялатынмын. Менің миымда Instagram – табыскер, өмірі көпке үлгі адамдардың орны деген түсінік болды. Сөйтсем қателесіппін. Instagram – өмірдің нақ өзі екен.
Кейінгі жылдары көпшілікке отбасымды, балаларымды көрсетіп, өмірден көріп-түйгенімді бөлісе бастадым. Шынайылығымды жұрт бірден бағалады.Танымал тұлға, блогер, кәсіпкер ғана емес, тағдыры мен таңдауы, қателігі мен жетістігі бар адам екенімді білді. Сөйтіп оқырманыма жақын бола түстім.
Бір кездері «Блогты не үшін, кім үшін жүргіземін? Мен елдің ой-пікіріне, қолпаштауына тәуелдімін бе? Неге жұрттың бәріне ұнауым керек?» деп ойлайтынмын. Қазір не істесем де ең алдымен өзім үшін екенін түсіндім. Жақсы ма, жаман ба бұл — менің өмірім. Ол біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Мәселе онда емес. Мәселе менің ниетімде. Мәселе менің оқырманыма деген құрметімде, достық пейілімде. Фамилиям бекерден-бекер Досова емес шығар? Оқырман менен өзіне керегін алса деймін.
Оқырмандарым жақсы біледі, мен алғашқы некесі сәтсіз болған адаммын. Қызымның әкесімен ажырасып, жалғызбасты көп әйел сияқты түрлі қиындықты көрдім. Бірақ жүнжіп кеткенім жоқ. Екінші рет тұрмыс құрдым. Қазіргі жолдасым менен 8 жас кіші. Оны естігендер бастапқыда бізге тосырқай қарайды. Бірақ бұл өмір ғой. Мен көп іздеген бақытымды осы некеден таптым. Ең маңыздысы — осы.
Дұрыс түсініңіздер, менің өмірім — ғажап үлгі деп отырғаным жоқ. Бірақ әлемде сан алуан тағдыр бар, сол сияқты кез-келген қиындықтан шығудың да әдіс-тәсілі көп. Бір кездері өзімнің материалдық, психологиялық тұрғыдан қиналғанымды ойлап, оқырманымның қажетіне жарайтын мотиватор болғым келді.
Көзім әбден жеткен тағы бір нәрсе — кәмәлетке толған адамға ақыл айтуға болмайды екен. Ол оны сыйламау деген сөз. Мен ешкімге ақыл айтпаймын. Жай ғана ой-тұжырымдарымды ортаға саламын. Жұрт ішінен өзіне керегін алады. Сондықтан «Сіз кімсіз?» деген сауалыңызға «мотиватор» деген тағы бір пунктті қосып қояр едім.
— Медиа кеңістіктегі ең қымбат валюта – елдің назары. Сіздің парақшаңызға жазылушылар, сізге назар аударып, жазғаныңызды үзбей оқитындар кім? Аудиторияңыз туралы айтыңызшы? Оларды не қызықтырады?
— Менің Instagram парақшама 88,2 мың адам жазылған. Оның басым көпшілігі әйел адамдар. Ерлер де бар, әрине. Бірақ қыз-келіншектердің үлес салмағы басым. О баста жазылушыларым негізінен Ақтөбе қаласының тұрғындары болатын. Кейінгі кезде Астана, Алматы, Атырау мен Оңтүстік Қазақстан өңірінен көбейе түсті.
Парақшама талдау жасай отыра түсінгенім, оқырманға өзіне етене таныс тақырыптар қызық екен. Ол – отбасы, ол – әйел мен ердің қарым-қатынасы, ене мен келіннің арасындағы байланыс, бала-шаға тәрбиесі.
Кәсіпкер болғандықтан бизнес бастағысы келгендерге көмек болсын деген пиғылмен жұмыс орнымнан рилстар түсіріп көргем. Ол оқырманға мүлдем өтпеді. Ертесіне жолдасымды, балаларымды көрсеткенмін. Жұрт оны жылы қабылдады.
Сірә, Досованың іскерлігі туралы білеміз, оның отбасындағы образы қызық дейтін сыңайлы. Сол себепті қаз-қалпындағы видеоларды көбейттім. Жұмыстан оралғанымда балаларымның үйді апан-топан қылып тастайтынын, менің де үйімде жуылмаған ыдыс, шашылған бөлме бар екенін оқырмандарым біледі.
Өзіме сатып алынған әшекей, балаларыма сыйланған ойыншық, үйіме алынған жиhаз – бәрін баяндап отырамын. Өйткені мен бұрын БАҚ-та жұмыс істеген адам ретіне ақпараттың қаншалықты құнды нәрсе екенін жақсы білемін.
Біраздан бері кәсіп жасап жүрген адам болғандықтан қазір менің материалдық жағдайым жақсы. Яғни, кез-келген жерге барып, өзіме ұнаған нәрсені сатып ала аламын. Бірақ мен тауар сатып алмас бұрын кәсіпкердің энергиясына қатты мән беремін.
Энергия — әлемді ұстап тұрған құдырет. Адам бойындағы энергияның күшін отынға теңер болсақ, оны үнемі көбейтіп отыру маңызды. Энергиясы тасып тұрған адамдарға жақын жүргім келеді. Және ол туралы өзгелердің де білгенін қалаймын. Пайдалы ақпарат бергенім үшін оқырмандарым менен алғысын аямайды. Ал алғыс – өте қуатты энергия.
— Әлеуметтік желінің жілігін шағып, майын ішкендердің айтуынша, лайк, комментарий, жазылушылар санынан гөрі репост құндырақ. Сіздің контентті біреулер жеке хабарлама ретінде, болмаса сторис етіп бөліскен жағдайды ол сізді өз аудиториясына әкетті деген сөз. Бұл әрине, жалпылама сипаттама. Бәлкім блогер Досованың өз құпиясы бар болар?
— 2024 жылғы 1 қыркүйек күні мен Instagram-ның верификация таңбасын алдым. Ол көгілдір таңбаның өзі кішкентай болғанымен маңызы өте зор. Сол таңба желі қолданушысының жалған парақшада емесіне кепілдік береді. Екі арадағы сенімнің дәнекері.
Көгілдір таңба мені шабыттандыра түсті. Қазір блогерлікке бұрынғыдан да зор жауапкершілікпен қараймын. Қалыптасқан командам бар. Ассистентім жұмыс кестесін жасап, түсірілім уақытын белгілейді. Мобилографпен түсірілімге қатысты идеяларды талқылап, контентті жоспарлаймыз. Видео материалдың монтажын жасайды. Менеджерім жарна берушілермен келіссөз жүргізіп, құжаттарды әзірлейді.
Нақты жоспар мен дисциплина болмаса, ісіміз ілгерілемес еді. Биыл жазылушылар санын 100 мыңнан асырсақ деп отырмыз. Одан кейінгі меже – 500 мың, сосынғысы – миллион болуы керек. Ол үшін тынбай іздене береміз.
Оның үстіне қазір әлеуметтік желі, жалпы өмірдің өзі бір орнында тұрмайтын болды ғой. Тез өзгеріп жатады. Осыған дейін рилстар түсіріп жүрсем, жаңа 2025 жылды қарсы алған отбасылық шараның фотоларын карусель етіп, Instagram парақшама жариялағанмын. Карусельдің не екенін білесіздер, оқырманға жеткізер ойды ықшамдап, фотоның үстіне жазасыз. Ол қысқа ғана емес, мағыналы болуы да шарт. Музыкамен әрлесеңіз, оқырман журнал парақтап отырғандай болады. Бірақ айтар ойыңыздың тобықтай түйіні болуы керек.
Мен желідегі трендтердің өзін сол қалпында көшіріп алмауға тырысамын. Яғни, барынша өз стиліме бейімдеймін. Өйткені блогымның ДНК-сы бар. Трендті соған бейімдесем, көптің арасында елеусіз қалып кетпеймін. Тренд атаулы мықтағанда 3 апта «өмір сүрер». Оны менен де өзге блогерлер жасауы мүмкін. Сондықтан іздену керек. Менің тағы бір түйгенім – тренд өтпелі, ал стиль мәңгілік.
— Жанаргүл, сіз блогерлер жиі қолданатын «аудиторияны шокқа түсіру» деген нәрсеге қалай қарайсыз? Дөрекі әзіл, боқтық сөз, жалаңаштану сияқты әдістерді қолданып көрдіңіз бе?
— Маркетинг тұрғысынан алып қарағанда, ол дұрыс саналады. Бірақ өз басым бұл әдістерді қолданбаймын. Өйткені менің принциптеріме қайшы. Жан-дүниеммен үйлеспейді.
Ұзақ жыл тележүргізуші болған, тікелей эфирде хабар жүргізген адам ретінде мен ел назарын аударудың өзге де амал-тәсілдерін жақсы білемін. Жалпы қазіргі медиа кеңістіктегі азды-көпті жетістігіме телевидение мен радиодағы тәжірбиемнің пайдасы көп тиді. Телевидение кадрға деген талғамымды қалыптастырды, радио дауыспен жұмыс істеуді үйретті. Сондықтан әрдайым ризашылықпен еске алып отырамын.
Ал ел назарын аудару деген мәселеге келер болсақ, мен қазір төрт баланың анасымын. Одан бөлек жұмысбастылығым тағы бар. Сол себепті соңғы алты жылда отбасым мен кәсібіме ғана көңіл бөліп, достарымнан жырақтап кеткенімді түсіндім. Осы олқылықты дүйім жұртқа жайып салдым.
Кезекті жазбамды «Мен құрбыларым жоқ деп ойлайтынмын» деп бастап, парақшама құрбыларыммен ішкен шайдың фотоларын жарияладым. Ойлап қараңызшы, «менің досым жоқ» деп жар салатындар көп емес қой? Ара-тұра аудиториямды осылай «шокқа түсіріп» тұратыным рас.
— Соңғы кезде TikTok маңызды платформаның біріне айнала бастады. Сіз ол жақта барсыз ба? TikTok-тағы аудиторияңыз да Instagram-дағыдай белсенді ме?
— TikTok желісіне тіркелгенмін. Ол жақта да маған жазылушылар саны көбейе бастады. Бірақ Instagram-дағы контентті анда-мында сүйрелеген жөн деп санамаймын. Ол маған энергия бермейді.
Instagram-да қалыптасқан командам бар. Команданың жоспары, мақсаты бар. Ал TikTok- бөлек платформа. Оған да өз стиліммен, өзіме тән қолтаңбамен барғым келеді. Әзір TikTok желісінің ерекшеліктерін зерттеп-зерделеп жүрмін. Концепциям қалыптасқан кезде ол жақтан да көрулеріңіз мүмкін.
— Сіз стиль, қолтаңба мен концепция туралы көп айтады екенсіз. Ақтөбе блогерлерінің арасында өзіне осылай талап қойып, өз жолын іздеп жүргендер, болмаса қалыптастырғандар бар ма? Әріптестеріңіз туралы пікіріңізді білсек?
— Мен блогосферада жүрген ақтөбеліктерді екіге бөлер едім. Бірінші топтағылар — блогерлер. Олардың мақсат-мұраты айқын, жүйелі жоспары бар. Лентасын жиі жаңартып отырады. Бұл топтағылар контент жасайтын адамдар.
Блогерлер тура телевидениедегідей эфир сеткасын жасап, соған сай жұмыс істейді. Үлкен бизнес осындай жазылушылары көп, аудиториясы «тірі» блогерлерге қызығады. Маркетологтары мониторинг жасап, блогерлерді әріптестікке шақырады.
Ал екінші топтағылар – пікір лидерлері. Олардың да азды-көпті жазылушылары бар, жүйелі түрде болмаса да лентасын жаңартып қояды. Бизнес оларды да блогерлермен бірге көзге көп түсетін адам болғандықтан іс-шараларына шақырады. Бірақ мен «оларға көңілім толмайды» дей алмаймын. Өйткені олар да қол қусырып отырған жоқ. «Блогым нәтиже бермеді» деп орта жолдан тастай салмады. Хал-қадірінше тырбаңдап, еңбек етіп жүр. Сондықтан олар да құрметке әбден лайық.
Білесіз бе, әркімнің өмір жолында «мина төселген» өз алаңқайы болады. Содан өтпейінше, шекесін тау-тасқа соғып, өз қателігін түсінбейінше, ешкім де жаңа деңгейге көтеріле алмайды.
— Жанаргүл, блогер болғысы келетін қыз-жігіттердің, тіпті егде адамдардың да көп екенін аңғарамын. Тәжірбиелі әрі танымал блогер ретінде лайфхактарыңыз болса, мархаббат.
— Ең алдымен мына нәрсені ұғынып алыңыз. Бұл сізге керек пе? Бұл сізге энергия бере ме? Танымалдық топ ете қалмайтынын да ескергеніңіз жөн. Тура бизнестегідей бұл да — стартап. Сіз оған қаржы бөлуге, уақыт арнауға әзірсіз бе? Себебі, танымалдыққа жеткенше біраз уақыт жұмсайсыз, біраз энергияңыз кетеді. Егер блогерлік маған ұнайды, одан қуат аламын десеңіз тартынбаңыз!
Блог жүргізбес бұрын «Мен кіммін?» деген сауалға жауап беруіңіз керек болады. Сол кезде ғана аудиторияңызға не бере алатыныңыз айқындалады. Сосын контент жоспар құрасыз. Тағы да айтамын, дисциплина деген нәрсе өте маңызды. Команда жасақтау да оңай шаруа емес. Энергиясы сәйкес келетін адамдарды бірден таба алмауыңыз мүмкін. Оған да іштей дайын болыңыз.
Блогерлікке енді кіріскендер желіге бір рилс салып, кірпігін қақпастан соның тілеуін тілеп отырады. Ресурстарды босқа құртпаңыз. Бір ғана рилске байланбау керек. Оның орнына тенденцияларға мән беріңіз, блогосферадағы жаңалықтарды үнемі бақылап отырыңыз. Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Сізге де ылғи өзгеріп отыру керек болады. Ал өзгеріс атаулының бәрі жақсылыққа бастайды.
Сұхбатыңызға рақмет, Жанаргүл! Іске сәт!
Марат Төлепберген,
арнайы Tilshinews.kz үшін