Aqtobe Day Медиа

Елена Гетманова, «Диапазон» апталығының бас редакторы: «Манипуляция басталып кеткендіктен мемлекеттік тапсырыстан бас тарттық»

«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.

«Сұхбат туралы сұхбаттың»  кезекті кейіпкері  «Диапазон» газетінің бас редакторы Елена Гетманова.

— Елена, «Диапазон» апталығының шыға бастағанына 30 жылға жуықтап қалды. Сіз алғашқы күннен осы ұжымдасыз. Осы аралықта не өзгерді? Отыз жыл аз уақыт емес. Қолыңызды бір сілтеп кетіп қалғыңыз келетін кездер бола ма?

Көп нәрсе өзгерді. Біз ол кезде жас едік, өткір едік. Оның үстіне басшыларымыз аяғымызға тұсау салмады. Ешқандай шекараны білмедік. Мүмкін олар да бұл салада тәжірибесі жоқ әрі жас маман болғасын шығар. Ұжымға толық еркіндік берді. Бірақ ондай еркіндіктің сұрауы бар екен. Ол кезде біз өзімізге қарсы күштердің шама-шарқын бағалай алмаппыз. Соңы үздіксіз репрессияларға ұласты.

Қазір де сол кездегідей тым еркін болғымыз келеді, әрине. Алайда өмірлік тәжірибеміз оған мүмкіндік бермейді. Толассыз сот процестерінен соң, құрылтайшымыз түрмеде отырып шыққаннан кейін біз де әбден тісқаққан болып алдық. Әр қадамымыздың соңы неге апарып соғарын бағамдап алмай әрекет етпейміз.

Бір жақсысы, журналистикадағы бір күніміз екіншісіне мүлдем ұқсамайды. Ахуал күн сайын өзгереді, соған сәйкес біздің өніміміз де үздіксіз жаңарып отырады. Бәлкім біреулер жұмысынан жалығатын болар. Кәсібін ауыстырғысы келетін шығар. Журналистикада олай емес, бұл іш пыстырмайтын мамандық. Бұрын газеттің қағаз нұсқасын ғана шығарсақ, қазір сайттан бөлек, Instagram бар, Telegram, т.б. парақшаларымыз бар. Жұмысымыз қиын әрі қызық.

— Ақтөбелік әріптестерге «аймақтағы ең объективті БАҚ қайсы?» дегенімде көпшілігі «Диапазонды» атайды. Объективтілік пен тұрақтылықтың қандай құпиясы бар? Айтпақшы, «Наше слово работает» деген слогандарыңыз да сәтті шыққан. Сөзі өтімді газетті жасайтын ұжым туралы айтыңызшы?

Әріптестерге рахмет! Ал тұрақтылыққа келер болсақ, ең басында біз ешқандай каникул, үзіліс болмайды деп келіскенбіз. Соған дағдыланғанбыз. Мысалы, әр адам құбырды ашса, одан су ағатынын біледі. Сол сияқты  оқырман да әр бейсенбі сайын қолына газетті алуы керек. Егер оқырман жылдар бойы соған дағдыланған болса, ол үрдіс үзілмеуі тиіс.

Жаңа жылды, басқа да мерекелерді тойлағанда кей басылымдар каникул алады. Бір-екі апталық демалысқа кетеді. Бізде ондай нәрсе атымен жоқ. Әрине, поштаның жұмыс кестесіне сай «Диапазон» мерекелерде кейде бір күн ерте, кейде бір күн кеш шығып жатады. Бірақ 1996 жылдан бері газет шықпай қалған апта болған емес.

Ұжым шағын. Алайда сан түрлі сынақтан өткен мықты командамыз бар. «Диапазонда» істегім келеді дейтіндер аз емес. Бір-екі апта жүреді, жұмыс істегісі келетінін айтады. Бірақ онысы мүлдем байқалмайды. Ондайларды ұжым қатарға өзі-ақ қабылдамай қояды. Көп жағдайда кімнің қалып, кімнің кететінін бас редактор емес, команда шешеді.

Қазір тиражымыз — 8 мың. Бір кездері «Диапазонның» 30, 40 мыңнан астам тиражбен шыққанын ескерсек, бұл аздау, әрине. Есесіне тек Instagram-ның өзінде 257 мыңнан астам жазылушымыз бар. Бұл дегеніміз — миллионның төрттен бірі. Бұл дегеніміз — үлкен жауапкершілік.

— Ақтөбеде танымал пабликтер өте көп. Байқауымызша, жергілікті пабликтер үшін ақпараттың тексерілген-тексерілмегенінен бұрын таралу жылдамдығы маңыздырақ. Ал журналистер көбіне сапаға мән береді. Аудитория жаппай мессенджерлерге көшкен кезде дәстүрлі БАҚ оқырманын азайтып алмады ма?

Жергілікті пабликтер бізден гөрі жылдамырақ, бірақ сапалы жұмыс істейді деп айта алмас едім. Бастапқыда кей пабликтер «жиендік жасаумен» айналысты. Сайтты ашып, ішіндегінін бәрін үптеп кететін. Сілтемесіз жариялап, табыс тауып жүрді. Соттасып жүріп, әрең қойдырдық. Ол кезеңнен де өттік.

Өз басым пабликтерді дәстүрлі БАҚ-қа конкурент санамаймын. Олар оқырмандарының бірі жолдаған қызық видеоны жариялауы мүмкін. Бірақ ол өз өнімі емес қой. Қолдарына түскенді тараптарды тыңдамастан, қаз-қалпында жариялай салады. Яғни, пабликтерде ақпараттық тұрғыдан қызықты ештеңе жоқ. Ал біз сол шағымды жан-жақты тексеріп, тараптарды тыңдап болған соң ғана жариялаймыз. Сапалы, толыққанды ақпараттың бәсі жоғары болатыны сондықтан.

Ақтөбеде этика мен эстетиканың не екенін білетін, қызықты контент түсіріп, оны монтаждай алатын блогерлер де бар. Олар танымал. Бірақ қалай болғанда да олардан біздің бағыт-бағдарымыз бөлек. Ал бәсекелестер туралы айтсам, Ақтөбеде меншікті тілшілер көп. Үнемі ізденіп жүреді. Жазғандары да қызық. Ал олармен санаспауға болмайды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Мұратбек Биманов, ҚФФ БАҚ және қоғаммен байланыс департаментінің директоры: «Коммуникацияда негативті позитивке ауыстыруға болады»

— Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиада бесаспап журналистерге сұраныс арта түскені байқалады. Видео түсіріп, оны өзі монтаждайтын, қажет жағдайда оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, жылдам ақпарат тарататын журналистер бұрын да онша көп емес еді. Қазір оған жасанды интеллект секілді жаңа құралдарды сауатты қолдана білу талабы қосылды. Подкаст секілді жаңа форматтар пайда болды. «Диапазонның» редакциясы ЖИ секілді жаңа құралдар мен жаңа форматтарды қолдана  ма?

— «Диапазонның» тілшілері шетінен бесаспап. Саны аздау. Небәрі төрт-ақ тілші. Бірақ ешқайсысы қол қусырып қарап отырмайды. Қыз-жігіттердің бәрі өздері фото мен видео түсіріп, өздері монтаждайды. Тынбай еңбектеніп жүр.

Былтырдан бері жасанды интеллекті жұмыс барысында қолдана бастадық. Жасанды интеллект көмегімен иллюстрация жасаймыз. Мәтінді бөліп, слайд жасау кезінде де көмегі көп тиеді. Нейрожелі, ChatGPT, жасанды интеллект – осының бәрі болашақта ақпарат саласына түбегейлі өзгерістер әкелері анық.

Біз жаңа құралдармен жұмыс істеуді халықаралық қорлар қаржыландырған семинарлардан үйрендік. Сондықтан өз басым  халықаралық ұйымдардан залал көп деген пікірмен келіспеймін. Олар ешқашан редакцияға саяси көзқарастарын таңған емес. Мынадай нәрселерді жазыңыздар деп те өтінген кезі жоқ. Есесіне қаншама білім алдық.

Ал жаңа форматтарға келер болсақ, подкаст жасай қойғанымыз жоқ. Біз редакцияда бұл мәселені өзара талқылаған болатынбыз. Әзірге күшіміз аздау болып тұр. Бірақ ойымызда бар.

— Білуімше, «Диапазон» – мемлекеттік тапсырыстан да, ол үшін төленетін қаржыдан да бас тартқан санаулы басылымның бірі. Мұндай жағдайда редакцияны кім қаржыландырады? Жарнама берушілер ме, оқырман ба, әлде табыстың басқа көзі бар ма?

— Қай жылы, қай әкімнің тұсында екені есімде қалмапты. Ұмытпасам, Сағындықовтың тұсында болуы керек. Бір рет мемлекеттік тапсырыс алып көргенбіз. Манипуляция басталып кеткендіктен бірден бас тарттық. Әкімдіктен дөкір, дөрекі дауыспен хабарласып, «Ана материалды дереу алып тастаңдар! Сендерге кім рұқсат берді?!» деп әкіреңдегендер болған.

Адам болғасын қателеседі. Ол – заңдылық. Қате ақпарат жарияланған жағдайда тапсырыс беруші сыпайы түрде хабарласып, түзетуді сұраса, оның жөні бір басқа. Ал өзін әлемнің әміршісі сезініп, қоқан-лоқы көрсетуге жол бере алмаймыз.

«Диапазонның» құрылтайшысы – өте экстравагант адам. Мемлекеттік тапсырыс үшін деп алдын-ала төленген миллиондарды әкімдікке апарып, үстел үстіне лақтыра салған. Кейін ол қаржының қалай рәсімделгенін білмеймін. Білетінім — осы оқиғадан кейін біз мемлекеттік тапсырыстан түбегейлі бас тарттық.

Егер әкімдік өзге де жарнама берушілер сияқты шекараны сақтаса, редакция саясатының тәуелсіздігіне кіріспесе, мемлекеттік тапсырыстан ешқандай криминал көріп тұрғанымыз жоқ. Оқырманды алдамай, «мынау ақысы төленген материал» деп таңбалап, газетке шығарар едік.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Бақыт Жаншаева, тілші: «Журналистика - бес батпан бейнет, «жанкештілердің» ғана қолынан келетін жұмыс»

Жарнамаға келер болсақ, ол бұрынғыдай көп емес. «Диапазон» 30-40 мың тиражбен шыққан жылдары жұрт жаппай газет сатып алатын. Сәйкесінше жарнама беруші саны да көп болды. Соңғы жылдары жергілікті пабликтер жарнама құнын қатты түсіріп жіберді. Ақтөбеде паблик көп, жарнама арзан.

Көршілес Маңғыстау облысындағы Lada.kz-пен салыстырғанда, біздің жарнамамыз төрт есе арзан. Өйткені Ақтауда біздегідей жарнамасы су тегін пабликтер жоқ. Сол себепті Lada.kz желідегі парақшаларын табыс көзіне айналдыра алады.

«Диапазонда» жарнама мүлдем жоқ дей алмаймын. Бірақ мол табыс тауып отырғанымыз да жоқ. Ай сайынғы  шығындарымызды өтесек, соның өзіне қуанамыз. Қазіргі таңда шап-шағын ұжым үлкен іс тындырып отыр. Үнемшілдігіміздің арқасында ғана жұмысты жалғастырудамыз. Әрине, тағы бір-екі мықты журналист болса, артық етпес еді. Бірақ штатты ұлғайтсақ, материалдық жағдайымыз қиындап кететін түрі бар.

— Оқырман да, журналистер де кейде лек-легімен кеп жататын негатив жаңалықтар циклынан шаршайтынын аңғарамын. «Атып кетіпті» , «шауып кетіпті» тәріздес біркелкі ақпарат  жұртты қажытып жібермеуі үшін, баланс сақтау үшін қолданатын әдіс-тәсілдеріңіз бар ма?

— Әрине, бар. Мысалы, өмір жолы, кәсібі қызық адамдар туралы жазамыз. Кәсіп деп отырғаным бір жерден алып, екінші бір жерге апарып сататындар емес. Нақты іспен айналысушыларды айтып отырмын. Ондай кейіпкерлер туралы материалдар жақсы оқылады.

Ал егер сіз негатив деп отырған оқиғалар болып жатса, одан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Жазасың. Өз басым адамдар негатив жаңалықтан шаршады дегенге сене алмаймын. Түймедақ туралы жазып көріңізші? Үш адам оқып, бір адам ғана лайк қояды. Ал «атып кетіпті», «шауып кетіпті» деген жаңалықтың қаралымы да көп, оған желіде пікір жазушылар да аз емес. Яғни, оқырманның қызығушылығы әрдайым жоғары.

Байқағаным, адамдарға адамдар туралы оқыған ұнайды. Басқа сайттарды білмеймін, бізде әлеуметтік ақша туралы материалдар да жақсы оқылады. Зейнетақы мен жәрдемақы көбейіпті деген хабар, болмаса әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеу жолы туралы кеңес оқырманға анағұрлым өтімді. Алматыда олай емесіне сенімім мол. Өйткені алматылықтардың тұрмыс деңгейі бөлек. Біздің адамдарға Форбс тізіміндегі бизнесмендер мен олардың табысынан гөрі күнкөрісі маңыздырақ. Бұл өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болса керек.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақбаян Сұлтанмұратова - медиадағы атақтар, тапсырыспен қаралау, фактчек пен дата-журналистика жайлы

— Адамдар демекші, бұрынғыдай «Құрметті редакция…» деп бастап хат жолдаушылар бар ма? Болса олар не туралы жазады?

— Редакцияға әлі де конвертпен хат келеді. Тұрақты түрде хат жолдайтын оқырманның бәрін танимыз. Олар жеке басының проблемасын, шағымын жазбайды. Өзі тұратын елді-мекендегі өзгерістер, тағдыр талайы ерекше адамдар туралы жазады.

Әрине, шағым айтып хат жолдайтындар да бар. Оның жөні бір басқа. Бірақ қаламақы алмаса да үзбей хат жолдайтын оқырмандарымызға деген құрметіміз айрықша. Мысалы, Қандыағаш қаласында тұратын Мақсат Хамитов деген кісі бар. Үнемі хат жолдап тұрады.

Ойлап қараңызшы, ол кісі ерінбей қолына қалам алады, хат жазып, оны поштаға апарады. Конверт сатып алатын болар. Осының бәрі еңбек емес пе? Мақсат Хамитов секілді тұрақты оқырманнан келген әрбір хат бізді таңдандырады әрі қатты қуантады.

— Оқырмандарыңыз көп болсын! Сұхбатыңызға рахмет, Елена!

Марат Төлепберген,
арнайы Tilshi Media үшін

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *